Атырау облысында екі аудан әкімдерін пилоттық сайлауы өтеді

avav Саясат

Биылғы 5 қараша күні Атырау облысының Исатай және Қызылқоға аудандары әкімдерінің пилоттық сайлауы өтеді.

Сайлау туралы Конституциялық заңның 113-1-бабына сәйкес аудандар әкімінің сайлауын тағайындауға пилоттық өңірлердің тізбесін және сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы мәслихаттың шешімі негіз болып табылады.

Өкілеттікке сай, Атырау облыстық мәслихаты 2023 жылғы                                 8 қыркүйектегі №48-VIII шешімімен пилоттық режимде сайлау өткізу үшін Исатай және Қызылқоға аудандарының тізбесін бекітті, сондай-ақ сайлау күнін 5 қарашаға белгіледі.

Аудан әкімінің сайлауын тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде елу күн бұрын тағайындайды.

Сәйкесінше, Исатай және Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі қаулыларымен 5 қарашаға аудандар әкімдерінің сайлаулары тағайындалды, сайлау округтері құрылды және сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарлары бекітілді.

Сайлау күні туралы хабарламалар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда және сайлау комиссияларының atyrau.gov.kz интеренет-ресурсында орналастырылды.

Анықтама: Исатай ауданында 15 сайлау учаскесі, 15 982 сайлаушы бар. Қызылқоға ауданында 19 сайлау учаскесі, 18 884 сайлаушы бар.

Күнтізбелік жоспарларға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні, яғни 16 қыркүйекте басталып, сайлауға отыз күн қалғанда, яғни 5 қазанда, жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Егер ұсыну мерзімі аяқталған күнге әкімге екіден аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады.

Кандидаттар келесі жолдармен ұсынылуы мүмкін:

1) өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар арқылы. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;

2) дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады.

Бұл ретте жоғары тұрған әкім ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.

Талаптарға сәйкес жасы 25 жастан кіші емес ҚР азаматы болып табылатын кандидатты тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.

Конституцияға сәйкес сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Конституциялық заңға сәйкес заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі бар адамды сот әкімге кандидат бола алмайды.

Аудан әкімі мемлекеттік саяси қызметші болып табылады сондықтан, кандидаттарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы                          31 желтоқсандағы №485 Жарлығымен бекітілген жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарымен белгіленген жұмыс өтілі мен қызмет түрі, білімі бойынша қосымша талаптар қойылады.

Конституциялық заңның 113-2-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімге кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі бірлескен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 21 маусымдағы №102 бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 маусымдағы №4/407 қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынуы қажет. Олар құжаттар келесідей:

1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) кандидаттың қызметтік тізімі;

3) еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері;

4) білімі туралы құжаттар мен олардың қосымшалары көшірмелері.

Кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күніне 25 күн қалғанда, 10 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен яғни сайлау күніне 25 күн қалғанда басталады, және сайлау күніне дейінгі күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады.               10 қазан сағат 18.00-ден 4 қараша сағат 00.00-ге дейін.

Сайлау алдындағы үгітті өткізу Сайлау туралы конституциялық заңмен реттелген.

Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi               5 қарашада жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Сайлау қорытындыларын ауданның аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді.

Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат сайланған әкім болып саналады.

Сайлау комиссияларының мүшелерін аудан әкімдерінің сайлауын өткізу және ұйымдастыру бойынша оқыту жүзеге асырылады.

Сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан орындары, сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар atyrau.gov.kz интернет-ресурсының «Сайлау» бөлімінде орналастырылған және жергілікті аудандық «Нарын таңы», «Қызылқоға» аудандық газеттерге жарияланатын болады.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

тел. 319971, 354461

интернет-сайт: atyrau.gov.kz

tic_atr_obl@saylau.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз