«ЕЛБАСЫМЕН ЖҮЗДЕСУ ЖАНЫМЫЗҒА ШУАҚ, КӨҢІЛІМІЗГЕ ҚУАТ СЫЙЛАДЫ»

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті әдеттегідей еліміздің аруларын Ақорда төріне жинап, қабылдады. Бұл қабылдауға біздің облысымыздан «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының Құлсарыдағы өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және пайдалану цехының темір жонушысы Майра Тәжімұханқызы Аманова мен Атырау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінің басшысы Гүлжан Ибатқызы Лұқманова қатысқан болатын. Өткен сенбі күні олар Елбасының салтанатты қабылдауынан кейін Атырауға оралды. Біз оларды Атырау әуежайына келіп түскен беттерінде қарсы алып, әңгімеге тартқан едік.

 Майра Аманова, «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының Құлсарыдағы өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және пайдалану цехының темір жонушысы:

– Елбасының қабылдауынан алған әсерім шексіз. Еңселі Ақордада болып, еліміздің бірінші адамының алдын көру, оның құттықтау сөзін тыңдау жанымды үлкен толқу сезіміне бөлегені рас. Бұл мен үшін зор қуаныш болды.

Өзім «Жылыоймұнайгаз» мекемесінде 25 жылға жуық уақыттан бері токарь болып жұмыс істеп келемін. Сонау 1989 жылы Атырау кәсіптік-техникалық колледжінен (бұрынғы училище) темір жонушы мамандығын алғанмын. Жұрттың көбі әйел адамдар үшін ауыр мамандық санайтын осы кәсібімді өзім қатты сүйемін. Темірмен жұмыс істеу маған ләззат сыйлайды. Мекемедегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамын. «Ембімұнайгаз» ӨФ бастығының Алғыс хатымен марапатталдым. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Волейболдан спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Мекемедегі «Қыздар ансамблінің» әншісімін. Отағасым Сыражан Замадинов «ЮРСС» мекемесінде электрик болып жұмыс жасайды. Өмірге төрт перзент әкеліп, тәрбиелеп отырмыз.

Гүлжан Лұқманова, Атырау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінің басшысы:

– Көктемнің алғашқы шұғылалы күндерінде бізге Президентіміз, халқымыздың ардақты ұлы Нұрсұлтан Әбішұлымен жүздесу бақыты бұйырды. Кісіні сыртынан білу бір басқа, жүзбе-жүз көру бір басқа ғой. Елбасы бәрімізді құттықтап, айтқан лебізімізді ықыласпен тыңдап, жұмысымыздың алға басуына тілекші екенін білдірді.

Мен осы көші-қон қызметі саласында көп жылдан бері жұмыс жасап келемін. Еңбегім жеміссіз емес.  «Ішкі істер органдарында мінсіз қызмет атқарғаны үшін ІІ және ІІІ дәрежелі медальдарымен» және «Қазақстан полициясына – 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, «IIМ-дегі үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Жұбайым екеуміз отбасында төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Отағасым ішкі істер органдарының қызметкері, Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бөлім басшысы. Мен келін боп түскен әулетті Атырау жұртшылығы ішкі істер органдары қызметкерлерінің династиясы деп атайды.

Бір сөзбен айтқанда, біз Елбасы қабылдауынан зор әсер алып, қанаттанып қайттық. Бұл біздің әр күнгі еңбегімізге еселенген шабыт береді.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз