МҰНАЙДЫ ТИІМДІ ИГЕРУ

бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды

Табиғаттың елімізге берген мол байлығы – «қара алтынымызды» қалай тиімді игереміз? Мұнай-газ төңірегінде отандық кәсіпкерлікті дамытып, қазақстандық мазмұнды арттырудың жолы қандай? Осы орайда қайткенде қоршаған ортаға залал келтірілмейді? Міне, Атырауда биыл бірінші рет ұйымдастырылған «Talks-2050» бейресми форумында осындай мәселелер көтерілді.

 

Әсіресе, республикалық мұнай-сервистік одағының төрағасы Алмас Құдайбергеннің сөзі ешкімді бейтарап қалдырмады. Рас, бұл проблема бұған дейін де айтылып жүр. Әйтсе де, астаналық мейман нақты деректерді алға тартты. Яғни, бұдан төрт жыл бұрын мамандар жасаған сараптама бойынша, таяудағы 15-20 жылда мұнай-газ саласына мол инвестиция құйылуы керек-ті. Соның 15-20 пайызы инжинирингтік шараларға, қажетті құралдар алуға жұмсалатындығы болжанған.

Алайда, Алмас Құдайбергеннің айтуынша, бұл бағытқа қажетті жабдықтардың 95 пайызы әлі де сырттан әкелінеді. Сонда өз үлесіміз тек бес пайызбен шектелген. Мұндай мысалды алысқа бармай-ақ Атыраудан да байқауға болады. Мұндағы ірі жобаларға миллиондаған доллар инвестиция тартылуда. Тіпті, республика бойынша бұл бағытта алдыңғы орындамыз. Бірақ, өкінішке орай, сол қомақты қаржының дені келген ізімен кері кетеді. Өйткені, өңірдегі шетелдік компаниялар сервистік қызметке келісімді өзге елдердегі әріптестерімен жасайды. Демек, Қазақстанда инжинирингтік жұмысты жақсартып, инвесторлармен ешқандай делдалсыз тіке байланысқа шығуды жолға қою қажет. Қазір облыста оған мүмкіндік те бар. Мәселен, «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аса үлкен тереңдіктерді қазуға жарамды бұрғылау қондырғыларын, қашаулар мен олардың бөлшектерін дайындауды қолға алды. «Атыраумұнаймаш» кәсіпорнында ірі габаритті жабдықтар жасалуда. Бұл өнімдерге аймақтағы отандық және шетелдік компаниялар қызығушылық таныта бастаған. Демек, тиімді пайдаланса, ішкі мүмкіндіктер де бар екен.

Алайда, көмірсутегі шикізатын мол өндіру жолында қоршаған ортаның проблемасын да ұмытуға болмайды. Ол өңірде өткір тұр. Мәселен, Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар Ізтілеуованың айтуынша, әр компанияға бұл бағытта қатаң бақылау орнатқан жөн. Жалпы, табиғат қорғау шараларына тұрғындардың белсене араласқаны абзал. Демек, үкіметтік емес ұйымдар, экологиялық бірлестіктер мен жұртшылық өкілдері қоғамдық тыңдаулар кезінде белсенділік танытуы тиіс.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз