ЖҰРТЫҢА СҮЙЕУ БОЛҒАЙСЫҢ, «ЖЫЛ АДАМЫ»!

Ел ішінде Елбасының тапсырмасын орындауға елеулі үлес қосып, тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген, Жылыой халқының сенімі мен сүйіспеншілігіне бөленген, әлеуметтік және гуманитарлық кәсіптердің, рухани сала мамандарының үздік өкілдеріне «Жыл адамы» сыйлығы табыс етілді.

Шынтуайтында, жылыойлықтар олардың жетістіктерін жақсы біледі. Мәселен, Құлсарыдағы жаңадан іске қосылған реттегіш орталық жылу қазандығы соңғы екі жылда ауданды әуре-сарсаңға салғаны сонша, қондырғы-жабдықтардың орнын таппаған олқылықтары оннан да, мұннан да шығып, жауапты адамдардың басынан қиқу кетпеді, ықшамаудандар тұрғындары қыс бойы дірдектеп шығатын болды. Міне, осы сын сәтте «Каспийнефть» акционерлік қоғамы қолұшын созып, орталық жылу қазандығын жаңғыртып, қалпына келтіруге жиырма миллион теңге қаржы бөліп, иіні келмеген шаруаны дөңгелентіп жіберген еді. Қазіргі шақта ықшамаудандықтар жылудың да, жылы судың да игілігін көріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жұртшылық «Жыл адамы» сыйлығына биыл жаңадан қосылған «Жыл меценаты» номинациясы «Каспийнефть» АҚ бас директоры Абайылданов Бекзат Қылышбекұлына бұйырғанын құба-құп, ырза көңілмен қарсы алды.

«Жыл кәсіпкері» номинациясының иегері – «МұнайСервис» ЛТД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мағау Мерғалиевке де жұртшылық қызу қошемет көрсетіп жатыр. Ер жігіт таяуда «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен текке марапатталған жоқ, елге сіңірген еңбегі, жетістіктері үшін алды. Ауданда төрт мыңның үстінде бала мектепке дейінгі мекеме кезегінде тұрғаны жанына батқан ол алқалы жиын үстінде өз қаржысына балабақша салмақ міндетін мойнына алғанына жуырда ғана куә болдық.
«Жыл спортшысы» номинациясы бойынша есімі аталғанда сахнаға киіктің асығындай шымыр, қоңырқай өңді жасөспірім шықты. Жастар жағы дүр ете қалды. Бұл – өтіп бара жатқан жылдың шаршы алаңының шаңын шығарған, ересектер арасындағы бокстан республика чемпионатында 56 салмақ дәрежесінде бірінші орынды иеленген, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының рухына арналған төртінші халықаралық турнирінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы чемпионы, спорт шебері Ержан Ордабаев екен. Ол ел құрама командасының мүшелігіне қабылданыпты. Демек, саңлақ спортшының алар асуы әлі алда. Ержан Нұрланұлы – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті.
«Ауыл шаруашылығы-2013» номинациясы бойынша «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Ізбасар Қарабалиев үздіктер қатарынан көрінді. Бұл салада он бес жылдық тәжірибесі бар ол жаңа технологиямен тамшылатып суару әдісін енгізу арқылы егіс шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосқаны үшін марапатталып отыр.
Байқауға іріктелген мамандар – өз ісінің шебері ғана емес, қарапайым халық үшін өздерінің қызметтік үрдістерінде күнделікті бетпе-бет келетін мұқтаждықтар мен қажеттіліктердің шешімін тауып, жүзеге асырып жүрген жандар. «Жыл адамы-2013» сыйлығы ағымдағы жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әлеуметтік қорының Құрмет грамотасымен марапатталған мұнайшы Қайырғали Бақтыбаев, жан сақтау бөліміне түскен науқастарды емдеуде жылдан-жылға жақсы нәтижелерге жетіп келе жатқан дәрігер анестезиолог-рениматолог Серік Өтебаев, Есқайыр Халықов атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі, Зерлеш Әбішева, аудан әкімі аппаратының қызметі және персоналды басқару бөлімінің меңгерушісі Гүлсім Мейірманова және басқа да сала мамандарына іштей рухани ширығу, жігер-қайратына жаңаша серпіліс және үлкен мақсаттар үдесінде шалқар шабыт бергені анық.
Аудан әкімі Мақсым Ізбасов және оның орынбасарлары әр саланың үздік мамандарын арнайы құттықтап, оларға Алғыс хат, гүл шоқтарын және естелік сыйлықтар табыс етті.
Жұртыңа сүйеу, еліңе тіреу болғайсың, «Жыл адамы»!

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз