«KAHARMAN.KZ» – АРДАГЕРЛЕР ТУРАЛЫ

Облыстық «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің мәжіліс залында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жаңа «Kaharman.kz» интернет-порталының тұсаукесер шарасы өтті. Оны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров ашып, жүргізді.

Бұл жаңа интернет-порталдың мақсаты – Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің көрсеткен ерліктері жайында нақты ақпар жинау, сол жөнінде жастардың таным-білігін кеңейту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Жиналыста облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мергенғали Бейісқалиев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рашида Харипова, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ермек Жазбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева және басқалары сөз алып, жаңа сайттың қазақстандық жауынгерлердің деректер базасы екені, оны жас та, жасамыс та қарай алатыны, өзіне қажетті ақпарат көздерін таба алатыны жайында кеңінен әңгімеледі.

Жеңісті жақындатуға атсалысып, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлер ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыдан бірер ай бұрын облысымызда тоқсан шамалы ардагер болған болса, күні бүгін көзі тірі 79-ы қалыпты. Олардың жүріп-тұра алатыны Астана қаласында өтетін салтанатты шараға баруға дайындалып жатыр.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз