БӨДЕНЕ БАПТАҒАН БИЗНЕСМЕН

Бағалы диеталық  өнім

Бөдене өсіру кәсібі қалай басталды? Ең алдымен қаламыздың ескі базар аймағындағы құс базарынан Жапониядан әкелінген 25 дана ересек екі айлық бөдене мен 20 шақты балапан сатып алынған. Оларды сатып алуға шамамен  60 мың теңгедей қаржы жұмсалыпты. Қазір бұл шаруа қожалығында 370 бөдене өсірілуде.

 

Басқа үй құстарына қарағанда бөденеге күтім жасаудың өз ерекшеліктері бар.  Бөлмедегі ауа  температурасы бірқалыпты болғаны жөн, ашық терезеден қарама-қарсы бағытта соққан желді көтере алмайды. Арнайы желдеткіш керек. Сондай-ақ, бөлмеде он жеті сағат бойы жарық өшпеуі тиіс. Апта сайын құм ваннаға  шомылдырып тұрғанды жақсы көреді. Бағушы адамдардың  жиі ауыспағаны абзал. Тор ішінде 25 құстан бағылады. Балапандар инкубатормен 16 күнде басып шығарылады. Одан соң  оншақты күн  «балабақшада» балапандар үйінде ерекше күтімде болады.  Саны 300 – ге жеткенде өзін – өзі ақтай бастайды. Яғни, балапандарды сатуға болады.

«Ынтымақ» шаруа қожалығының  өз инкубаторы бар. Оны атыраулық өнертапқыш, инженер Жангерей Кенжеғалиев  құрастырып жасаған. Құстардың торы және басқа да көптеген қажетті жабдықтарды сол кісі жетекшілік ететін  ғылыми-техникалық  шеберхана дайындаған.

1056  жұмыртқаға есептелген инкубатор толық автоматтандырылған. Жылу реттегішті, ылғалды қалыпты жағдайда бақылап, инкубаторды екі сағат сайын тербетіп отыру керек. Мұның бәрі автоматты түрде атқарылады. Инкубаторда бір мезгілде  қаз, үйрек, күркетауық, тауық, бөдене балапандарын басып шығара алады.

Бөдене жұмыртқасы – өте бағалы диеталық өнім. Бір қызығы, ол шірімейді. Жұмыртқасын жиі тұтынсаңыз – бұлшық ет пен сүйектер қатаяды. Қан қысымы төмендеп, жүрек, бүйрек, өкпе, асқазан ауруларын емдеуге көмектеседі. Радионуклейдті тұздар мен ауыр металдарды ағзадан тазартады.

Жапонияда мектеп жасындағы балаларға күніне екі дана жұмыртқа тегін таратылып беріледі екен. Бөдененің бес жұмыртқасы тауықтың бір жұмыртқасының салмағымен тең болса, оның құрамындағы калий мен фосфор тауық жұмыртқасына қарағанда бес есе көп. Ал, темір 4,5 есе, В және В12 витаминдері  6 есе көп. Сондай-ақ, олардың құрамындағы кальций, мыс, кобальт және түрлі амин қышқылдары тауық жұмыртқасындағыдан гөрі әлдеқайда жоғары. Құрамы осындай азықпен жүйелі қоректенген адамның әртүрлі ауру-сырқауға қарсы тұрар дәрмені артып, жүрек-қан тамырлар жүйесі мен ас қорыту мүшелерінің жұмысы жақсарады. 

Тұмауға шалдықпайтын құс

Бөдене құс тұмауы секілді жұқпалы дерттерге шалдықпайды. Оның жұмыртқаларында микроб болмайтыны ғалымдарды қайран қалдырады. Бірақ, бөдене ерте қартаяды. Айналасы 1,5 жылдың ішінде кәдімгідей шау тартады. Жұмыртқалауын сиретеді. Ол кезде сойып, етін сатады. Ал, қоразын  45 күннен кейін етке айналдыра беруге болады.

Бөдене еті – диеталық тағамға мұқтаж адамдарға таптырмайтын таңсық ас. Әлемнің ірі қалаларының мейрамханалары бөдене етін арнайы тапсырыспен алады екен. Тіпті бұрын бөдененің еті ақсүйектер жейтін ас болған. Өйткені, оның етінде холестерин деген атымен жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бөдене бағумен айналысып отырған «Ынтымақ» шаруа қожалығы өз тұтынушыларын денсаулыққа пайдалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, бұл бизнес әлі аяққа тұрып, айналып кете қойған жоқ. Әзірге оның жұмыртқасын аяқ жетер жердегі ағайын ғана  30 теңгеден сатып алуда. Ал, балапандар әр жексенбі сайын құс базарына шығарылады.

Сайын далада төрт түлік малын өргізген қазақ баласы бүгінгі нарық талаптарына қарай бейімделіп, Астанадағы алып океанариумда акула бағатын күнге де жетті. Біздің айтқымыз келгені, бейнетін қиынсынбаған жанға бөдененің де берер берекесі мол. 

  Кәсіпке тұсау тұс та көп

  Бизнестің көзін тапқандар бір кәсіппен шектеліп қала алмайды. Бұл қожалықта егінжай жұмысы да жанданып келеді. Таяуда  Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған азық-түлік жәрмеңкесіне қияр, көк жуа, райхан (базилик), шалғам (редиска), салат жапырағы, т.б. өнімдерін арзан бағамен қала жұртшылығына ұсынды. Сонымен қатар, мұнда қызанақ, қауын, қарбыз, жүгері, асқабақ, пияз, баклажан өсіріледі. Алдағы қыста жылыжайда көкөніс өсірілмек. Бұдан бөлек, қожалықта мал бордақылап, өздерінің ет дүкенін үнемі сапалы жылқы, сиыр етімен қамтып отырады. 

Осылайша өздерінің маңдай терін төгіп, адал еңбегімен нәсібесін айырып жүрген кәсіп иелерінің жұмысына көлеңке түсіретін жайттар да жоқ емес. Бұл ретте «Ынтымақтың» да айтар назы бар.

«Бір гектардың үстіндегі жерімізді «КТК-К» («Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ) мекемесі жоғары кернеулі электр желісі құрылысын жүргізу барысында өздеріне мақсатты бөлінген дәлізден (коридор- отвод земель) өрескел түрде ауытқып зиянын тигізуде. Біз үшін маңыздысы – Мемлекеттік Актіде жазылған ауыл шаруашылығына бөлінген жеріміз өз мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. «КТК-К» мекемесіне  электр бағаналары мен сым желісін алып тастап, жерімізді босатуды талап еткен хаттарымыз еленбегесін енді  сотқа жүгінуге мәжбүр болып отырмыз, – дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының директоры Әнуарбек Далбаев.      

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз