ДАҒДАРЫСТАН ДАМУҒА БЕТ АЛАМЫЗ

Әлемдік нарықта жағдайдың күрделене түсуіне байланысты экономикамыздың даму деңгейін сақтап қалу жайы талқыланған жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Қазақстанның сан-салалы өндірісіне кері әсер ететін факторларды толық талдап берді.

 

Елбасы айтқандай, мұнай мен металл бағасының төмен болуы алдағы бес жылда өзгермеуі мүмкін. Сондай-ақ, дамушы елдердің инвестиция мен капиталға қолжетімділігі едәуір шектеледі. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің негізгі серіктестері, ең алдымен Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюы салдарынан бізге өнім өткізу нарығының шеңбері ширатыла түседі. Бұл жағдайда мемлекеттен теңгерімді бюджеттік және монетарлық саясатты қамтамасыз ету, сондай-ақ, экономикалық өсімді қолдау мақсатында жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру тұрғысынан тиімді сақтану шараларын жүргізу талап етіледі. Осы тұрғыда бізге мұнай баррелінің 30-40 доллар мөлшері деңгейіндегі бағаға бейімделу қажеттігі туындайды. Мемлекет басшысы ендігі жерде дамудың тап осындай жолынан өткен және экономикасының құрылымы өзімізге жақын мемлекеттердің тәжірибелерін зерттеу қажеттігін де атап айтты.

Елбасы өз сөзін-де, сондай-ақ, республикалық бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетуді тапсыра отырып, тапшылықты қаржыландыру тек ішкі резерв есебінен іске асырылуы тиістігіне тоқталды. Осы орайда көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан ұлттық валютасының еркін бағам айналымына жіберілуін құптайтындарын білдірді. Әлем сарапшылары да теңгенің еркін «жүзу» бағамы Қазақстанды сыртқы тербелістерден қорғап, ондағы тең балансты сақтап қалуға қызмет ететінін де мәлімдеді.

Тым ұзаққа бармай-ақ өзіміздің мұнайдың төңірегіне көз салайықшы. Міне, осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын мұнай баррелінің бағасы арада аз ғана мерзім өткенде бірден құлдырап, сол кездегі 100 долларлық нарқының жартысы деңгейіне дейін түсіп кетеді деген ой кімнің қаперінде болыпты?! Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған кеңесте бәріміздің жадымызда жүруге тиісті өте бір ұлағатты да, пайымды сөз айтты.

– Қанша бағдарламалар жасасақ та өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді, – деді Елбасы. – Қазір де осындай қиыншылыққа таяп тұрмыз. Бұл дүние-жүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды. Қазақстан – әлем мемлекеттерімен тығыз байланысы бар ел. Сондықтан, бұл дағдарысқа алдын ала барлық жағынан дайындалып, қиындықты еңсеруіміз керек.

Қалдыбек САПАРОВ,

Атырау облысы әділет департаменті басшысының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз