ЭКСПО-2015: ҚАЗАҚСТАН –– үздік үштікте

Арқадағы Астанаға әлем назары ауды. Италияның солтүстігіндегі Милан қаласында үстіміздегі жылдың 1 мамырында бастау алған ЭКСПО көрмесі өз мәресіне жетіп, келесі көрме тізгінін Қазақстанға жолдады.

Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шежіресінде аса табысты өткендердің бірі деп бағаланған Италиядағы «EXPO MILANO-2015» шарасы салтанатты жағдайда жабылып, ЭКСПО туы Қазақстанға тапсырылды.

Төрткүл дүниенің назары ауған Милан қаласындағы ЭКСПО көрмесінің жабылу шарасына арналған алқалы жиында Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес және ЭКСПО-2015 көрмесінің Бас комиссары Бруно Паскуино салтанатты жағдайда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының басшысы Ахметжан Есімов пен Бас комиссар және ЭКСПО-2017-нің комиссары Рәпіл Жошыбаевқа ЭКСПО көрмесінің туын тапсырды.

Өз кезегінде ауқымды шараның айтулы дәрежеде өтуіне мүмкіндік жасап, әлемнің әр түкпірінен ағылған сан мыңдаған адамдарға айқара құшағын ашқан Италия Республикасының Президенті Серджио Матарелла Милан қаласында жарты жыл бойы жалғасқан Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Италияда өткен көрмеге қатысушыларға алғысын білдіріп, «Астана ЭКСПО-2017-нің» сәтті өтуіне шынайы тілегін білдірді.

Айта кетелік, 21 миллионнан астам адам тамашалаған аталмыш шара бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің тарихында ең сәтті өткендердің бірі деп бағаланған болатын. Ал, әлемнің жетекші мемлекеттері қатысқан бұл көрмеде Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны «Контент және тақырыпты үздік ашу» номинациясы бойынша ең үздік үштіктің қатарынан табылды.

Күллі әлемнің 145 мемлекеті, үш халықаралық ұйым, 16 мемлекеттік емес ұйым және бес корпоративті павильон қатынасқан биылғы көрменің бас тақырыбы «Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» деп аталды. Бүкіләлемдік көрме шеруі сапында біздің еліміздің де өз павильоны болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатынасушылардың ерекше қызығушылығын танытқан қазақстандық секцияны күніне шамамен бес мыңнан астам адам тамашалаған. Ең танымал, әрі келушілері көп павильондардың қатарынан табылған көрменің ұйымдастыру комитеті жүргізіп отырған халықтық дауыс беруде де қазақстандық павильон алдыңғы қатардан табылды.

Айта кетелік, Милан төрінде әлем назарына ұсынылған қазақстандық павильон – 3000 шаршы метр аумағы бар екі қабатты ғимарат. Тақырыбы – «Қазақстан – мүмкіндіктер әлемі». Сыртқы пішіні еліміздің ауылшаруашылық мәдениетінің негізі болып табылатын бидай сабағына ұқсатып жасалған. Ішкі мазмұны 6 аумақтан тұрады: ауыл шаруашылығы, жануар шаруашылығы, аквамәдениет, экология, жер шаруашылығы және Қазақстан туралы таңғажайып дүниелер. Экспозицияларда молынан пайдаланылған интерактивті және мультимедиялық технологиялар да әрбір келушінің назарын ерекше аударғанын айта кеткен жөн болар.

Алты айға созылған көрме барысында ел еңсесін еселей түскен тағы бір тұс – арнайы Қазақстан күнінің атап өтілуі болды. Маусым айының 27-сі күні өткен айтулы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қатынасуы да ауқымды шараның мән-маңызын еселей түскен болатын.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы ЭКСПО-2015 халықаралық көрмесінде Қазақстанның ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысып, таңдалған тақырыптың өзектілігі жоғары екенін атап өткен еді. «Таяу отыз жылда жер жүзінде азық-түлік тұтыну мөлшері екі есе артатынын ескерсек, XXI ғасыр қатерлері аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды болмақ және бұған дайын болған жөн. Бұл проблеманы еңсеру үшін барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігері қажет болады», – деген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне бүгіннің өзінде елеулі үлес қосып отырғанына назар аударды.

– Біздің еліміз әр тұрғынға шаққандағы егістік алқабының көлемі жөнінен Австралия және Канада елдерімен қатар алдыңғы орындардың бірін алады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 215 миллион гектар, бұл әлемдік ресурстың төрт пайызынан астам. Табиғи-климаттық жағдайлардың әралуандығы мен құнарлы топырақ бізге жер шары тұрғындары үшін бәсекеге қабілетті азық-түлік өндіруші болуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушылар ондығына және ұн экспорты жөнінен бірінші бестікке кіреді. Жыл сайын Азия елдеріне 6 миллион тоннаға дейін, Еуропалық одақ мемлекеттеріне 2 миллион тоннаға дейін бидай жеткізіледі. Біздің экспортымыздың географиялық ауқымы 70-тен аса елді қамтиды, – деген болатын.

Жалпы, «ЕХРО Milano 2015» көрмесіне атсалысқан бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, өзіндік бет-бейнелері еріксіз көз тартатын бірнеше павильон ішінен ұлттық нақыш пен қазақы реңкті біздің павильонға жұртшылықтың жаппай назары ауып тұруының бір себебі өзіндік бір шешіммен жасалған архитектуралық бітімімен қоса, ұсынылған азық-түлік өнімдерінің түрлері мен сипатының қайталанбайтындығында болса керек.

– Біз Миланнан кейінгі ЭКСПО көрмесін өткізу кезегі Астанаға келетінін ескере отырып, Қазақстан павильонын жасауда негізгі екі түрлі нәрсеге айрықша көңіл бөлдік, – деді осыған орай Қазақстан Ұлттық павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин. – Біріншіден, ЭКСПО-2015 көрмесіндегі ең басты көрікті орын ретінде көрінуді мақсат еттік, екіншіден, 2017 жылы дәл осындай кең ауқымды шараны Астанада өткізуге дайын екенімізді көрсетуге күш салдық.

Келген қонақтарға құнарлы да шипалы сусын – қымыз ұсынуымен де жадыларда жатталған біздің павильондағы тағы бір ерекше есте қалатын көрініс – ондағы бассейн болуы керек. Мұнда елімізде арнайы өсіру қолға алынып жатқан бекіре балықтары жүзіп жүр. Осы арқылы павильонды ұйымдастырушылар Арал теңізінің проблемасын, ондағы құрып бара жатқан балықтар жайын және осы түйінді мәселелерді шешу жолында қолға алынып жатқан шаралар туралы жұртшылықты хабардар еткен болатын.

Айта кетелік, Қазақстанның ұлттық павильоны туристерді ғана емес, әр түрлі елдердің делегацияларын да айтарлықтай қызықтырды. Мысал үшін, жоғары қызметтегі қонақтардың арасында Монако ханзадасы, Қытай Премьер-министрінің орынбасары, Малайзия Премьер-министрі, бірнеше африкандық елдің басшылары және тағы басқалар болды. Ал, 23 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны Бүкіләлемдік ЕХРО-2015 көрмесінде миллионыншы қонағын күтіп алды. Ол Италияның тұрғыны 57 жастағы Даниель Берго болатын.

Мейманды салтанатты түрде құттықтаған Қазақстан Республикасының ұлттық секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин Д.Бергоға Қазақстан Республикасын көру үшін екі адамға арналған сертификатты сыйға тартты.

ЭКСПО-2017:  Меже  мен  мүмкіндік

Міне, енді бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің туы Қазақстанға тапсырылды. Әлем халқының назарын Қазақ еліне аударатын айтулы шараның ендігі тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» деп белгіленді. Бұл – жылдан-жылға планетамызға тигізетін әсері артып келе жатқан адамзаттың энергетикалық тұтыну проблемасына деген халықаралық қауымдастықтың үлкен алаңдаушылығын айқындайтын өзекті тақырып. ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы мынадай бағыттар шеңберінде айқындалмақ. Олар: Қоршаған ортаға көмірқышқыл газын шығару көлемін азайту; Тиімді энергетика жағдайындағы өмір салты; Баршаға бірдей энергия.

Ал, 2 қараша күні Астанаға Халықаралық көрмелер бюросының жалауын жеткізген Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіндегі Ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин: «Бұл жай ғана ту емес. Бұл еліміздің алдында кең мүмкіндіктер ашатын нышан болып отыр. Елбасымыз Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында атап өткендей, Қазақстан жасыл энергетика технологияларын жинақтау мен ілгерілетуде әлемдік хабқа айналуға дайын. Барлық дағдарыстардың бастауы энергетикалық секторда жатқаны белгілі. Осы орайда біздің таңдап алған тақырыбымыз «Болашақтың энергиясы» ешқашан өзектілігін жоймақ емес», – деп атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстан төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне 51 ел мен 11 халықаралық ұйым өздерінің қатысатындарын растады.

Дайындаған Гүлжан ӘМІРОВА.

 

ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу орны ретінде Астана

2012 жылдың 22 қарашасында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) 152-ші Бас Ассамблеясы кезінде ХКБ-ның мүшесі болып табылатын 161 мемлекеттің өкілінің жасырын дауыс беруі барысында таңдалды. Астана өтінішін 103 ел қолдады.

 

Қазақстанның әлемді шарлаған кең ауқымды көрмелерге қатыса бастағанына тым көп уақыт бола қойған жоқ. 1851 жылы Лондонда бастау алған «Барлық халықтардың өнеркәсіп жұмыстары бойынша ұлы көрмесі» деп аталған шарадан бастау алған бүгінгі ЭКСПО сынды жиында біздің еліміз бірінші рет 1998 жылы Лиссабонда бой көрсетті. Бұдан соң, Қазақстан 2005 жылы жапонның Аичи қаласындағы ЭКСПО-дан бастап белсенді қатысушы ретінде санатқа ілінді. Ал, 2008 жылы испанның Сарагоса қаласында өткен келесі Бүкіләлемдік көрмеде қазақстандық павильон өз бұйымдары мен көркем безендірілуі жағынан С категориясы бойынша жүлделі үшінші орынды жеңіп алса, Қытайдың Шанхай қаласындағы 2010 жылғы көрмеде Қазақстан павильонын көрушілер саны бірінші рет 1,5 миллион адамнан асты. Бұдан кейін 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласында өткен ЭКСПО-да да еңсеміз төмен болмағаны ел есінде.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз