Мың алғыс қазақ еліне!

91b7d452 a194 4b85 9c4b 1ff9875ded8b Қоғам

Өмір жолы өзіндік өрнегімен өрілген, өзгелер өнегеүлгі тұтарлық замандасымыздың бірі – махамбеттік татар ұлтының өкілі Лариса Фаритқызы Хабирова.

Махамбет орта мектебінде (бүгінде Есенбай Ағелеуов есімімен аталады) бізден бір жыл кейін орыс сыныбында оқыды. Оның меңгерген мамандығы ихтиолог болатын. Гурьев Теңіз балық өнеркәсібі техникумын тәмамдаған. Әкесі де саналы ғұмырын балық шаруашылығы саласында өткізді. Анасы – Клавдия (орыс ұлтынан), Махамбет орта мектеп-интернатында қарапайым жұмыс атқарды. Қолы шебер, ісмер адам болатын. балаларға арнап киім тігуден бөлек оқушыларға еңбек пәнінен дәріс беретін. Өкініштісі, өмірден ертелеу өтіп кетті.

Кейіпкеріміз – отбасындағы үш қыздың ортаншысы Ларисаның бала күнінен арманы, көздеген мақсаты әке жолын жалғастыру еді. Сол үшін арнаулы орта білім алып, балық өндірісіне қажетті мамандықтың бірін меңгеріп шықты. Техникумда өзімен бірге оқып, жатақханада тұрған қызылордалық кәріс ұлтының өкілі Аркадий есімді жігітпен танысып, соңы достыққа, махаббатқа ұласты. 1983 жылдың қаңтар айында екеуі бас қосып, шаңырақ көтереді.

– Техникумды бітіргесін жолдасым екеуміз жолдамамен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Зайсан қаласына бардық. Осылайша, еңбек жолымыз сол өңірден басталды. Дегенмен мұнда ұзақ уақыт бола алмадық. Көп кешікпей Атырауға қайта оралдық. Осында, кіндік қаным тамып, туып-өскен алтын бесігім – Махамбет ауылында тұңғышымыз Дмитрий өмірге келді. Аркадий аудандық балық қорын қорғау инспекциясында қатардағы маманнан мекеме басшысына дейінгі жолдан өтті. Ал, өзім бастапқыда мамандығым бойынша, кейіннен гидрометеорологиялық бекетте гидролог болып жұмыс жасадым. Екінші Сергей есімді ұлымыздың дүниеге келгені шаңырағымызды шаттыққа кенелтіп, қуанышымызды еселей түсті,- дейді ол.

Алдындағы апасы Татьяна мен соңынан ерген сіңлісі Галина екеуі ерте бастан қыз-қыз қайнаған қаланың тіршілігіне еніп, сол ортада өз шаңырақтарының түтінін түтетіп отыр. Ал, туған жерінен кіндігі қыл елі ажырамаған, қазақы ортаға бауыр басып кеткен Лариса ауылда жұмыстың реті болмағандықтан он жылдан астам уақыт Атырау қаласында қызмет жасады. Сонда да күнде барып-келіп жүретін. Ақырында бәрін де қойып, жасы ұлғайып, ауру-сырқауы көбейген әкесін қартайған шағында жалғызсыратпай, қолына алып бағуға бекінді. Жұбайы мен балалары отанасының бұл қадамын құптап, қарсылық білдірмеді. Қайта қуана қош алды. «Жас өспей ме?..» демекші, қос ұлы да аман-есен ержетіп, азамат атанып, шаңырақ көтеріп, бірі қазақтың, бірі кәрістің қызына үйленіп, өз алдарына отау тікті.

Әке-шешесіне немере, атасына шөбере сүйгізіп, ұлықты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп өсіруде. Бәрі де халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанған.

– Әкем екінші немересі Сергейді қасынан қалдырмады, оған кішкентайынан көлік жүргізуді үйретті. Балық аулауға бірге баратын. Қармақты қалай жасауды, құруды үйретті. Ол да атасының айтқандарын екі етпей қағып алатын. Жалпы алғанда, жанұямызбен осы кәсіпке әуес жандармыз. Шынымен балық аулау бір жағынан кәсіп болса, екіншіден табиғат аясына шығып, таза ауада жүру денсаулыққа пайдалы. Әрі табиғаттың адам баласына берген баға жетпес байлығын аулаумен қатар аялау керектігін де ұғынасың. Ал, өзімнің мамандығымнан бөлек машығым – іс тігу. Бұл өнер маған анамнан дарыған. Ол кісі мектеп-интернатта іс тігумен айналысып қана қоймай, оны шәкірттеріне үйретіп, дәріс өткізді. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде сабақтан кейін анамның жұмыс орнына баратынмын. Оның қолынан шыққан киімдерге, оның саусағынан өнер тамған шеберлігіне, мамандығын қаншалықты сүйетініне таңырқай қарап, қатты қызығатынмын. Мұнда аудан орталығынан шалғайда тұратын ауылдың, малшылардың балалары оқитын. Олар тек ана тілінде, яғни таза қазақша сөйлейтін. Мен орысша зуылдатып жатқан кезде, «сен өтірік сөйлеп жатқан сияқтысың» деп тосырқай қарайтын. Қазақтармен көрші тұрып, қазақ балаларымен бірге ойнапөстік. Десек те, шын мәнісінде қазақ тілін сол интернатта оқып жатқан ауыл балаларымен сөйлесу арқылы үйрендім. Оның қаншалықты қоры көп, бай тіл, ал қазақ деген халықтың көңілі даласындай дархан, пейілі кең екенін байқадым. Өзімнің балаларым да қазақша сөйлегенде мүдірмейді. Содан да болар, мен өзімді қазақпын деп санаймын. Оның үстіне, қазақтармен көптен бері іргесі құтты көршіміз, құдай қосқан құдамыз, татулығы мен сыйластығы жарасқан туыспыз. Қолым қалт еткенде қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, тұрғындардан арзан бәсіне тапсырыс қабылдаймын. Қажет кезінде тегін де тігіп беремін, сыйға да тарту етемін, – дейді Лариса бір сәт бойын мақтаныш сезімі кернеп.

Соның куәсіндей, орыстың да, кәрістің де, қазақтың да салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстанып, ұлттық мерекелерін бірге атап өтеді. Осыны айтқан Лариса Хабирова әсіресе, қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығын ерекше құрметтейтінін жасырмады. Құдаларының Рамазан айында ауызашарға шақыратынын, өзінің де ораза ұстауға ниетті екенін айтты. «Тілейтінім – еліміздің тыныштығы мен қаймағы бұзылмаған бірлігінің, тату тірлігінің сақталуы. Қазақ еліне әркез алғысымызды айтып жүреміз. Ертеңгі күннің бүгінгіден де жарқын болатынына сенеміз»деді кейіпкеріміз.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз