CТЕПАН КУЛЬЧАНОВСКИЙ: «ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ»

Бүгінде еліміздің кең байтақ даласында сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері татулық пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Елбасының сарабдал саясаты, даналығы, парасаттылығының арқасында мемлекетімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдеріне  өз тілдері мен дінін, ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстануға толық жағдай жасалған. Ал, олар өз кезегінде айрандай ұйыған бірлігімізді қадір тұтып, мемлекеттік тілімізге де оң көзқарас білдіруде.  Кемел келешектің кілті – қазақ  тілінде екенін мойындаған өзге ұлттың біраз өкілдері бүгінде қазақ тілін меңгеріп алған. Солардың қатарында бүгінгі кейіпкеріміз Степан Кульчановский да бар.

Қазір Владимир Кульчановский «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалында аймақтық есептеу орталығының ақпараттық технологиялар жүйелері саласында лауазымды қызмет атқаруда. SAP ақпараттық жүйелерін дамытумен, өндірістік және ғылыми-зерттеу бағытындағы инженерлік, экономикалық мәселелердің шешімін табумен айналысады.   

Оның айтуынша, компания қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеруін қолға алып отыр. Аптасына екі рет арнайы қазақ тілі сабақтары жүргізіліп отырады. Қызметкерлер екі топқа бөлініп, деңгей бойынша тіл үйренеді.

– Ұстазымыз – өте білікті, парасатты адам. Ана тілін терең үйренуімізге бар күш-жігерін салып бағуда. Сондай-ақ, аудармашыларымыз да бар. Қауырт жұмысқа қарамастан, олар қызметкерлерге көмектесуге әрдайым дайын. Бұған қоса, жыл сайын бізде әртүрлі тақырыптарда қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында байқаулар мен фестивальдар өткізу дәстүрге айналған. Мұндай шаралар ұжымды біріктіруге, қазақ тілін меңгеруге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді С.Кульчановский әңгіме барысында.

Ол Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келгенімен, кейін Көкшетау қаласына көшіп кеткен. Сол жақта жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық иесі атанады. Мемлекеттік тілге деген ынта мен қызығушылығы бала кезінен басталған. Ал, қазір ол қазақ тілінің әрбір азаматқа аса қажет екендігін жан жүрегімен түсінеді.

– Әкем өмір бойы көлік жүргізушісі қызметін атқарды. Ал, анам үй шаруасымен айналысты. Ата-анам әпкем екеумізге жақсы тәрбие берді. Әкем 2010 жылы бақилық болған. Үнемі еліміздің бірлігін, тату-тәтті тірлігін үлгі етіп, елді сыйлау, қазақ тілін құрметтеу туралы ұлағат сөздерін айтып отыратын. Содан шығар, қазақ тілін меңгеруді парызым санадым. Өйткені, менің ойымша, әрбір қазақстандық қазақ тілін білуі міндетті, – деп, Степан Владимирович бізбен әңгімесінде ана тілімізде сайрап тұрды. 

Кейіпкеріміз жары қазақ қызы Айнельмен Астана қаласында танысқан екен. Олар отбасында екі бала тәрбиелеп отыр. Шаңырақтың шырайын келтіріп отырған Айнель мен Степан қос перзентіне кішкентайынан мемлекеттік тілдің барлық ерекшеліктерін ұғындырып, отбасында қазақ тілінде сөйлесуге тырысады. Осыдан төрт жыл бұрын жас маман қызмет бабымен Атырау қаласына шақырту алғанда, жұбайы еш мүдірместен мұнайлы өңірге зайыбымен бірге баруды шешті. Олардың айтуынша, жергілікті тұрғындар қазақи кеңпейілмен жылы қабылдап, ортаға тезірек сіңісіп кетуге үлкен ықпал етті. Сондай-ақ, мұнайлы өлке болғандықтан, мұнда шетелдік азаматтар көптеп келеді. Алайда, ана тілге деген құрмет оларды ерекше екендігі тәнті еткен. 

– Әрине, қазақ тілі – өте күрделі және бай тіл, – дейді кейіпкеріміз.- Сондықтан, ана тілін меңгеру өмір бойы жалғасуы тиіс сабақ деп білемін. Қазақтың көркем тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін көрнекті ақын-жазушылардың біртуар туындыларынсыз көзге елестету мүмкін емес. Тілді білу – бұл елге деген құрмет. Қазақ тілін 1 сыныптан бастап үйрене бастадым. Ал, 6 сыныпта Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейіне оқуға қабылданғанымда мемлекеттік тілдің қыр-сырына, оның ерекшеліктеріне терең үңіле бастадым. Жақсы маман болып шығуыма тікелей ықпалын тигізген осы оқу орны деп есептеймін. Соның нәтижесінде жергілікті тұрғындармен еркін сөйлесуге, оларды түсініп, өз ойымды жеткізуге мүмкіндік алдым.    

Ұжымдастары Степан Владимировичті жауапкершілігі жоғары, жұмысқа қабілеті мол, қиын кездерде үнемі қолдау білдіруге дайын азамат, өз ісінің үздігі ретінде таниды.

Жұмыспен қатар компанияның қоғамдық өміріне де жиі араласатын кейіпкеріміз қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын және түрік тілдерін де меңгерген. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Степан үшін тілді білу, соның ішінде ана тілін меңгеру ең басты міндет екенін әңгіме барысында аңғардық. Осы орайда, жүрегі елім деп соққан азаматтың бұл қасиеті өзге қандастарымызға да үлгі екенін айта кеткен жөн. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз