Атырауда суицид неге «сəнге» айналды?!

fitpalqq4stwqaozwutetdfwnckqlrmowvigjzzp Қоғам

«23 жастағы атыраулық он алтыншы қабаттан секіруге оқталды», «Жұмыскер Балықшы көпірінің үстінде белгісіз адам суға секірмекші болған», «Алмагүл» шағынауданында жоғары қабаттан әйел адам құлап, жазым болды», «Атырауда жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады…» ақиқаты сол, соңғы кезде әлеуметтік желідегі осындай мәтінді ақпараттан көз сүрінеді. Адамның өз-өзіне қол жұмсауының себеп-салдарына жеткілікті дәрежеде мән берілмей отырғаны рас. Әйтпесе, бұғанасы бекімеген баланың мұндай қадамға баруына не себеп? Жалындап өсіп келе жатқан жеткіншектің жігерін кім жасытты?! Осы тәріздес таңқалдырып, таңдай қақтырарлық сауал көп. Тіпті, суицид «сәнге» айналған ба дерсің…

ҚОҒАМ ҚАСІРЕТІ

Атауының өзі суық естілетін мұндай жөнсіздікке адамның не себепті баратыны өзіне ғана мəлім. Бірақ, өзіне-өзі қол жұмсаған пенде оның салдары өзгелерге де тиетінін ескеріп жатпайтыны өкінішті. Оның біз ойлағаннан да терең салдары бар, ол – тек бір адамның ғана жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас əлеуметтік-экономикалық жоғалту. Арнайы жүргізілген зерттеулер нəтижесі көрсеткендей, осындай бір ғана оқиға 10-20 жасөспірімнің бойында суицидтік мінез-құлық қалыптастырса, 100-200 жасөспірімді суицидтік санаға алып келеді екен. Анығында, психологиялық тұрғыда қалыптаспаған, кəмелеттік жасқа толмаған балаға замандасы, не танысы өз-өзіне қол жұмсаған сəтте «мүмкін емес» нəрсе «мүмкін» болып көрінеді. Сонда саналы немесе бейсаналы түрде ол өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көруі де ықтимал.

Бұдан соң бірі мəңгілікке мұндай ойдан арылса, ең қауіптісі – енді біріне «ұнап қалуы» мүмкін. Ал, мұның соңы орны толмас қайғы ғана емес, əуелі отбасына ауыр соққы, жақын туыстарын күйзеліске, депрессияға ұшыратады. Психологиялық ауруға душар болудың салдары тіпті, туыстарының да өз-өзіне қол жұмсауына соқтырады. Адам суицидке бармас бұрын айналасындағы туған-туысын, артында қалар отбасының жағдайы туралы ойланғаны жөн бе дерсің. Бірақ, бұл да кей жағдайда айтуға ғана оңай болар, бəлкім… Осындайда, төрт жыл бұрын көпірден секірмек болған қызды құтқарып, өзі ажал құшқан полиция қызметкері Шалқар еске түседі. Көбінесе мұны «бір Алланың ісі» деп ақтап алмақ болғанымызбен, біреудің ойланбай жасаған əрекеті екінші адамның өмірін алып кететіні кім-кімнің болсын кеудесінде өкініш туғызары анық. Міне, бұл да суицидтің бір салдары!..

ЖЕТІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша, былтыр балаларға қатысты 2 мыңнан астам қылмыс жасалған (2021 ж. – 2088). Оның 719- ы (2021 ж. – 920) – жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс, ал 155-і (2021 ж. – 144) – балалар арасында суицид оқиғасы. Елімізде осыншама жастың суицидке баруы – жағдайдың күрделілігінің көрінісі. Осы деректердің өзі-ақ Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау себептерін əлі де терең зерттеу қажеттігін, оның алдын алу шараларын қолға алу керектігін аңғартады.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердəулеттің мəлімдеуінше, жыл басынан бері облыста 19 адам өзіне-өзі қол жұмсауға оқталып, оның 7-уі қаза тапқан. Олар мұндай қадамға ата-анасымен келіспеушілік салдарынан, сүйіктісінен айырылу, қаражаттан қысылу, несие төлей алмау, өз баласын көре алмау себепті барған. Адамның суицидке бару себебі де əртүрлі, дегенмен соның ішінде бала кездегі түрлі соққылар жол ашатынын ғалымдар əлдеқашан зерттеп қойған. Мысалы, суицид құрбандарының 30 пайызы – отбасы жағдайындағы қатал қарым-қатынас пен зорлықты бастан кешкендер. Демек, отбасында балаға мейлінше мейірімділік танытып, жиі тілдесіп отыру керек.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ЕМЕС…

Өрімдей өрендердің өмірден күдер үзуіне психологтар да ата-ана қамқорлығының жетіспеуі, депрессия, мектептегі əлімжеттік пен кемсіту түрткі болады деген пікірде. Өйткені, зəбір-жапа шегетіндердің дені жанжағын əлі танып болмаған балалар көрінеді. Тіпті, қатар-құрбысының қағытпасын да көңілге алып, өзіне қол салуы ықтимал.

– Суицид – қазіргі қоғамды алаңдатып отырған күрделі мəселе. Ең алдымен, бұл – мінез-құлықтың проблемасы. Яғни, адамның саналы, əрі жоспарлы əрекеті. Ол соңғы кезде ұжымдық сипатқа ие «эпидемияға» айналды. Ғалымдар суицидтің де түрге бөлінетінін анықтады. Біріншісі – «шынайы» суицидке баратын адам өмірден түңіліп, үнемі көңілсіз болып, өмірдің мəнін жоғалтады. Екіншісі – «жариялы» суицид. Оның белгісі – өлместен бұрын өзгелердің назарын өзіне аударуға тырысу, біреумен ренжіссе, қолына суық қару алып, немесе арқан, жіп ала жүгіріп, өлетінін ашық айту. Үшіншісі – жасырын суицид. Мұндайда адам мұның жақсы іс еместігін біле тұра, қиындықтан шығар жол жоқтай көріп, өлімге өзін-өзі итермелейді. Бұл əсіресе, нашақорлық пен алкоголизмге шалдыққандар арасында кездеседі. Егер адам осы əдеттен арылмаса, емделе алмаған жағдайда барады, – дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы, тəжірибелі психолог Лəззат Мəжитова.

Оның айтуынша, жасөспірімдердің суицидке оқталып жүргенін олардың сөзінен де байқауға болады. «Мен одан əрі өмір сүре алмаймын», «енді ешкім үшін проблема туғызбайтын боламын» деген сөздерді жиі қолдана бастайды екен. Тіпті, осы тақырыпта əзілдер айтып, өлім тақырыбындағы əңгімелерге аса қызығушылық танытады. Сондай-ақ, жасөспірімнің мінезқұлқы мен іс-əрекетінде де өзгерістер байқалады. Тұйықталу, ашушаңдық, əлсіздік, үмітсіздік, сабақтан қалу, ортасынан оқшаулану, тағамға тəбетінің өте-мөте көбеюі немесе мүлде азаюы да балалар арасындағы суицидтің басты белгілері болуы мүмкін. Алайда, қандай жағдайда да суицидтің алдын алуға болатын көрінеді. Ол үшін ата-ана баламен қарым-қатынасын жақсартқаны жөн. Себебі, балаға деген махаббаттың артуы кез-келген қиындықтан алып шығады.

«Бала қандай жағдайда да ата-анасының қолдау көрсететінін сезінуі керек. Бүгінгі күннің қалай өткенінен бастап сұрап, əңгімеге тартқан жөн. Кешкі асты бірге əзірлеуге шақыру секілді қарапайым əдістер арқылы перзентінің не сезіп жүргенін түсінуге болады. Ой-пікірін сұрап, өтініш жасау, тіпті қандай да бір мағынада түсіндіруін сұрап, оның көзқарасын білуге болады. Бұл атаана мен баланы бір-біріне жақындата түседі. Қарым-қатынасты нығайта түсер басты байланыс құралы», – дейді психолог.

«АЛМАГҮЛ» АЖАЛ АЙМАҒЫ МА?

Атырау қаласында өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің көбінесе орталық көпір мен «Алмагүл» шағынауданында болатынын тұрғындар жақсы біледі. «Алмагүлді» «бұрынғы ет комбинатының орны, мал сойылған қанды жер» деп, бір тылсымның барын айтатындар да бар. Алайда, ондағы тұрғындар үйлердің кірмедəлізі (подъезд) ашық екенін, аспанмен таласқан 16 қатарлы биік үйлерде қауіпсіздік мəселесі мүлде ескерілмегенін айтып, дабыл қаққалы қашан?! Шағынаудан тұрғыны Айсұлу Елемесова шынында да «Алмагүлдің» үйлері алаңдаушылық туғызатынын, сырт арқылы өтетін кірмедəліздердің қауіпсіз етіп жабылғанын айтады.

– Осында тұрғанымызға 15 жылдай уақыт болды. Қабілеті жететін бірер көршіміз темір тормен жауып алды. Он алты қабатты бір үйдің шамамен тек екі қатары ғана қапталған болар, қалғаны ашық-тесік жатыр. Балалар үйіне көтерілгенде абайсызда құлап кетуі де ғажап емес. Өмірмен қоштасуға оқталған адамдардың да осы жерді қолайлы көретіні сондықтан, ешкім бақылап жатқан жоқ. Бұл үйлерге бөтен адам да емін-еркін кіріп-шығады. Талай рет қызық көріп, жоғары қабаттарға шыққан оқушыларға куə болдық. Сондықтан, жергілікті əкімдік бұған бейжай қарамауы тиіс, – деп мазасызданды.

Шынында, шағынаудандағы №17, №18, №19, №20, №21, №22, №23, №24 үйлерді сыртынан қарағанның өзінде бойды үрей билейді. Өйткені, Айсұлу айтпақшы, əр қабатқа көтерілген сайын балкон секілді жасалған ашық тұстан өтесіз. Бұл əсіресе, балалар үшін аса қауіпті. Қаншама адамның өмірін қиған осы үйлердің қауіпсіздігін əкімдік қадағаламаса, қазіргі аңғал-саңғал күйінде əлі қанша жанның өліміне себеп боларын кім білсін?!

БАЛАНЫ ҚОРҒАЙТЫН БАСТЫ ЖОСПАР

Биыл республика Оқу-ағарту министрлігі жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау жəне олардың құқықтары мен əл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын əзірледі. Мұнда балалардың құқы мен мүддесін сақтау бойынша азаматтардың жауапкершілігін қатаңдату, білім беру мекемелерін қорғаудың кешенді жүйесімен қамтамасыз ету, балалар арасында оларға қатысты зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық жəне суицид деңгейін төмендету, оның ішінде психологиялық қызметті күшейту секілді бірқатар шаралар қамтылған. Дағдарыс жағдайынан шығу бойынша балаларға білікті көмек көрсету, жол бойында, суда болуы мүмін оқиғаларға жол бермеу, өрттің, жануарлардың шабуыл жасауы, терезеден құлауының алдын алу секілді қауіпті жағдайларды болдырмау да аталған жобаның басты бағыттарына жатады. Балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, балалар мен ата-аналар қарым-қатынасын нығайту жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру да жобадан тыс қалмапты.

Ең бастысы, бұл құжат заңнамалық жəне нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді көздейді. Жоспарды жүзеге асыру арқылы қосымша біліммен қамтылған балалар санын жыл сайын 5%-ға арттыру, балаларға қатысты, əсіресе олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс санын жыл сайын 2%-ға, кəмелетке толмағандар арасындағы суицидті жыл сайын 1,5%-ға, жазатайым оқиғалар (төтенше жағдай, жол-көлік оқиғасы, т.б.) салдарынан балалардың өлімі мен жарақаттану санын жыл сайын 5%-ға төмендету көзделген. Сонымен қатар, балалардың құқын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара ісқимылының тиімділігі де арта түспек.

ДІН ҚОЛДАМАЙТЫН ӘРЕКЕТ

Өз-өзіне қол жұмсаған адамға асыл дініміз – Ислам да кешіріммен қарамайды. Шариғатта жазықсыз жанды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнə. Себебі, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адамның орны жаратылыс атаулының бəрінен де жоғары, əрі үстем. Жасы мен жынысына қарамастан, əрбір адам қадірлі жəне құрметті. Демек, пенде өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес.

– Өзіне-өзі қол жұмсау – шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Ниса сүресінің 29-30 аяттарындағы «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» деп жазылған, – деді Атырау қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.

Тəпсірші ғалымдар да жаратушы Раббымыздың «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымында бірнеше мағына барына шүбə келтірмейді. Ең əуелгі тура мағынасы – қазіргі заманның тілімен айтқанда, суицидке тыйым салу. Сондай-ақ, «өздеріңді өздерің» деген сөздің астарында «бір адам екінші адамды өлтірмесін, өйткені олар екеуі де адам» деген мəн жатыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бала тәрбиесінде қатал болып, қатыгездікке жол берудің соңы жақсылыққа апармайды. Қоғамда мұндай сорақылықтардың көбейіп кетуі адам бойында адамгершілік секілді асыл қасиеттің азаюында жатыр. Ешкім бөтеннің басынан сипауға міндетті болмас, бірақ адами құндылықтан айрылып қалмау тиіс. Осындайда сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп отырар қазақы ұлттық тәрбие еске түседі. Бір-бірімізге нағыз жанашыр болу, бізді көптеген қауіптен сақтайтыны сөзсіз. Расында да, мейірімділік – бір адамды ғана емес, бүкіл әлемді құтқаратын асыл күш!..

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз