МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАН

өмір сүру мүмкіндігінен шектелмеуі тиіс 

Мен облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі ретінде барлық монополистер мен депутаттардың қоғамда «мүмкіндігі шектеулі» деп аталып жүрген мүгедек жандардың жағдайына көңіл бөлулерін сұраймын. Өйткені, олар да барша көпшілік сияқты электр жарығын, ыстық және салқын суды, дәрі-дәрмек пен тағамды бірдей тұтынады. Ал, бұл қазіргі күнде аз қаражат емес. Сондықтан, біз осы мәселені өткір қойып, жоғарыда аталған азаматтар мен жергілікті билік иелерінің тағы бір сәт ойлануларын өтінеміз. 

 

Бұл мәселе, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қатты әсер етуде. Олардың саны облысымызда 18 500-ден астам адамды құрайды. Оның бес мыңға жуығы әйел адам болса, бір мыңнан астамы – балалар. Қайсыбір отбасыларында екі, үш, тіпті төрт мүгедектен бар. Сол себепті олар «коммуналдық қызмет ақылары көтеріліп жатыр» деген хабарды үлкен қиналыспен қабылдайды. Мүгедектік жөніндегі бір ғана жәрдемақыға қарап отырған оларға бағасы көтеріліп жататын коммуналдық қызмет ақыларын төлеп отыру, әрине, оңай емес. Сондықтан да, біз осындай санаттағы адамдарға арнайы жеңілдік жасалуын, олар үшін монополистердің 50 пайыз жеңілдік беруін сұраймыз. Егер мән беріп қарайтын болсақ, 18 500 мүмкіндігі шектеулі жан облыс халқының бар болғаны 3,2 пайызын ғана құрайды екен. Бұдан мемлекет те, тиісті департаменттер де аса қатты зардап шеге қоймас дейміз.

Осы істің басында жүрген соң аудандарға хабарласып, мән-жайды сұрастырып отырамын. Сонда білгенім – кейбір аудандарда мүгедектерге көмектесетін демеушілер мүлде жоқ. Мәселен, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарында өндіріс орындары болмағандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласатын ұжымды таппайсыз. Өзімнің ойымды осылайша білдіре отырып, «Атырау» газетінің барша оқырманының бұл тұрғыда өзіндік пікірлерін қосуын өтінемін. Қайтсек біз мүмкіндігі шектеулі жанның өмір сүру жағдайын жеңілдете аламыз? Осы жайында бәріміз де бір ойланайықшы.

Манап АБДРАХИМОВ,

Атырау облысы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз