Несием бар, ақшам жоқ…

kredit Экономика

Бүгінгі күннің «брендіне» айналған онлайн-несиенің несібесін көргендер бар ма? Ендеше, біз бүгін оңай олжаның оңы мен солын, бағы мен сорын таразылап көретін боламыз. Интернет алаяқтықтан да сақтану жолын баяндамақпыз.

«Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен білгеніміздей, қазақстандықтарға жылда шамамен 100 миллиард теңгеден астам қарыз беріледі екен. Ал, қарапайым халық қарыз үстіне қарыз қосудан еш қаймықпайды. Өйтпегенде ше? Алыстан «ал» деп айқайлап тұрған онлайн-несиеден бас тарту оңай ма?

Оның үстіне, қазір банкке барып, ондағылардың бет-жүзіне үмітпен үңілудің де қажеті жоқ. Менсінбейтін менеджерді тағат таппай сағаттап күтуге де тура келмейді. Бар болғаны, үйден шықпай-ақ, ғаламтор бетіне «онлайн-несие» деген екі ауыз сөзді жаза қойсаңыз жеткілікті. Сол сәтте микроқаржы ұйымдары қара құрттай қаптап кетеді. Патша көңіліңіз қайсысын қаласа, сонысын қармай беріңіз. Олар құжат сұрап та қытығыңызға тимейді. Жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы аударымдарын растайтын қағаз, несие тарихы туралы мәлімет дегеннің не екенін ұмытасыз. Жеке куәлігіңіз жеткілікті. Қалғанын қарыз берушілер қатырады. Осылайша, 5 минутта шекеңіз шылқып шыға келесіз.

Бай болған жақсы-ау, бірақ бүгін алған қарызды ертең қалай қайтарасыз? Міне, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші,  осы жерде түйткілді мәселелер туындай бастайды…

Оңай олжаға кімдер құмар?

Жалпы, онлайн-несиені кімдер алады деп ойлайсыздар? Мұны білу үшін мамандар арнайы сауалнама жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде, мұндай көмекке көп жағдайда банкке аяқтай барып несие рәсімдеген жандар жүгінетіні белгілі болды. Сонда қалай, бір қарыздан құтылу үшін екіншісін алу керек пе? Иә, дәл солай және бұл үрдіс белең алып бара жатқанға ұқсайды. Қарыз адамды құлға айналдыратынын психолог мамандар талай айтып жүр ғой. Бірақ, бір қарызды екіншісімен өтеу деген нағыз сұмдық жағдай. Бәлкім, сол онлайн қызметті ұсынатын ұйымдарды жаппай жапқан жөн болар?

Сенбесеңіз, мысал келтірейік. Жуырда газет редакциясына көпбалалы ана Айнагүл Маратова хабарласты. Ол өзінің басынан кешкен оқиғамен бөлісіп, бізден қолдау сұрады.

– Мен екінші деңгейлі банктердің бірінен қарыз алған едім. Келісім-шартта көрсетілген соманы уақытымен аударып жүрдім. Кенет жұбайым жол апатына түсіп, жалақымның бәрін ем-домға жұмсадым. Осы кезде ғаламтордан онлайн-несие жөніндегі жарнама жылт ете қалды. Сөйтіп, онлайн қызмет арқылы 49 мың теңге алып, оны 72 мың теңге етіп қайтаруға келістім. Бірақ, бәрі ойдағыдай болмады. Мен бұл қарыздан да құтыла алмадым. Арада үш ай өтіп, алған ақшама өсімпұлдар қосылды. Ақыры, 142 мың теңге жоқтан бар болып шыға келді,- деген жас ананың жанары жасқа толып кетті…

Біздің қолымыздан бар келгені – жергілікті полиция басқармасымен байланысып, құқық қорғаушылардан қол ұшын беруді сұрадық. Облыстық полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулет аталған іспен прокуратура қызметкерлері айналысатынын айтты. Оның баяндауынша, бұл жерде қылмыстық істің қозғалуы не-ғайбыл. Өйткені, қалыптасқан жағдайға өз мүмкіндігін шамалай алмаған қарыз алушының өзі кінәлі. Алайда, арамызда онлайн-несие арқылы оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтар да жоқ емес.

– Біреудің жоғалған не ұрланған құжаттары арқылы шағын қаржы ұйымдарынан несие алатындар қазір көбейіп жатыр. Заң бойынша оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек. Көп жағдайда адамдар өздерінің алданғанын коллекторлық ұйым қызметкерлері хабарласқанда ғана біліп жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бір ғана түсіндірме жұмыстарын жүргізе бергеннен ештеңе шықпайды. Тұрғындардың өздері де жеке құжаттарына мұқият болғаны жөн. Ондағы мәліметтерді қатаң құпияда сақтауы қажет. Өйтпеген жағдайда, кибералаяқтың құрығына қалай түскенін де білмей қалады, – дейді полиция өкілі бізбен әңгімесінде.

Аузы күйген  үріп ішеді

Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін біз алаяқтардың құрбаны болған жандарды сөзге тартып көрдік. Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Әнуар Омаров енді несие алмауға ант етіп отыр. Ол соңғы уақытта микроқаржы ұйымдарынан гөрі, екінші деңгейлі банктердің көмегіне көбірек жүгінеді екен.

– Бір күні үйге келсем, біреулер есігіме қағаз қыстырып кетіпті. Онда менің 120 мың теңге қарыз алып, төлемей жүргенім жазылған. Дереу көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласып, мән-жайын сұрадым. Байқасам, менің атымнан біреу несие рәсімдеп, ақшасын банкомат арқылы түсіріп алыпты. Ал, ондағы бейнежазба тек екі ай ғана сақталады екен. Шағын қаржы ұйымы егер қарызды қайтармасам, оны сот орындаушылар өндіріп алатынын ескертті. Оның үстіне, қарыз сомасының үстеме пайызы өсіп, жарты миллион теңгеге жақындап қалған. Бұл мәселеге орай құқық қорғау органдары шұғыл тексеріс жүргізді. Соның нәтижесінде, жалған несие тарихындағы жеке мәліметтер менікімен сәйкес келмеді. Тіпті, көрсетілген телефон нөмірі де басқа. Несиені растау жөнінде ешқандай хабарлама келмегені де сондықтан, – деп ақтарылды аузы күйген әлгі адам. 

Несие алған жағдайдың өзінде, оның дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізу керек. Бұл туралы толығырақ тәуелсіз экономист-сарапшы Айгүл Кеңесқызы айтып берді.

«Мәселен, сіз 30 мың теңге қарыз алдыңыз. Оны рәсімдеу барысында келісім-шартпен толық танысып шықпадыңыз делік. Көп адам осындай олқылыққа жол беріп жатады. Өйткені, келісім-шарттағы ұсақ та ұзақ жазуды оқуға ешкімнің зауқы соқпайды. Ал, тура бір айдан соң сізге «48 мың теңге төлеңіз» деген хабарлама келеді. Амал жоқ, қанша пайыз үстемақы қосылса да, төлеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан несие алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз» дейді ол.

 «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…»

Қолымыздағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ең алғаш рет онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген екен. Бүгінде бұл қызметпен елімізде екі мыңнан астам компания айналысады. Бір жылдың өзінде 1 миллионға жуық келісім-шарт жасалады екен. Осылайша, 300 мыңға жуық тұтынушы онлайн-борышкер атанады.

Өкінішке қарай, жеке мәліметтер ғаламторда кеңінен таралған. Мұны тоқтату мүмкін емес. Оның салмақты себептері де бар. Жеке куәлік үлгілері электронды Үкімет жүйесінде сақтаулы тұр. Солардың скан-көшірмесін түсіріп алу алаяқтар үшін түк емес.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтың айтуынша, шағын несие беретін ұйымдар қазір қарыз алушыдан суретке түсуді де талап етпейді. Бұл не деген сөз?

– Менің ойымша, онлайн қарыз беретін мекеме қызметкерінің кейбір әрекеті көңілге күдік ұялатады, – дейді ол. – Мәселен, тұтынушының фотосуретін сұрамау – нағыз сорақы жағдай. Мұның екінші жағы да бар. Кейбірде сондай қызметкердің қылмысқа қатысы бар болып шығады. Ондайлар борышкердің қолын өзі қойып, ақшасын аударып алады. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда «тегін дисконттық карта ашамыз» деп жалған жомарттық танытушылар да жолығады. Олар «сауалнама толтыруымыз керек» деген желеумен жеке мәліметтерді жымқырады. Кейін соның негізінде біреудің атынан несие рәсімдейді.

Енді не істейміз?

Қалай десек те, кейде ойлаған ойды қинаған тұрмыс жеңеді. Сондайда ағайын адамнан ақша алсаңыз, араңыз алыстап кетуі мүмкін. Достарыңыздың ішінен жомарт байдың табыла қоюы да екіталай. Ал, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жандардан не сұрайсыз? Бұған қолдан жасалған қымбатшылықты қосып қойыңыз. Сондайда амал жоқ, несие рәсімдеуге тура келеді. Осы орайда, біз белгілі қаржыгер Ілияс Исаевтың ақыл-кеңесін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Ең алдымен, kazfintech.kz сайтына кіріп, сіз несие алатын компания Kazfintech қауымдастығына кіре ме, жоқ па, соны тексеріп алған жөн, – дейді ол. – Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз. Жеке куәлігіңізді бөтен адамдарға бермеңіз. Кейбір терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді.

Өзге адам сіздің атыңыздан несие алған болса, қарыз шарты бойынша тиісті банкке барыңыз. Ондағылар растаса, банк бөлімшелері мен ішкі істер департаментіне арыз түсіруі керек. Сонда тиісті тек-серістер жүргізіледі. Банк несиеге қатысты құжаттаманы беруге тиіс. Онда несие алуға қандай өтініш берілді, шартқа қалай қол қойылды, кассадан қаражат алғанға дейінгі барлық ақпарат болады. 

Банктен несие алынғаны туралы шартты талап ету керек. Соны алып, «қарыз шартын жарамсыз деп танысын» деп сотқа талап қоюға болады. Кейде, банк те «несие алушы қарызын өтемей жатыр» деп сотқа шағымдануы мүмкін. Ондайда сотқа ешкімді шақырмай-ақ, шағымданушы банкке өтініш берсе болғаны. Сот шешімімен келіспей, күшін жоюды және қайта қарауды талап ету керек. Сот барысында шартқа қол қоймағаныңызды айтып, сараптама тағайындауды сұрауыңыз қажет. Егер несие алушының шартқа қол қоймағаны дәлелденсе, сот банк талабын қанағаттандырмайды. 

Бұдан бөлек, ішкі істер департаментіне де қылмыстық іс қозғау туралы шағымдануға болады. Тиісті тексерістер жүргізіліп, кінәлілер табылған жағдайда, Қылмыстық кодекстің 190-бабымен – алаяқтық бойынша іс қозғалуы мүмкін.  Егер алаяқ бірнеше адамның атынан несие алса, әр қылмысы бір бөлім болып саналады. Осы орайда, 2019 жылы заңға өзгеріс енгізілді: қылмыс бөлігі көбейген адамды 3-бөлікке ауыстырады. Яғни, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оны сот белгілейді. 

Амандық АБДОЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз