Қырдағы қыстақтың жайы қалай?

qyrdagy qys Қоғам

Мал қыстату  – ауыл шаруашылығындағы маңызды маусымдардың бірі. Осынау жауапты науқан облыста қалай өтуде,  сын кезеңде сыр бермес үшін қандай қарекет жасалды? Қырдағы қыстақтың жайы қалай?  Біз осы жағдайға назар аударып көргенбіз.

Шөп те, жем де жеткілікті

Мәселен, Индер ауданында мал қыстағына 149 873 түлік түсіп отыр. Осынша мал басы 281 орында қыстатылуда. Қазіргі таңда ауданда 8 шаруашылық асылтұқымды мал өсірумен айналысса, 91 шаруа қожалығы атакәсіппен шұғылданады.

 Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың айтуынша, мұнда қажетті қыстық мал азығының жеткілікті қоры жасақталған. Осы мақсатта 67 мың тонна шөп пен 9 200 тонна құрама жем дайындалыпты. Пішеннің дені көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағындағы шабындықтардан әзірленсе, мүмкіндіктеріне қарай науқанды ауданның өз жерінде өткізген шаруашылық құрылымдары да баршылық. Ал, құнарлы мал азығы болып есептелетін құрама және кебек жемнен тапшылық болмауы үшін шаруагерлер Орал қаласындағы «Желаев ұн өнімдері комбинаты» АҚ-мен және Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС-мен келісім-шартқа отырған. Соған сәйкес, қажеттілігіне қарай жем кез-келген уақытта тасымалданып, жеткізіліп беріледі.

– Қыс мезгілі дегенмен ауа райының қолайлы болуына байланысты мал күні кешеге дейін қолға қарап, қораға тұрған жоқ. Осының өзі қыстық азықтың қорын сақтап, барды үнемдеп жаратуға септігін тигізуде. Қыс кезінде төрт түліктің судан тапшылық көрмеуін ойластырып, каналдарды алдын ала суға толтырып қойғанбыз. Бұл сын кезеңнен сүрінбей өтуге кепілдік берері сөзсіз, – деді салалық бөлім басшысы.

Құдықтың жоқтығы қиындық келтіреді

Облыстағы малды өңірлердің бірі – Жылыой ауданындағы «Жаңа таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен шаруа қожалықтарындағы мал 170 орында қыстатылып отыр.

– Аудан бойынша қыстаққа түскен малға 58000 тонна мал азығы қажет болатын. Өткен жылдан қалған 2682 тонна шөпті есепке алғанда, кезекті маусымда нақты 55300 тоннадан астам ірі сабақты мал азығы дайындалып, жоспар толықтай орындалды. Айта кетерлігі, былтыр Жем өзенінің арнасы суға толып, керекті шөптің бір бөлігін өңірімізден әзірлеп алудың мүмкіндігі туған еді. Жетпегенін жылдағыша көршілес Қызылқоға, Ақтөбе облысының Байғанин, Ойыл, Темір аудандарынан тасымалдап жеткіздік. Дегенмен, малды суару мәселесінде біраз қиындықтардың туындағанын жасыра алмаймыз. Бұрынғы кездердегідей әр қыстақтың басынан табылатын құдық жоқтың қасы. Оның үстіне, қыста қар болмаса судан тапшылық көріп, қиналып қалатын сәттеріміз де жиі кездеседі,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев.

Малшы ауылдармен қатынас қалыпты

Облыс орталығынан шалғайдағы Қызылқоға ауданының малшылары да сын кезеңнен сүрінбей өтудің қамын жасаған. Мал 60-тан астам орында қыстатылуда. Қысқа қажетті 137591 тонна мал азығы артығымен дайындалды. Жем-шөптің жеткілікті қорын жасақтап, бағасын тұрақтандыру үшін мемлекет меншігіндегі бос жатқан жерлерден шабындық мақсатына ауылдық округ әкімдіктеріне жалпы аумағы 62 227 гектар жер учаскелері берілді. Ал, ауылдық округтер әкімдері мал азығын дайындаушыларға жер бөліп, 25 мал азығын дайындаушымен меморандумға отырды. Осылайша,  жергілікті шаруалар салмағы  200 кг шөпті – 5000 теңгеден, 300 келілігін 7000 теңгеден асырмай, жеке қожалықтар мен ауыл тұрғындарына сатты.

Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларына жем-шөппен көмек көрсетілді. Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында  арнаулы техникалар алынып, олар ауылдық округтердің теңгеріміне берілген. Қазіргі таңда қыстақтарда жем-шөп қоры жеткілікті, малшы ауылдарға жол қатынасы қалыпты. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінен алынған ақпараттан осы жағдайларды аңғардық.

 Жасыратыны жоқ, өткен жылдың соңында жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан Сағыз өзені суының деңгейі көтеріліп, күнделікті көлік қатынасына бөгет болып, сол аумақтағы елді мекендер мен шаруашылықтарды біраз әбігерге салғаны бар. Алайда, бұл жағдай жөнге келтіріліп, қалыпты арнасына түскенін аудан әкімдігіндегі жауапты мамандардан білдік.

Асыл тұқымды түлікке – айрықша назар

 Құрманғазы ауданында асылтұқымды түліктердің бағым-күтіміне айрықша назар аударылуда. Атап айтқанда, осы шаруамен шұғылданатын «Мақаш», «Құрманғазы» өндірістік кооперативтері мен «Сүйіндік», «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінде 25400 бас қой бар. Қыстақтардың саны 40-қа жуықтайды.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың мәліметінше, өңір жем-шөп қорымен жеткілікті қамтылған. Қуатты да алымды арнаулы көліктер алыныпты. Олар ауылдық округ әкімдіктерінің, сонымен бірге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, «Құрманғазы жолдары» мен «Құрманғазы су арнасы» кәсіпорындарының теңгеріміне берілген.

Өңірлердегі ахуалды саралай келе, тұтастай облыста сын кезеңнен сүрінбей өтудің қамы жасалып жатқанына көз жеткізгендей болдық.

Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз