«Samruk-Kazyna Trust» басшысы Альфия Адиева сұхбат берді

screenshot 20220726 113010 Экономика

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Samruk-Kazyna Trust» қоры өңірлердегі жұмысты күшейте түспек. Мәселен әлеуметтік жобалардың басым бөлігі, келесі жылы, «Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары жұмыс істейтін аймақтарда жүзеге асырылатын болады.

«Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева компания үшін қазіргі 2022 жылдың өзі өзгеріске толы уақыт белесі екенін айтады. Сондықтан қор ұжымы батыл бетбұрыс жасап, ашықтық пен транспаренттілікті және тиімділікті арттыру арқылы бизнес-үдерістерді трансформациялауда белсенді жұмыс жүргізуде. Аталған ортақ істі жаңғырту қадамдарына қоғамның сұранысы тікелей себеп болуда. 

 – Альфия Дәулетқалиқызы, әңгіменің әлқиссасы ретінде, келесі жылы қор қызметінде толық енгізілмек 30/70 қағидаты туралы тарқата кетсеңіз? 

 – Иә, 2023 жылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30%-ында Үкімет пен мемлекеттік органдардың тапсырмасына көңіл бөлінсе, ал 70%-ында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі жергілікті жобаларға басымдық беріледі. Басқаша айтқанда, портфельдік компаниялар мен еншілес-тәуелді ұйымдардың сұрауы бойынша топтың өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындары бар өңірлерде әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылады. Осылайша біз қызметкерлермен бірге халықтың өмір сүру сапасын тиімді түрде жақсарта аламыз. 

Сонда қор қолдау көрсететін әлеуметтік жобалар қандай жолмен жүзеге асады?

– «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» компаниялары бар өңірлерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жайлы өзі бастама көтере алумен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың да өтінімдерін қабылдайды. 

Біздің қорға жүгінген кезде ҮЕҰ өтінім беру рәсімі туралы ақпарат алады және жобаның құжаттар топтамасын дайындайды, Қамқоршылық кеңес мақұлдаған жағдайда оны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталады.

«Самұрық-Қазына» қорына қарасты кәсіпорындар жұмыс істейтін өңірлер туралы тұсқа оралсақ, бірінші кезеңде еншілес мекеме мен жергілікті атқарушы органдар өздерінің өңірлеріндегі әлеуметтік проблемаларды шешудегі қажеттіліктері туралы ақпаратты қатар жинайды. Жергілікті жерлердегі жағдай зерделеніп, шешім қабылдау үшін қажет алғашқы статистикалық деректер жиналады. 

Екінші кезеңде «Самұрық-Қазына» АҚ қайырымдылық операторы мәселенің өзектілігі тұрғысында барлық деректі талдайды. Осы жерде және де Комплаенс қызметі іске қосылып, жобаларды ұсынушылардың сенімділігін, қандай да бір күдікті істерге қатыстылығын толық тексеріп, оның ішінде қор қызметкерлерімен байланысы бар-жоғын қарастырады. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі төмендейді. Мәселені сараптаған соң, үшінші қорытынды кезеңде жобаны іске асыру туралы Қамқоршылық кеңес шешім қабылдайды. 

– Бұған дейін елдегі үкіметтік емес ұйымдардың 70%-дан астамы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметі көпшілікке қолжетімсіз және жабық деп санайды деген әңгімені естіп қалдық. Бұл рас па?

 – Еліміздің 4000-ға жуық үкіметтік емес ұйымы арасында «Samruk-Kazyna Trust» қызметі туралы онлайн-сауалнаманы іске қосқанда, нәтижесі осыны көрсетті. Сондықтан отандық қайырымдылық саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге бел буып, барлық тарапты ашық әңгімеге шақырып отырмыз.

Жобалардың басым бөлігі осы ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. ҮЕҰ өз өңірлерінің ерекшеліктерін, нақты қоғамда қордаланған түйткілдердің егжей-тегжейін жақсы біледі.

Сонымен, респонденттердің шамамен 44%-ы Қордың жұмысымен таныс емес екенін жеткізді. 70%-дан астамы – Қор жабық және қолжетімсіз деп есептейді. 41%-ы Қормен өзара іс-қимылда бюрократияны, атап айтқанда Қайырымдылық көрсету және мониторинг жүргізу ережесінің күрделілігін нұсқады. Азаматтық сектор өкілдерінің шамамен 37%-ы жобаларды мақұлдау әділетсіз өтетінін келтіреді. Әлбетте, бұл сандарға еш әрекетсіз, қол қусырып қарап отыра алмайтынымыз анық қой!

– Әңгіме көрігі енді қызғандай. Ахуалды оңалтып, жағдайды өзгерту үшін не істеліп, қолға алынды нақты, тарқата кетсеңіз?

– Біріншіден, Қордың бизнес-процестерін түгелімен қайта қарап шықтық. Екіншіден, әлеуметтік жобаларды іске асырғанда иек артатын басты құжат деуге болады, Қайырымдылық қызметін көрсету және мониторинг жүргізу ережесін жеңілдеттік. Қайырымдылық көмегінің басым бағыттары, тиімділікті жоғарылату мақсатында, 2022 жылы 21-ден 14 шараға дейін қысқартылды. Аталмыш қызметті ықшамдауға кәсіби спортты қолдаудан алшақтап, конференциялар, форумдар сынды бұқаралық шараларды өткізуден бас тартудың арқасында қол жеткізілді. Мұнда көздегеніміз, төккен терді босқа желге ұшырмай, негізгі күш-жігерді белгілі бір уақытта ең көп назарды қажет ететін салаларға бағыттау. Алайда шаралар ауқымы бәрібір кең және Қазақстан азаматтарының өмірінің көп саласын қамтиды. Қор мемлекеттік саясатпен үйлесімді жұмыс істеуге мүдделі. Ағымдағы 2022 жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп  жариялағаны белгілі. Сондықтан балаларды қолдауға көбірек басымдық танытамыз.

Тағы бір маңызды жайт, қызметімізді пайдаланушылардың өз жобаларын Қамқоршылық кеңестің отырыстарында қорғауына мүмкіндік берілді. Бұл ретте ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам белсендісі Ләззат Қалтаева Қамқоршылық кеңестің құрамына енді. 

Қамқоршылық кеңес – қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратынымызды дауыс беру аясында шешетін орган. 

– Жоғарыда қорды қазақстандықтардың «күндіз қолына шам алып іздесе де» таппай қалады деген сыңайдағы шағымды естіп қалдық…

 – Дұрыс айтасыз. «Халық қаласа, хан түйесін сойғызар» демекші, бұқараның барлық мұң-тілегіне мұқият құлақ асуға ден қойған мемлекетімізде «сен тимесең, мен тимейін» деп тығылып отыру орынсыз екені анық. Сондықтан, ашықтықты арттыру мақсатында, әріптестермен бірге білек сыбана кіріскен көп шараның ішінде, ағымдағы жылдың наурыз айында Қордың жұмысын/регламенттерін/ережелерін/қағидаларын тұрақты түрде түсіндіру үшін +7 (7172) 57-68-98 нөмірі арқылы арнайы жедел желі (call-орталық) іске қосылды. Қорға қызығушылық танытқан тұлғалардан 2022 жылғы наурыз-маусым айлары кезеңінде 400-ден астам қоңырау келіп түсті. Ондағы қызметкерлеріміз үнемі біздің ережелерді түсіндіріп, қандай жобаларды қолдайтынымызды, қалай өтініш беру керегін әңгімелейді және барлық үміткерге басқа да мәселелер бойынша кеңес береді. Қызметтік поштамыз, әлеуметтік желіде парақшаларымыз жұмыс істеп тұр. Соңғысына келсек, біз қазір адамдар негізгі ақпаратты әлеуметтік желілерден тұтынатынын түсінеміз. Біз үшін қалай болғанда да көмекке мұқтаж адамдардың оны қалай алуға болатынын білуі керек. Мысалы, сал ауруына ұшыраған немесе аутизмі бар балалардың ата-аналары біздің қолдауымызбен оңалту орталықтарына тегін жүгінуге болатынын білуі өте маңызды. Сондай-ақ олар осы орталықтардың қайда екенін, олардың байланыс нөмірлерін және тағы басқа жайттарды білсе дейміз. Сондықтан бүгінгі таңда осындай мәліметтерді әлеуметтік желілерде жариялап жатырмыз. Дегенмен бұдан да кеңірек ақпарат тарату үшін блогерлермен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен, белсенді топтармен етене жұмыс істемекпіз.

Сондай-ақ ақпарат жеткізудің басқа да құралдары белсенді кәдеге жаратылатын болады. Сөзімізге дәлел болсын, алдағы уақытта баршаңызды құрылымы түсінікті, пайдалы дерекке толы жаңа сайтымызбен қуантамыз деген ойдамын.

Жалпы Қор қызметі туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыру бойынша жұмыс күшейтіліп, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында БАҚ пен әлеуметтік желілерде тегін негізде 600-ге жуық жарияланым жарық көрді. 

Ірі қайырымдылық доноры ретінде бүкіл елді қамтып жатырмыз деп айта аласыз ба?

– Әрине, іс жүзінде нәтиже солай болып отыр. Мәселен Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында дамуы бұзылған және пайда болу қаупі бар балаларға, сондай-ақ олардың отбасыларына ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсетуге бағытталған орталықтар құрылуда. Сонымен қатар, аутизм және басқа да ментальді кінәраты бар балаларға арналған 8 орталық ашу арқылы олар тәрбиеленудегі отбасылардың ауыртпалығы жеңілдеп, жеткіншектердің денсаулығы жақсарады деп сенеміз. 

Қор қаржылық шығынын көтеріп алған «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарындағы дәрігерлер озық құрал-жабдықты пайдалана отырып, барлық өңірдегі дерлік шалғай станциялардағы халыққа білікті медициналық жәрдем жасауда.

«Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары бар өңірлерді дамыту аясында биыл Жаңаөзен қаласының 3 мектебі жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықталса, елордада отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастырылуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынбақ. «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын табады. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» мемлекеттік тілдің көкжегін кеңейтуде «Soyle» жобасын қолдауды жөн деп тапты. 

«Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы аясында Қарағандыда 11 нәрестенің өмірі құтқарылды. Алдағы уақытта нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту ниетімен Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Шымкент және Алматы қалаларында тағы бес перинаталдық орталықты терапевтік кешендермен жабдықтау көзделіп отыр.

– Қайырымдылық қорларына қойылатын басты сұрақ әдетте қаржыландырудың ашықтығына қатысты. Осы бағытта қандай өзгерістер болады? 

– Қордың 2022 жылға арналған Қайырымдылық бағдарламасы 10 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде бүгінде 3,86 млрд теңгенің 13 жобасы мақұлданды. 

Бұл тарапта біз қайырымдылық жобаларымыздың бюджеттерінің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін, бұған дейін жазғанымыздай, сайтымызды өзгертпекпіз. Жалпы, біз мұндай мағлұматты бұрыннан жариялап келеміз. Бірақ қазір өңірлер бойынша жобалар туралы егжей-тегжейлі жариялауды жоспарлап отырмыз. Бұл – сайттың әрбір келушісі қаражаттың қандай жобаларға кеткенін, қандай нәтиже шыққанын түсінуі үшін қажет. 

Бұдан тыс, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің алдында жарты жыл сайын тұрақты есеп беруді де әдетке айналдырмақпыз. Таяуда алғашқы рет есеп беріп те үлгердік.

Оған ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңесті Болат Жәмішев басқарады. Менің ойымша, көпшілік оны адал және арлы адам ретінде біледі. Сондай-ақ бұл кездесулердің қорытындысын БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялаймыз. 

– Өңірлерде ақпарат тапшы болып, ондағы ағайынның дауысы жоғары жаққа жетпей қалмай ма?

– Еліміздің әртүрлі өңірінде нақты қандай көмек қажет екенін жақсы түсіну үшін халықпен – ҮЕҰ өкілдерімен, жергілікті атқарушы органдармен, журналистермен, өңірлердегі белсенділермен тұрақты түрде кездесулер өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ бұл жергілікті бұқарамен ұдайы байланыста болу үшін қажет. Қордың қызметімен таныстыру, өтінім беру рәсімдерін және басқа да мәселелерді түсіндіру мақсатында Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 600-дан астам ҮЕҰ қатысуымен кездесулер ұйымдастырдық, яғни белсенді азаматтық ортамен тікелей кездесіп, өзекті түйткілдерді әбден талқыладық, бірқатары қалыптасқан мәселелер бойынша өтінім беретініне келістік. 

Сонымен қатар бұл кездесулер өңірлік ҮЕҰ-ларды жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін керек. Мәселен еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеміз. Бұл тұста қорымыз азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін. 

Біздің ұстаным – бастамалардың тұрақты, жүйелі және тиімді болуы, нақты түйткілдермен түбегейлі күреске арналғаны абзал. Біз қоғам үшін ең жақсы ойластырылған және пайдалы ондаған жобаны таңдап алу үшін мыңдаған өтінімді ерінбей қарастыруға дайынбыз. Неліктен өтінімдер мақұлданбайды деп шағымданып жатады. Турасын айту керек, біз азаматтардың шағын тобына немесе жекелеген мұқтаж отбасыларға көмектесуге бағытталған бірреттік бастамаларды, атаулы көмек көрсетуді қолдай алмаймыз. Біз үшін қордан бөлінген қаражаттың тиімді игеріліп, жобаларымыздың барынша бұқараның қалың қарасын қамтығаны маңызды. 

– Ауқымды да мазмұнды ашық сұхбат үшін алғыс айта отырып, әңгімемімізді қорытындылап беруіңізді сұраймыз. 

– Расы керек, «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстандағы ең күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Бұл, мысалға, мүгедектігі бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ҰОС ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету. Сондай-ақ медициналық мекемелерді жабдықтап, жекелеген оңалту орталықтарын ашып жатырмыз. Бұқаралық спортты дамытуға: аулаларда заманауи спорт кешендерін, алаңдарын салып, ерекше балаларға бейімделген спорт түрлерінен секциялар ашуға ден қойдық. Басқа да қызмет бағыттары бар. 

2021 жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры 32 әлеуметтік жобаны қолдап, еліміздің барлық өңірін қамтыды. Жарты миллионға жуық адамға қарайластық.

Осы орайда барлық айтылған өзгерістер – қоғамның бізге түрлі коммуникация арналары арқылы келіп түскен сұранысының көрінісі. Қызметімізді үнемі жетілдіріп және жақсартып отыру үшін өзгерістерге бейім және ашық болып қала береміз. Бұл біздің барша тараппен бірігіп бағындыратын белестеріміздің тек алды, еңсерер асулар әлі алда! Ынтымақтастыққа ашықпыз және жақсы ұсыныстар күтеміз. Жаңа Қазақстанда Әл Фараби бабамыздың әйгілі «Қайырымды қала» идеясы тұтас ұжымдарға, елге таралып, бақытты, ізгі қоғамға айналсақ қане?! Мейірімді, әділ, бірлігі мықты халық тек өркендей берсе керек!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз