БҮГІНГІ БЕЛЕС – БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

Қазақстан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолға алып, экономикалық өрлеудің жаңа тетіктерін қолдануда. Республикада бұрын-соңды болмаған тың жобалар жүзеге асырылуда. Ірі өндіріс ошақтары салынуда. Әлемдік нарықта бәсекелестікке сай өнімдер шығарыла бастады. Еліміздің экспорттық әлеуеті артты. Мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Міне, соның бәрі – индустрияландыру саясатының жемісі.

Бүгінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бірінші бесжылдық мәреге жетті. Оның ойдағыдай аяқталып, күткендегідей нәтиже алынуына Елбасы «Мұнайлы астана» атаған Атырау облысы да сүбелі үлес қосты.

Осы орайда, алдымен, аймақтың көмірсутегі шикізатына өте бай екендігін айтқан абзал. Қашаған кенішін қоса есептегенде, бүгінде жер қойнауымызда 2,5 млрд. тонна мұнай мен екі триллион текше метр табиғи газ бар. Бұл, тура мағынасында, ен байлық емес пе? Әйтсе де, тек шикізат өндірумен және оны сыртқа тасымалдаумен ел экономикасы қалыпты дамымайды. Турасын айтқанда, экспортқа шығарылған шикізат өзімізге дайын өнім ретінде қымбат бағасымен оралады. Сондықтан, өндеу саласына баса назар аударылмақшы. Сөйтіп, алдағы уақытта Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іргелі жобалар жүзеге асырылуда. Демек, экономиканы әртараптандыруға баса назар аударылады.

Мәселен, өткен жылы облыста жалпы құны 10,8 млрд. теңгелік 13 инвестициялық жоба мәреге жеткізілді. Соның ішінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 9 млрд. теңгенің сегіз жобасы жүзеге асырылды. Турасын айту керек, осылардың бәрі де өзіндік сонылығымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берді. Бірқатар өнімдер бұрын-соңды тіпті республикада  шығарылмаған.

Әсіресе, «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған қашаулар мен бұрғылау мұнарасының бөлігін құрастыру бөлшектері – тың жоба. Кеңестік кезде олар тыстан тасымалданатын. Республикада мұндай бұйымдар дайындалмады. Енді, оны атыраулық кәсіпкер қолға алды. Ал, осы кәсіпорынның аса тереңдікті қазуға қуаты жететін ірі габаритті бұрғылау кешенін жасап шығаруы – елең етерлік жаңалық. Қазір мұндай күрделі қондырғының біріншісі іске қосылды. Жаңадан тапсырыс берушілер бар. Енді, аймақтағы отандық және шетелдік бұрғылау компаниялары мұндай қондырғыны ат арытып алыстан іздемейді, іргеден табады. Егер елімізде тұзасты түзілімдерін зерттеуге баса назар аударылып жатқандығын ескерсек, кәсіпорын өнімін сұраушылар жеткілікті болмақ.

«АтырауНефтеМаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісі де – аймақтағы үлкен жаңалық. Оның өнімдеріне қазірдің өзінде сұраныс бар. Алдағы уақытта Теңіз кенішінде жаңа жоба қолға алынатындығын ескерсек, шетелдіктер тарапынан да қызығушылық танытылмақ.

«БатысАльянсСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген тұрғын үй құрылысы комбинаты – өңірге өте қажетті кәсіпорын.  Аймақта тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысы жедел қарқынмен өрістеп отырған шақта жергілікті материалдар керек-ақ. Бұл комбинаттың игілігі – жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуімен қатар, құрылыстың өзіндік құнының арзандауына үлес қосуы.

Облыс басшылығы соңғы жылдары ауыл шаруашылығына ерекше ден қойды. Елбасы Атырауға кезекті сапарында аймақтың ауыр климаттық жағдайын айта тұрып, ішкі мүмкіндіктерді барынша пайдалануды тапсырған-ды. Өткен жылы агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 1,8 млрд. теңгелік бес жоба мәреге жетті. Сүті мол мүйізді ірі қара өсіруді бастаған «1 мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оның азығын да қамтыған. Мұнда былтыр гидропоника жүйесін пайдалану арқылы балауса шөп және биогумус өндірісі қатарға қосылды.

«Caspian RoyaI Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлы-бекіре фермасын пайдалануға берді. Аты айтып тұрғанындай, «Алмалы құс» шаруашылығында құс өсірілуде. Оның өнімдері атыраулықтардың көңілінен шығады. Таяу уақытта мұнайлы мекен жергілікті жұмыртқамен толық қамтамасыз етіледі. Демек, оны Ресейден тасымалдау тауқыметінен құтыламыз.

«Алға-1» шаруа қожалығы шұбат, қымыз, айран секілді сүт өнімдерін өндіруді жолға қойды. «Жұмағалиев» жеке кәсіпкерлігінің жылыжайы қатарға қосылды. «Ганюшкин егін өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өңдеу цехын пайдалануға берді. «Карат» шаруашылығында қалбырдағы ет шығарыла бастады.

Атырау әлемнің елуден астам мемлекетімен экономикалық қарым-қатынас орнатқан. Бізде 900 шамалы бірлескен және шетелдік компаниялар қызмет істейді. Индустрияландыру картасы шеңберінде инвесторлардың қатысуымен алты ірі жоба жүзеге асырылды. Өткен жылғы сәуірдің басында өткен «ATYRAU INVEST-2014» халықаралық бизнес форумына әлемнің 15 мемлекетінен 100 шақты компания қатысты. Соның  барысында жалпы құны 19 млрд. теңгелік 15 меморандумға қол қойылды.

Бұл – жай құжат емес, нақты істердің     іргетасы. Өйткені, алдыңғы жылғы осындай форумда қол жеткізілген уағдаластық нәтижесінде инвесторлармен бірлесіп аймақта жел энергиясы стансасы, фармацевтикалық зауыт, т.б. жобалар жүзеге асуда.

Атыраулық кәсіпкерлер экономикалық байланыстар орнату мақсатында Түркия, Германия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан, Беларусь, т.б. алыс-жақын шет елдерге барып қайтты. Ал, бізге Түркияның, Германияның және Данияның компаниялары келіп, энергетика саласында баламалы жобаларды ұсынып отыр. Америкалық бизнес иелері машина жасау мен мұнай-химия саласына қызығушылық танытуда. Инвесторлармен байланысты одан әрі жақсарту үшін «Атырау Инновейшнс» мекемесі құрылды.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста мұнай-химия, мұнай-газ машина жасау, құрылыс және агроөнеркәсіптік кластерлер дамымақшы. Бұлардың барлығы үшін алғышарттар бар. Экспорттық әлеуеті де жоғары. Олардың әрқайсысын саралап, болашағын бағдарлауға болады. Демек, Индустрияландыру апталығы кезінде Атырау облысының айтары әлі көп.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз