ТЕҢІЗДІҢ ТЕҢДЕССІЗ МАРЖАНЫ

көздің  қарашығындай  қорғауды  қажет  етеді

1 сәуірден бағалы бекіре тұқымдас балық түрлерін қорғау мақсатында «Бекіре-2015» кең ауқымды акциясы басталды. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы, прокуратура, ішкі істер органдары, шекара қызметі, өзге де мемлекеттік орындар қатынасып отырған шара биыл жылдағыдан өзгеше өтетінге ұқсайды. Басты ерекшелік – балық барымташыларын тұсаулауға мүмкіндік жеткілікті. Алайда, жұмысты ұйымдастыруда олқы тұстар да белгілі болып қалып жатыр. 

 

Судың асты тұзаққа толы

…Балық қорғау акциясы ауқымында Каспий теңізін бетке алып, рейдке шығып келеміз. Жолбасшымыз – тиісті министрліктің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Қанат Мұсапарбеков, ол әрі аймақтық штабтың жетекшісі. Жайықты бойлай жүзе бастағанымыз сол еді, шағын кемеміздің қайырлап қалғаны. Капитанның айтуынша, өзеннің асты браконьерлердің қалдырған ауы мен қармақ, тұзақтарына толы. Ол жүзу құралының қаңғалағына оратылып қалады. Ал, судағы қауіпті бірден байқау қиын. «Мен де аңғармай қалдым» дейді кеменің штурвалын 1968 жылдан бері ұстап келе жатқан жігіт ағасы.

Бір орында шырқ айналған кемеміз құрсаудан әзер дегенде босады. Жайықтың үсті шағын кемелерге толы. Оның бірінде балық қорғау инспекторлары, келесісінде су полицейлері отыр. Жағаға жартылай шығып қалған ескі ауларды тартқыштап жүргендер де бар. Қасымыздағы серіктеріміз оларды да «балық қорғаушылар» деп алыстан таныстырды.

Ызғырық желге қарамастан Астанадан келген лауазымды тұлға осының бәрін мұқият қарап келеді. Арасында балық қорын қорғауға байланысты орталықтың тарапынан қолға алынған іс-шараларды айтып қояды.

Комитет төрағасы жергілікті жағдаймен танысуды нақты сауалдармен бастады. Жауапты адамдар өз кезегінде «бізде бәрі жақсы» деп бас шұлғып жатыр. Алайда, штаб жетекшісі бұл аумақтың қыр-сырын жетік білетін секілді, бекеттің қызметіндегі олқы тұстарды атап айтып шыққан. Сол-ақ екен, мұндағылар аяқ астынан өзгеріп шыға келді, қордаланған мәселелерін бірінен соң бірін тізбелей түсті. Бекеттердің проблемасы шыныменен аз емес екен. Қайықтар жетіспейді, барының қуаты аз. Суда да, құрлықта да жүретін арнайы техника босалқы бөлшегінің жоқтығынан біраздан бері қаңтарулы тұр. «Біз елдің басты байлығының бірі – бағалы балықты қорғау мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Мақсатымыз – бір, шаруамыз – ортақ. Ендеше, қалыптасқан проблеманы уақытында көтеріп, шешім алуымыз керек» дейді осы тұста сұхбаттасушымыз.

…Бұл былтырғы балық қорғау акциясы кезінде көз көрген жайттар болатын. 

Инспектор қашқанға  ілесе алмайды

– «Бекіре-2015» кең ауқымды балық қорғау акциясына орай күштеріміз бен техникалық құралдарымыздың орналасу картасын жасақтаған едік. Ол негізінен браконьерлердің топтасатын аумақтарын қамтиды. Дегенмен, жылжымалы топтар үшін қажетті қуат күші көп қозғалыс құралдарының жетпестігі жұмысымызға кедергі келтіруде, – дейді біз тілдескен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев.

Құрылым жетекшісінің пікірінше, аталған инспекцияда қазіргі күні 14 қайық бар. Соның 8-нің қуаты 40 ат күшін құрайды. Бұл «балық барымташыларының» соңынан қумақ түгілі, ілесуге де жарамайды. Осы себептен де кейбір инспекторлар өзінің қызметтік міндеттерін жүзеге асыруда қуаты 200 ат күшінен асатын жеке қайықтарын пайдаланады екен. Оның саны әзірге бесеу. Жалпы, аталған инспекция бойынша барлығы 21 бекет жасақталған, соның 11-і – жылжымалы. Бекеттердің дені Жайық өзенінің бойында орналасыпты.

– Ауқымды шараға инспекцияның облыс көлеміндегі барлық бөлімшелерінен 66 мемлекеттік инспектор тартылып отыр. 18 бірлік автокөлігіміз бар. Олар науқан барысында жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілмек, – дейді инспекция жетекшісі.

«Балық барымташылары» инспекторлардың айдын бетінде қалай жүріп, қалай тұратынын біліп алғанға ұқсайды. Олар көбінде қалың қамыстың ішіне жасырынатын көрінеді. Ал, оған қайық ендеп кіре алмайды. Сонда қайтпек керек? Балық қорын қорғау шарасына жауаптылар осы тұста әуеден бақылаудың өте  қажет екендігін айтады. Алайда, тікұшақтың бір ұшып келуінің өзі қыруар шығын келтіретіндіктен мәселе әлі толық шешілмеуде. Дегенмен, айдын бетінде браконьонер көбейгенімен бағалы балық азайып кетіп отыр. Бұл кәнігі балықшылардың бізге айтқан пікірі. 

Өзен  жағасында полиция  жүр

«Бекіре-2015» кең ауқымды балық қорғау акциясы ауқымында республикалық және облыстық маңызы бар Астрахан, Ақтөбе, Орал, Ақтау бағыттарындағы жолдарға 5 бақылау-өткізу бекеті қойылды. Сонымен қатар, жаңадан 24 мобильдік топ жасақталды. Олар облыстың айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қозғалысын бақылайды.

– Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы күш-құралдардың орналастыру жоспарын бекіткен болатын. Соған сәйкес, «Бекіре-2015» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуге 230-дан астам қызметкер, оның ішінде Атырау қаласында орналасқан №5546 әскери бөлімшесінің 40-қа жуық әскери қызметшісі, 51 автокөлік құралы  мен 5 су көлігі қатысуда.  Полицейлер №5546 әскери бөлімнің қызметшілерімен бірлесіп, Жайық өзенінің жағалық аумағында заңсыз балық аулаудың жолын кесу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында сегіз жаяу бағытта қадағалау жұмыстарын жүргізуде, – дейді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрым Оразбаев. 

Ауқымды шараға полицейлер үлкен дайындықпен келіпті. Акцияның алғашқы күнінің өзінде олар заңсыз өнімнің алдын кесті. 257 келі қара балық тиеген жеңіл көлік қаланың Вокзал маңындағы сауда орнына жеделдетіп кетіп бара жатыр екен. Оңай табыс таппақшы жандардың ойлағандары болмай қалды. Бүгінде олар жауапкершілікке тартылуда.

Дегенмен, сақшылар браконьерлердің жолына толық тосқауыл қойып отыр деуге ауыз бармайды. Қанша жерден бекет тұрғызылып, бақылау күшейтілсе де, табиғаттың байлығына қол сұғушылар азаймай тұр. Мұның себебі неде? Байқасақ, осынау келеңсіздікке жол бойындағы жылжымалы бекеттердің ойластырылмай қойылғаны себепші секілді. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиев сондықтан да, аталған нысандардың орнын ауыстыру қажет деп санайды. «Мәселен, Ресеймен шекарадағы Котявка ауылына бекет қойылса, көрші елге заңсыз өнім тасымалдаушылардың жолы бөгеледі. Бұл талапты Батыс Қазақстанмен арадағы шекарада да жүзеге асыруға болады. Сонда Құрманғазы мен Исатай, Махамбет пен Индер ауданының аумағынан ауланған балық облыс аумағынан аспас еді» дейді прокурор. Сонымен қатар, ол кісінің қала көлеміндегі шектеулерге де қатысты айтатын тың ұсынысы бар болып шықты.

– Мәселен, қала шетіндегі Курилкинде  көліктер тоқтатылып, тексеріледі. Алайда, браконьерлер соған дейінгі елді мекендерге еркін жетіп, балығын өткізеді. Сондықтан, біз Дамба – Пешной аралығындағы жолға науқан кезінде шектеу қоюды ұсынамыз, – дейді  Қайрат Өтеулиев. 

Саусақ  бірікпей, ине  ілікпейді

Ауқымды операцияны ұтымды ұйымдастыру мақсатында жуырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Бағдат Азбаев Атырауға екі күндік сапармен келіп кетті.

– Соңғы онжылдықта бекіре тұқымдас балық түрлерінің саны күрт төмендеді. Осыған орай, 2010 жылдан бастап Қазақстан ғылыми-зерттеуден басқа мақсатқа, бекіре тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салған еді. Сондай-ақ, Каспий маңы мемлекеттерімен халықаралық кездесулерде аталған теңізде бекіре аулауға мораторий енгізу тетіктері талқылануда, – дейді комитет басшысы.

Осы тұста айта кетерлігі, былтырдан бастап акция өзгеше ұйымдастырылуда. Бұрын әр құрылым бағалы балық қорғау шарасына әртүрлі мезгілде кірісетін. Осы себепті олардың арасында тиісті деңгейде ынтымақтастық, бірлескен қызмет бола қоймаған. Қазіргі ахуал өзгеше. Десек те, шара барысында жауапты орындардың өзара келіспеушілігі бәрібір орын алмай қоймады. Шекарашылар мен «Ақжайық» резерваты қызметкерлерінің арасындағы кикілжің – соның айқын айғағындай. Әскерилер ерекше қорғаудағы орын шекаралық аймаққа жататынын айтса, керісінше, резерваттағылар қарсы жақты кінәлайды.

 – Біз мұндай олқылыққа биыл жол бермеуіміз керек, – дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры.

Ақиқатында, бекіре балық қорын қорғау – кешенді мәселе. Браконьерлерді тұсаулап қана ел ырыздығын көбейтеміз деу қате. Жайық өзенінің тамағын тереңдету жайы осы тұста алға шығады. Бұған дейін аталған жұмыстарға 300 млн. теңгеге дейін қаражат бөлініп келсе, биыл бюджеттің бұған шамасы келмей тұр. Бұл, өз кезегінде, бекіре балығының өзенмен бойлап, уылдырық шашуына кеселін келтіреді.

Қызыл балық пен қара уылдырық кезінде Атыраудың мақтанышы саналатын. Алайда, табиғатқа тағылық көзқарас бүгінде оның қорын тауысуға әкелді. Ендеше, болашақ ұрпақты несібесінен айырмайық десек, браконьерге тосқауыл, балыққа жол ашайық!..

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз