Қаһармандар қасымызда жүр…

screenshot 14 2 Қоғам

БИЫЛ ЕЛІМІЗДІҢ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 27 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. ҚАЗАН АЙЫНЫҢ 19-Ы ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ РЕТІНДЕ АТАЛАТЫНЫ ДА БЕЛГІЛІ.

– Құтқарушы болу – әрдайым жоғары дайындықты, кәсіби іскерлік пен біліктілікті, тиянақтылық пен қырағылықты талап етеді. Бұл ретте адамдардың өмірін сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған оларға жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов атаулы дата мен құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай өткен шарада.

Бұдан кейін Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Асхат Ержанов қызметтерінде айрықша жетістіктерімен көрінген, өзгелерге үлгі болып жүрген бір топ қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге, оларға Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы әкімінің атынан жазылған Алғыс хаттар ұсынылды. Ал, азаматтық қорғау сержанты Асланбек Унашевқа екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.

Осындай құрмет өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстық департамент басшылығы тарапынан да көрсетілді. Атап айтқанда, батылдық пен ержүректілік танытқан жігіттер салалық министрліктің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және зардаптарын жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен және «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Айрықшалап айтарымыз, атыраулық Евгений Русаков «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін кеудесіне тақты. Биылғы қыркүйек айының 2-сі күні 16 жастағы Евгений Владимирович Жайық өзенінің үстінде кетіп бара жатқан катамараннан құлап, суға батып бара жатқан үш жасар баланы еш ойланбастан құтқаруға асықты.

Шұғыл әрекет етіп, қимылдағанының арқасында қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермеді. Сонымен бірге, ұл-қыздарын ерлікке тәрбиелеген аналар мен азаматтардың жұбайларына «Аналарға мың тағзым» медалі мен «Офицердің жұбайы» төсбелгісі тапсырылды.

Өз тілшіміз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз