Азамат Айманақұмов: «Әкімді халық таңдайды»

ajmanakumov Саясат

Биылғы 5 қарашада, яғни жексенбі күні Атырау облысындағы Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімдерін сайлау пилоттық режимде өтеді.  Сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр, қандай кемшіліктер бар, бұл жүйені тұрғындар қалай қабылдауда? Осы сауалдар төңірегінде Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманақұмовпен сұхбаттасқан едік.

– Азамат Мақсотұлы, қазіргі уақытта Исатай мен Қызылқоға аудандары әкімдерін сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр? Бұл аудандарда қанша сайлау учаскесі бар? Сайлаушылар саны қанша?

– Мемлекет басшысының қала, аудан әкімдерін тікелей сайлау арқылы тағайындауы – саяси реформалардың жемісі. Бұл сайлаудың мәні де, маңызы да зор деп айта аламын. Жалпы баршаға белгілі соңғы жылдары еліміздің сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілді. Аудан әкімдерін пилоттық режимде сайлау үшін өткен жылы арнайы құқықтық база қалыптасып, сайлау ұйымдастыру егжей-тегжейлі талқыланды. Атырау облыстық мәслихатының шешімімен 8 қыркүйекте пилоттық режимде дауыс беру үшін Исатай және Қызылқоға аудандары бекітіліп, сайлау өткізу күні – 5 қараша болып белгіленді.

Исатай ауданында жалпы саны – 15 883  сайлаушы  15 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасайтын болады. Қызылқоға ауданы әкімін сайлау 19 сайлау учаскесінде өтеді, онда барлығы 18614 сайлаушы бар. Осылайша, екі аудан әкімдерін сайлауға 34 мыңнан астам адам қатысады деп болжануда, бұл облыс сайлаушыларының жалпы санының 8,5 пайызын құрайды.

– Аталған қос ауданның әкімі болуға қанша үміткер тіркелді? Олардың үгіт-насихат жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Арнайы сайлау талаптарына сәйкес, 5 қазанда аудан әкімдеріне үміткерлерді ұсыну аяқталды, ал 10 қазанда оларды тіркеу тоқтатылды. Сайлау науқаны 4 қарашаға дейін жалғасады. 5 қарашадағы сайлауға екі ауданнан үш үміткер қатысатын болады. Үгіт-насихат  кандидаттардың жоспарларына сәйкес жүргізіледі.

– Орталық сайлау комиссиясының төрағасы біздің өңірде жұмыс сапарымен болды. Төраға екі аудандағы сайлаудың дайындығына қандай баға берген еді?

– Иә, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапармен Атырау облысына келген болатын. Аймаққа сапары барысында Орталық сайлау комиссиясы аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты. Олар алдымен С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті. Одан әрі Орталық сайлау комиссиясының басшысы Исатай ауданында болып, Қамысқала ауылдық округінің әкімі және тұрғындарымен кездесулер өткізіп, Аққыстау ауылында – Исатай ауданының орталығында жастармен пікірлесті.

Сондай-ақ, арнайы делегация Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы №159 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен де танысып,  Мұқыр ауылдық округі әкімінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен дәстүрлі кездесу өткізді. Миялы ауылындағы №144 сайлау учаскесінде Қызылқоға ауданы орталығының жастарымен әңгімелесу өткізді. Қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров ағымдағы сайлау науқанының барлық кезеңдерінде Атырау облысының дайындығына оң баға берді.

– Сайлауда QR коды арқылы дауыс беруге бола ма?

– 5 қарашада бүкіл Қазақстан бойынша аудан әкімдерінің сайлауында QR-код арқылы қашықтықтан дауыс беру қолданылмайды.

– Атырау облысында пилоттық режимде өтіп жатқан аудан әкімдерінің сайлауына байқаушылар қатыса ма?

– Бұрынғы өткізілген сайлау науқандарының тәжірибесіне сүйене отырып, халықаралық байқаушылар ҚР Президентін, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына ғана қатысады. Ал, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қатысты сайлауда мониторинг жүргізбейді.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы»  ҚР Конституциялық Заңының 20-1-бабына сәйкес бақылаушылар ретінде саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан қазақстандықтар жіберіледі. Олардың барлығы өздерінің аккредиттеу құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына, ал өңірлік қоғам қайраткерлері тиісінше облыстық аумақтық сайлау комиссиясына ұсынуға тиіс.

Бүгінгі таңда Атырау облысы бойынша 11 қоғамдық ұйым аккредиттеуден өтті, олардың жарғылық қызметінде сайлауды бақылау құқығы көзделген. Аккредиттелген қоғамдық ұйымдардың тізімімен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының сайтынан танысуға болады.

Тағыда ескерте кетейін, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы осы жылдан бастап пилоттық режимде өткізіле бастады, ал 2025 жылдан бастап қалған аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді.

Сұхбаттасқан Надежда ШИЛЬМАН

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз