КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛДЕР ОЛАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Әйелдерді қолдау» бағыты бойынша партиялық сараптамалық топтың кезекті отырысы келелі мәселелерді талқылады.  

 

БИЗНЕСТЕГІ БЕЛСЕНДІЛІК ҚАНДАЙ?

«Әйелдерді қолдау» бағыты бойынша партиялық тәлімгер, облыстық мәслихат депутаты Мәрия  Қаражігітованың басшылығымен өткен отырыстың күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қаралды. Алдымен «Облыстағы әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі. Проблемалық мәселелер, оларды шешу жолдары» деген тақырыпта баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсеткен мемлекеттік бағдарламалар бойынша облыс көлемінде жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды.

Облыстағы халықты әлеуметтік қолдау шаралары арқасында соңғы үш жылда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны тоғыз пайызға өсті. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылы 98,6 мың адамды қамтыды.

Бизнесте, саясатта әйелдердің белсенділігін көтеру – мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттарының бірі. Әйел кәсіпкерлер басқаратын орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы қаңтардағы көрсеткіш бойынша 22 926 бірлікті, яғни жалпы тіркелген субъектілер санының 43 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен  салыстырғанда 9,3 пайызға көтерілген. Сонымен қатар, осы мерзімде несие алушы әйел кәсіпкерлердің  саны 28,2 пайызға өскен.

ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ – ТАБЫС КӨЗІ

2010 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы отандық кәсіпкерліктің дамуына қосымша жеңілдіктер жасап, жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бойынша 35 кәсіпкер әйел несие алған. Ал, мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері жалпы сомасы 23 млн. теңге болатын сегіз кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Олардың елу пайызы әйел кәсіпкерлердің үлесінде. Яғни, жалпы сомасы 12 млн. теңге болатын төрт әйел кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды.

Бұл бағдарлама бойынша қаржылық қолдаудан басқа кәсіпкерлікке оқыту, олардың біліктілігін арттыру, бизнес бойынша кәсіби кеңестер беру сияқты жәрдемдер де қарастырылған. Бизнесті сервистік қолдау құралы шеңберінде өткен жыл мен биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында  602 шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілеріне сервистік қызмет көрсетілсе, оның 269-ы әйел кәсіпкерлер. «Бизнес – кеңесші – 1,2», «Кәсіпкерлерді топ-менеджментке оқыту», «Іскерлік байланыстар»  жобалары бойынша да әйелдер оқыту курсынан өтті. Сондай-ақ, облысымызда моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы Құлсары қаласында жүзеге асуда.

Елбасымыздың тапсырмасымен Ұлттық қордан еліміздің экономикасын дамытуға 1 триллион теңге қаражат бөлінді. Оның 100 миллиарды шағын және орта бизнестің өңдеу саласындағы жобаларын қаржыландыруға арналған. Облыс кәсіпкерлері осы «Даму – Өндіріс» бағдарламасына да белсенді қатысуда. Ұлттық қор есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы 11 әйел кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Бұл бағдарлама бойынша екі жүзден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ – АЙРЫҚША ҚОЛДАУ

Енді проблемалық мәселеге келетін болсақ, екінші деңгейдегі банктер кепілдік өтімділігінің күші төмен болуынан ауылдық жерлерде іске асырылатын жобаларды қаржыландырудан көбіне бас тартады. Бұл ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болуда. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында соңғы екі жылда облыс әкімі Б. Ізмұхамбетовтің тапсырмасымен жергілікті бюджеттен 457,0 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 98 шағын және орта бизнес субъектілерінің жобасы іске асырылып, 220 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 49 әйел адам өз бизнесін ашуға жалпы сомасы 215,4 млн. теңге несие алды. Ашылған жаңа жұмыс орны – 139.

Атырау облысы ауыл кәсіпкерлерін несиелеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлетін жалғыз өңір болып табылады. Мұның өзі шағын және орта бизнестің дамуына елеулі ықпалын тигізуде. Аталған жұмыс биыл да жалғасын тауып отыр. Яғни, жергілікті бюджеттен 200,0 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні 47,0 млн. теңгеге тоғыз жоба қаржыландырылып, 24 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Оның ішінде үшеуі әйел адам, несиенің жалпы сомасы 15,3 млн. теңге (ашылған жұмыс орны – 4).

Аудандарда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылған. Осы бағдарлама шеңберінде мобильді орталық та жұмыс жасауда. Мамандар ай сайын селолық округтерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«АТЫРАУ АРУЛАРЫ»  – ЖАҢА КІТАПТА

Отырыста екінші мәселе ретінде қаралған әйелдердің саяси белсенділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина баяндады. Атырау облысы бойынша жеті саяси қызметшінің біреуі әйел адам. Жиырма төрт басқарманың төртеуіне әйелдер басшылық етеді. Отыз тоғыз басқарма басшылары орынбасарының 12-сі әйел. Бір қала әкімінің орынбасары бар. Жеті әйел селолық округ әкімдері.  Үш әйел облыстық және аудандық мәслихаттың аппарат басшылары. Бір әйел аудандық мәслихаттың хатшысы. Облыстағы барлық деңгейдегі 134 депутаттың 21-і әйел. Алдағы уақытта мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдеріне әйел адамдарды тағайындау әлі де маңызын жоймақ емес. Көшбасшы әйелдердің өз саласында сіңірген еңбегін насихаттау мақсатында «Атыраудың іскер әйелдері  қауымдастығы» қоғамдық  бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ажар» кітабы жарық көрді. Кітапқа өңірімізге белгілі ғылым және білім саласында еңбек сіңірген әйелдер енгізілді. Енді Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Атырау арулары» кітабын шығару жоспарланып отыр. Кітапқа жиналған құжаттар баспаға берілді.

Сөз соңында тағы да кәсіпкер әйелдерге орала кетейік. Өз бизнесін ашқан олардың алдарынан кездесетін кедергілер де жоқ емес. «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына осындай мәселемен келетін шағымданушылар көбейген.

Сараптама отырысында үшінші мәселе ретінде кәсіпкерлікпен айналысатын көп балалы ана  Б.Ермағанбетова және А.Мұқанованың шағымдары  қаралып, олардың несиелерін өтей алмау себептері жан-жақты талқыланды. Арызданушылардың шағымдары бойынша Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Г.Құспанованың, облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Бектұрғановтың және «АТФ Банк» АҚ Атырау филиалының проблемалық бөлім басшысы Е.Жолжановтың, т.б. құзырлы орын өкілдерінің пікірлері тыңдалды.  

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз