ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

Биыл Жұмыскер елді мекенінде орналасқан Исатай Тайманов атындағы орта мектепке 75 жыл толғалы отыр. Осы орайда білім ордасының негізін қалаушылардың бірі, ардагер ұстаз Сенғали Ермеков туралы айтпай кету мүмкін емес.

Сонау 1938 жылдан басталатын бұл мектептің тарихын осы кісіден артық білетін адам жоқ болар. Бастауыш мектепте өмірінің соңына дейін қызмет жасап, бірнеше буын жастарды тәрбиеледі. Оның тәлімін көріп, тәрбиесін алған шәкірттерінің қатарында Атырау облысының әр саласына елеулі үлес қосып келе жатқан білікті мамандар аз емес.

Сенғали Ермеков – оқушыларды ғана емес, жас ұстаздарды да тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ата-анамен жұмыс жасаудың оқушыға тигізер пайдасы мол екендігін қадап айтып, өзі де ұдайы осы бағытта жұмыстанушы еді. Әр сабағын түрліше өткізуге машықтанып, балаларды еш жалықтырмайтынымен-ақ өзге мұғалімдерге үлгі бола білді. Тіпті, оқушыларының сабақтан тыс уақыттағы тірлігін де қадағалап, бос уақыттарын тиімді өткізуге шақыратын, қосымша сабақтар ұйымдастырып, әр оқушының жеке мүмкіншілігіне қарай жұмыс түрлерін жүргізуден еш жалықпаушы еді. 
Алдына келген жанға қол ұшын беруге әркез даяр тұратын үлкен жүректі адам екендігі көптің есінде қалғаны мәлім. Соғыста қаза болғандардың есебін алып, әкімшілік арқылы жартылай жетім балаларға ыссы тамақ бергізуге, жылы киім алуға жәрдемдескені де жұрт жадында. Оның өнегеге толы өмір жолы мен білім беру саласындағы ізденістері, жетістігі кейінгі буынға үлкен сабақ аларлық мектеп болды. Осындай ұлағатты ұстаз есімі ескерусіз қалмаса екен деген шынайы тілегімізді білдіреміз.

Құлназар
МОЛДАҒАЛИЕВ,
Сәбила АМАНОВА,
зейнеткер ұстаз,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз