Желілік бизнестің шырмауы

90-шы жылдары ел экономикасы тұралап, зауыт, фабрикалар жабылып, халықтың басым бөлігі жұмыссыз қалғаны белгілі. Сол кезде швед косметикасын өндіретін «Oriflame» компаниясы опа-далапты, иіссу мен иісмай, сұйық сабын мен жуынатын гельдерді, бұларға қоса әйелдер әшекейлері мен сөмкелерін өткізуді қолға алды.

Өзі сеніп, жұртты да сендіреді

biznes

Мұның ізінше «Avon», «Faberlik», «Mary Kay», «Amway», «Асыл арман», «Ersag» және басқалары саңырауқұлақша қаптап, өз өнімдерін өткізудің бірден-бір жолы – желілік бизнесті жолға қойды. Бұл компанияларға жүздеген, мыңдаған адам тартылды. Кейінірек дәрі-дәрмек сататын, сонымен бірге мыңдаған қаражатқа соңынан адам ілестіруді қажет ететін «Qnet» желілік бизнесі шықты. Олардың арасында шын берілген «сетевойлар» да, «мынау менің қолым емес, кімге жалынып жүремін, түге?!» деп орта жолдан шығып кеткендер де болды. Желілік маркетингтің жетістікке жетелейтін жол емесін білгенімен онымен тұрақты айналысып келе жатқандар кәсібі туралы көпшілікке жария ете бермейді. Олар қай жерде, қандай ортада отырса да, өз кәсібін насихаттап, соңынан кісі ертуді көздейді. Себебі, жоғары жақтағылар сондай тапсырма беріп қойған. Желіге неғұрлым көп адам тартылса, кіріс те жоғары жақтағыларға соншалық көп түседі.

Жасырып қайтеміз, біздің көбіміздің қаржылық сауатымыз төмен. Осы кемшілікті желілік бизнесшілер өз құлқындарына ұтымды пайдаланып келе жатыр. Олар көпшілікті түрлі айла-шарғы ойлап тауып, алдап-арбайды. Жас балаша иланып қалғандардың біразы өздерінің тұрақты қызметтерін тастап, «көп кешікпей миллионер боламын!» деп ойлайды. Ең қауіптісі, олар осыған өздері сеніп, жұртты да сендіруге ұмтылады. Түрлі сайттардағы «Жұмысқа шақырамыз!», «Мол табысқа кенелесіз!» деген хабарландырулардың біразы осы желілік бизнес қожайындарына тиесілі.

«Тек телефонда отырасыз…»

…Бірде жолдасым жұмыссыз қалды. Ол интернеттің дами қоймаған кезі, жұрт жұмысты қалалық газеттегі хабарландырулардан іздейді. Жолдасым да базардан апта сайын газет алып, жарнама беттерін түгел шолады. Бір күні қуанып: «Жұмыс беруші «тек телефонда отырасыз» деді, соған барайын. Сәтін салса, орналасармын…» деп үйден шығып кеткен. Көп кешікпей ренжіп кері келді. «Не болдылап» жатырмын. Сөйтсем, желілік бизнес екен.

– Бәрекелді, жақсы келдіңіз! Біздің компания Сіздей азаматты көптен күтіп жүрген… – дейді қабылдап отырған әйел. Түрлі косметика сатумен айналысатын компаниядағы қызметті өзіне қол көрмеген ер азаматым «жұмыссыз қалсам да, сіздерге кірмеймін!» деп қашып шығыпты.

Расында, «кеңсе менеджері», «администратор», «call-орталығының операторы», «қойма меңгерушісі», «сатушы» қызметтерін ұсынатын да, «карьерлік өсу» деп алдаусырататын да – осы желілік бизнестегілер. Байқасаңыздар, олардың жұмысқа қабылдау тәртібі жеңіл. Келушінің жоғары білімі, белгілі бір мамандықты игергендігі, еңбек өтілі туралы сұрамайды. Сол себепті де жұртшылық жұмысқа орналасу оңай деп ойлайды. Әдемі әңгімелері мен жалған ақпарларына имандай сенгендер бірте-бірте желіліктердің командасына қалай қосылып кеткенін білмей де қалып жатады. Одан кейін түрлі тренингтерге қатысады, сол үшін ақы төлейді. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, осылайша алаяқтардың арбауына түседі. «Шетелге қыдыртамыз», «ертегідегідей өмір сүресіңдер» деген олардың бос уәделеріне алданып, соңдарынан ере береді.

Ойрандалған отбасы. Оған кім кінәлі?

Осы кезге дейін желілік бизнестің шырмауына түскендер жөнінде біраз хабардармыз. Желілік бизнес үшін отбасынан ажырасып кеткендерді де білеміз. Олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық, дегенмен мына мысал еске түсіп тұр.

…Р. желілік бизнеспен айналысып, ұстаздық қызметінен біржола кетті. Үйдегі ері мен екі баласын күтуге уақыт таппайтын ол компанияның қамымен таң атқаннан кеш батқанға дейін шауып жүреді. «Ақша салуым керек» деп, үйдегі жиһазды, техникалық бұйымдарды, тіпті өзінің атындағы жеңіл автокөлікті де сатып жібереді. Осы тұста күйеуінің шыдамы таусылып, әйеліне айналысып жүрген ісінің дұрыс еместігін, мектептегі қызметіне кері баруын сұрайды ғой. Бірақ Р. алған бағытынан қайтпайтынын, дегені болмаса, ерінен ажырасуға да дайын екенін айтады. Оған күйеуі пәлендей қарсылық білдірмейді. Не керек, екеуі заң жүзінде ажырасып, екі жаққа кетіп тынды. Соңында әлгі әйелдің тапқан-таянғаны таусылып, далада қалды.

Екінші оқиғада Ұ. деген адам өз еркімен әйелі мен баласын тастап, желілік бизнестің соңынан бұйдалы тайлақтай ілесіп жүре берді. Зайыбына «сен мені түсінбейсің, ертең миллионер болғанымда мені іздеп келуші болма, көзіме көрінбе!» деп үйдің есігін тарс жауып, тайып тұрады. Бұрыннан бізбен таныстығы бар келіншек: «Ешқандай көмегі жоқ. Балаға алимент те төлемейді. Соған қарағанда жақын арада миллионер болмайтын шығар…» – дейтін. Әрине, миллионер болмайды. Себебі оның ас-суын сатып алуға жағдайы келмей қалған.

Қазекемдердің осындай жел сөзге еріп, өмірдегі бар қымбаты – жарынан оп-оңай ажырасып жататыны өкінішті. Бәрінен бұрын жанары жәудіреген балаларға обал. Олардың қандай кінәсі бар еді?!

Сағат, сақина, биоқоспа…

Осы заттар көпшілікті алдап-арбауға жетіп жатыр. Желілік компаниялардың «бренд» деп жүздеген мың теңгеге өткізіп, пайда таба аласыңдар дегені бос әңгіме. Алайда оған сеніп, ақырында жер сипап қалатындар аз емес. Ақырында ол заттарды өздері, әке-шешесі, ағайын-туысы тұтынады. Арзанқол тауарлардың сапасы кісі қызығатындай емес. Бірақ оның мақтауын келістіріп, көптеп өткізу – желілік бизнестің басты мақсаты.

Бизнестің бұл түрімен әдетте әлеуметтік осал топ – жұмыссыздар, зейнеткерлер, студенттер айналысады. Араларында қосымша табыс табуды мақсат еткендер де, соны кәсіп етіп, жалғыздықтан құтылуды қалағандар да бар. Шынында, осы желілік маркетингтен жапа шегіп, түрлі қиындыққа кезігіп отырған отбасылар баршылық. Олардың мәселесін көтерген халық қалаулылары Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, осыған біздің елімізде тыйым салу қажеттігін айтқан болатын. Бірақ жоғарыдан «Қазақстанда желілік маркетинг қызметі заңдық тұрғыда реттелген» деген жауап келгендіктен ол өтініш жабулы қазан күйінде қалып қойды.

Біреу біреуді қорқытып-үркітіп жұмысқа тартпайды. Әркімнің өз қалауы бар. Бар гәп – өз-өзіне жетпей, жарымай жүрген көпшіліктің «аз уақытта байып шыға келесіз», «кіріс көбейіп, табыс молаяды» деген жел сөзге елітуінде. Соған сеніп қалуында болып отыр. Сондықтан тек өзіңізге, жанашыр жандарға ғана сеніңіз. Кезінде желілік бизнеспен айналысып, аузы күйгендермен сырласып көріңіз. Сонда бәрі түсінікті болады.

Мақаланы жазу барысында біз Атырау облыстық ішкі істер департаментінің аға жедел уәкілі Тимур Жалғасбаевпен хабарласып, бизнестің дәл осы түрінен ешқандай арыз-шағым түспегенін айтты.  

Лиза  СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз