ДЕКЛАРАЦИЯЛАУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Өткен жылдың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл жөнінде Елбасының Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында да айтылған.

Сондай-ақ, бұл құжат еліміздің 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын, ҚР азаматтары мен мемлекетімізде тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасын орындау аясында әзірленді.

Декларация жүйесі екі түрге бөлінеді. Оның біріншісі – бір-ақ рет тапсырылатын кіріс декларациясы. Бұл құжатта жеке тұлғалар елімізде және шетелдегі жинақталған қаражаты мен мүлкі туралы мәліметтерін көрсетеді. Сонымен қатар, өзінің басқа адамдарға қарыздарын, керісінше басқа адамдардың өзіне қарызы (егер бар болса) туралы дерек те қамтылуы керек. Кіріс декларациясында, сондай-ақ, мүлік, ақша, құнды қағаздар, жер телімдері, көлік құралдары, банктік мәліметтер – кредиттер, депозиттер туралы ақпарат та беріледі.

Кіріске қатысты екінші құжат – жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация. Бұл мәлімет жыл сайын тапсырылады. Онда бір жыл ішінде қол жеткізген табыс, мемлекеттік тіркелуге тиісті сатып алынған және сатқан мүлік туралы мәлімет беріледі. Ал, еңбекақы немесе зейнетақы ғана алатын тұлғалар бір парақ көлеміндегі негізгі деректерді (оңайлатылған декларация) табыс етеді.

 Алдағы уақытта салық шегерімдерін кеңейту де қарастырылған. Келер жылдан бастап қолданыстағыларынан бөлек, міндетті әлеуметтік және ерікті медициналық сақтандыруға, көп балалы отбасылардың білім алуға жұмсалған шығыстарына, мемлекетіміздің кез келген банкінен алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларды төлеуге салық шегерімдері енгізіледі.

Тағы бір атап өтер жайт, салық бақылауын қалыптастыру мақсатында үшінші тұлғалардан алынған ақпараттар да ескеріледі. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жариялаған табыстары нақты дерекке сәйкес келмеген жағдайда, жанама әдіспен белгілі болған кірістен жеке табыс салығын есептеу нормасы қарастырылған. Мұндай шаралардың іске асырылуы салықтан жалтару деректерін анықтауға ықпал етеді.

Мүлікті декларациялау екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде, яғни, келесі жылы депутаттар, сот төрешілері, мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсырады. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап мүлік пен табысты декларациялауға ұлттық компаниялардың әкімшілік қызметкерлері мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлерді де қатыстыру жоспарланған. Бұл тұлғалар да көрсетілген мерзімде өздерінің елдегі және шетелдегі мүлкі, табысы туралы декларация ұсынуы қажет.

 Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты – көлеңкелі экономика және сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салық және бюджетке тиесілі өзге де міндетті төлемдерді қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту. Сол үшін де салықтық әкімшілендіруді жетілдіру саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі ретінде экономиканың көлеңкелі секторының көлемін қысқарту барысында жеке тұлғалардың кірістерін жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

 

Батырбек ЮСУПОВ, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы:

 –Елбасымыз өзінің кезекті Жолдауында мүлікті жариялаудың жалпыға бірдей декларациялауға көшудің алдында беріліп отырған соңғы мүмкіншілік екенін, енді оның қайталанбайтынын ескертті. Яғни, жарияланған мүлік қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылмайды және тәркіленбейді. Декларацияда көрсетілген мәліметтер, салықтық, банктік және де заңдық тұрғыдан қорғалған құпия болып табылады. Бұл заңдылық бұзылған жағдайда, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Сондықтан, рақымшылықты дер кезінде пайдаланған дұрыс.

Қазақстан 2011 жылдың 2 мамырынан бастап Страсбург конвенциясының мүшесі, оған 90 ел, 29 оффшорлық аймақ қол қойған. Осы конвенцияға кірген елдер, салықтан жалтаруға байланысты мәліметтерді бір-бірінен алып отырады. Сөйтіп, салықтарды өндіруге де өзара көмек көрсетеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз