СҰРАНЫС КӨБЕЙСЕ, ТАБЫС ТА МОЛАЯДЫ

Бүгінгі еңбек адамын не толғандырады? Жергілікті кәсіпорындарда қандай еңбек шарттары қойылады? Басшылық тарапынан қысым көрсетіле ме? Міне, осы сияқты құлаққа үйреншікті естілгенімен, астарында үлкен маңызы бар сұрақтарға облыстық еңбек инспекциясы мен кәсіпкерлер одағының мамандары жауап іздеді. Осы мақсатта «Шеврон Мұнайгаз Инк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Атырау полиэтилен құбырлар зауытында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылды.

Баламасы  жоқ  зауыт

2002 жылы зауыт құрылысына арнайы Павлодар қаласынан шақыртылған білікті мамандардың бірі, бүгіндері зауыттың бас менеджері Евгений Легин алдымен зауыт тынысымен таныстырып өтті. – Кәсіпорын он жылдан астам уақыт қарқынды жұмыс жасап келеді. «Шеврон Мұнайгаз Инк» мекемесі еліміздің қазынасына 40 миллион доллар көлемінде инвестиция құйды. Бұл – кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы бойынша салынған жаңа технология үлгісіндегі алғашқы зауыт. Бір ерекшелігі, мұнда өндірілетін өнімдер мұнай-газ саласына қатысты емес. Олар тек күнделікті коммуналдық қызметте ғана қолданылады. Полиэтилен құбырлары – қай шаруашылықта болмасын пайдалануға тиімді, әрі сақталу мерзімі де ұзақ, – деді ол.

Зауыт ұжымы «Ақ бұлақ» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан ірі әлеуметтік жобаларға белсенді атсалысып келеді. Шалғай аудандар мен алыс ауылдарға сапалы ауыз су жеткізуде үлесі зор. Бүгінде кәсіпорында 75 адам қызмет етеді. Оларға жалпы есеппен 35 млн. доллар жалақы бөлінеді. Зауыт бір жылда 15 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. 

Ұйым  құрғаннан  ұтылмаймыз

Байқағанымыздай, осындай іргелі кәсіпорында еңбекшілердің мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйым құрылмаған екен. Сондықтан, облыстық кәсіподақтар одағының төрағасы Диас Сұлтанов зауыт ұжымына кәсіподақ ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ, соған қарамастан жұмысшылардың жағдайы жақсы. Олар тегін көлік тасымалымен қамтамасыз етілген. Бір күнге есептелген тегін ас мәзірі де көңілден шығады. Қызметкерлер тіпті отбасы мүшелерімен бірге тегін медициналық толық тексерістен өтеді. Ешқандай пайыздық мөлшерлемесіз 20 жыл мерзімге қызметтік баспана беріледі. Әр жұмысшы орташа есеппен 170 мың теңге жалақы алады.

– Мен осында зауыт құрылған уақыттан бері еңбек етемін. Кәсіпорында шетелдіктер де болғанымен, отандық мамандар көп.  Жеті адам төрт кезекпен жұмыс жасайды. Жалақымызды уақытында алып тұрамыз, – дейді қаптамашы оператор Далабай Қоржынбаев. Осыдан кейін техникалық қауіпсіздік маманы Анатолий Сафронов еңбек қауіпсіздігі жөнінде айтып берді. 

Жарты  ғасырға  жарамды  құбыр

Зауыт өз өнімі үшін он жыл мерзімге кепілдік береді. Яғни, құбырлардың іші-сырты арнайы берік резинамен қапталады. Осылайша олар 50 жылға дейін қызмет етеді. Мұнда қолданылатын технологиялық әдістер шетел тәжірибесінде бұрыннан бар. Бірақ, қазақстандықтар үшін бұл – тың жаңалықтар қатарында. Айталық, елімізде тұрғын үйді еден арқылы жылыту жүйесі кең етек жайды. «Жылы еден» жүйесі әсіресе, ірі қалаларда жақсы дамыған. Айта кету керек, елімізде коммуналдық құрал-жабдықтарды металлопластиктен жасайтын бұл – бірінші кәсіпорын.

Евгений Легиннің сөзінше, орталық «Дина» сауда үйінде зауыт өнімдерін сатылымға ұсынатын диллерлік бөлімшелер бар екен. Ондағы құрылғылардың бағасында айырмашылық жоқ. Өндірілетін өнім сапалы болғандықтан, көрші Ресейден де сұраныс түсіп отырады. Бұл зауыт – «Шеврон» компаниясының Қазақстан экономикасын әртараптандыруға бағытталған ең сәтті инвестициялық жобасы. Бірегей полиэтилен құбырлары өндірісі – ел экономикасының шикізат өндіруден тыс секторларының үлесін көбейтуде. Металл-пластикті құбырлар коррозияға (тозуға) ұшырамайды. Өйткені, бұл құбырлардың жер астындағы табиғи құбылыстарға төзімділігі дәлелденген. 

Сапасыз  өнімге – жол  жоқ

– Көбінесе, шеврондық өнімдердің бағасы өте қымбат деп жатады. Бұл біржақты пікір. Өйткені, «Шеврон» компаниясы  қанша шығын кетсе де, өнімін сапалы өндіреді. Біржолғы пайдалануға жарайтын кейбір заттардан анағұрлым қымбат тұратыны да сондықтан. Сапасыз өнімді жылма-жыл сатып алуға дағдыланған жергілікті коммуналдық қызмет көрсетуші құрылымдар шығынға шаш етектен батып отыр. Мемлекет қаржысын бұлай желге ұшыруға болмайды ғой. Құрылыс нысанын салуға қатысты тендер жарияланған кезде, әдетте сапасыз өнімдерін арзан бағамен ұсынатын мекемелер ұтып кетеді.

Екіншіден, біз сапасы жоғары сұрыпталған шикізат көзін пайдаланамыз. Ал, оның бәсі қымбат тұратыны бесенеден белгілі. Конкурсты өткізгенде осындай жақтары ескеріле бермейді. Мемлекет өзге елдердікін былай қойып, өзіміздің отандық өндірушілерге қолдау көрсетсе екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда өнімдерімізге тапсырыс аз болып тұр. Бұл – үлкен зауыт. Демек, өндірілетін тауар да өз құнын ақтауы керек. Әйтпесе, ертең қып-қызыл шығынға батқан кәсіпорында жұмысшылардың да қысқарып кетуі ғажап емес. Міне, осы мәселенің шешіміне жергілікті әкімдік көмектессе деген өтінішіміз бар, – дейді зауыттың бас менеджері.

 

Арматура  шығару  да  қиын  емес

Осыдан кейін арнайы топ 2013 жылы жалпы құны 40 млн. доллар қаражатқа салынған Атырау арматура зауытын аралады. Оның құрылысымен кезінде әлем мойындаған еуропалық компаниялар айналысқан. Сапаны бақылау менеджері Нұржамал Оспанова зауытта жылына 30 мың дана түрлі арматуралық бұйымдар шығарылатынын айтады. – Мұнда пластикалық бұрандалардың негізгі бес түрі дайындалады. Сондай-ақ, құбырларды сыртқы әсерден қорғайтын полиуретаннан құйылатын арнайы жабынды материал да осы зауытта жасалады. Мұндай сапалы өнімдер еліміздің ішкі нарығын қанағаттандырып қана қоймай, экспортқа да шығарылып отыр. Бір қалыпта екі адам жұмыс жасайды. Жақында тұрақты тұтынушымыз «Газтрансаймақ» мекемесі  біз жасаған арматураны жер астынан қазып алғанда   құрылғылардың жап-жаңа күйінде сақталғанын көрдік. Соған қарап, оның жарамдылық мерзімінің де 25 жылдан кем болмайтындығына көзіміз жетті, – дейді ол.

Иә, ел экономикасына шетел инвестициясын тартуды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткерлігімен байланыстырғанымыз жөн. Өйткені, Президенттің арнайы шақыруымен мемлекетімізге шетел инвестициясын құйған тұңғыштардың бірі – «Шеврон» компаниясы. Ендеше, мемлекет тарапынан отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп, олардың өнімдерін пайдалануға жергілікті тұтынушылар көптеп тартылса, істің оңға басатынына күмән жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз