УНИВЕРСИТЕТ ТАРИХЫНА ҰҚЫПТЫ КӨЗҚАРАС КЕРЕК
…Өлкеміздегі ұзақ жылдар бойы жоғары білім беріп, туған еліміздің халық шаруашылығының әртүрлі саласына мыңдаған білікті де, білімді мамандар дайындап келе жатқан бірден-бір білім ордасы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің өткен тарихына үңілсек, былайша өріледі. 1940 жылдың 1 қыркүйегінде Гурьев екі жылдық мұғалімдер институты, 1950 жылы 14 маусымда Гурьев мұғалімдер институты, 1955 жылы 16 маусым күні Гурьев педагогикалық институты, 1992 жылдың 21 ақпанында Атырау педагогикалық институты, 1994 жылы 23 мамырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық институты, сол жылдың 2 маусымында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
Облыстық мемлекеттік мұрағат қорындағы құжаттарда университет бастауын сонау 1940 жылдан алатындығына назар аударсақ, биылғы жылы 75 жыл толатындығына көз жеткіземіз.
…1938 жылы құрылған облыс орталығы Гурьев қаласында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының бекіткен мамандығы бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысын басшылыққа алған Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылдың 1 қыркүйегінде екі жылдық мұғалімдер институтын ашу туралы шешім шығарған. Шешімге Еңбекшілер кеңесі облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Тастайбеков пен хатшының уақытша міндетін атқарушы Нестрев қол қойған.
Қабылданған шешім бойынша жаңадан ашылатын педагогикалық институтқа қаладағы педагогикалық училищенің оқу ғимаратын беруге және аталған училищеге бұрынғы Ленин атындағы бастауыш орта мектептің ғимаратын беру және 120 студентке арналған жатақхана ғимаратын қарастыру облыстық атқару комитетіне жүктеледі. Сонымен бірге, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне 1941 жылдың жоспарына институтқа жаңа оқу корпусын және 500 орындық студенттер жатақханасын салу өтінішін білдірді.
Институт тарапынан берген сұраныс бойынша «Қазақ Кітап» орталығының директоры Алексеевке институттың кітапханасын қажетті оқу құралдарымен, оқулықтар, әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеттелді.
Облыстық оқу бөлімінің бастығы Сержановқа институтты ашуға дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін, біріншіден, 1 маусымнан бастап дайындық курстарын ұйымдастыру, екіншіден, Қазақ үкіметінің бекіткен жоспары бойынша институтты толық студенттер құрамымен, яғни 120 студентпен қамтамасыз ету, үшіншіден, профессор-оқытушылар құрамын іріктеп, жасақтау, төртіншіден, оқу құралдарымен, оқулықтармен, әдебиеттер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жүктеледі. Қабылданған шешімнің негізінде облыстық оқу бөлімінің бастығына шұғыл түрде институттың директоры мен директордың оқу және ғылыми істері жөніндегі орынбасарын сайлап, Қазақ КСР Халық ағарту Комиссариаты мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Жоғары мектеп істері жөніндегі комитетке бекітуге ұсыну міндеті қоса жүктелген (Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты 855-қор, 1 тізім, 35 іс, 140-140 артқы п.).
Гурьев екі жылдық мұғалімдер институтының тұңғыш директоры болып Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Әбді Бошынұлы Тұрсынбаев жолдамамен келді. Алғашқы директор бұған дейін Семей педагогикалық институтында проректор қызметін атқарған болатын.
Университетте 1959 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан профессор, ұзақ жылдар тарих-филология факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарған Жиенбай Базарбайұлы Бақи өз естелігінде, «60-шы жылдардың аяқ шенінде Жайықтың жағасындағы облыстық өлкетану мұражайының ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кейін ашылу салтанатына қатысқанында, бұл шараға қатынасқан бірінші хатшы О.Көшеков және Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Б.Саппаевтың өзара әңгімесіне куә болғанын» айтады.
Мұражайда жасақталған экспонанттарды аралап келе жатқан олар Гурьев педагогика институты туралы жасақталған мәліметтерге назар аударады. Б.Саппаев: «Бұл қалайша екен? Институттың бастауы сонау 1940 жылдан болуы керек еді. Ал, мұндағы мәлімет 1950 жылдан басталады екен, мұражай қызметкерлері білмеді ме екен?» деген пікірін білдіреді. «Сол тұста институттың Ленин орденді ұстазы Сабыр Қазыбаев та осындай пікір білдіруші еді, өкінішке орай уақытында жазып алмаппыз», — дейді ол.
Алайда, сол кезеңде аса қиыншылықпен ашылған институт 1941 жылдың 22 маусымында соғыстың басталуына орай жабылып қалды. Өкінішке орай, облыстық мемлекеттік мұрағат қорында 1940-41 жылдардағы аталған мәселеге қатысты құжаттар сақталмаған. Ендігі алда тұрған міндет дәріс берген және алғашқы қабылданған студенттер туралы мәліметтерді Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағат қорларынан іздестіру деп білеміз. Олай дейтініміз, шешім қабылданған соң Еңбекшілер кеңесі облыстық атқару комитеті мен жергілікті партия, кеңес органдары қол қусырып, қарап отырмағаны белгілі. Себебі, сол кезеңде қабылданған шешімдер мен қаулылар қатаң бақылауда ұсталып, оның жүзеге асу шаралары міндетті түрде қарастырылатын.
Дегенмен де, қазір бастауын өткен ғасырдың 40-жылдарынан алатын «білім ордасының тарихы 1950 жылдан бастау алған» деген пікір қалыптасқан. Оған дәлел 1990 жылы институттың 40 жылдығы, 2000 жылы 50 жылдығы, 2005 жылы 55 жылдығы, 2010 жылы 60 жылдығы аталып өткендігі белгілі.
Міне, университеттің құрылу тарихына қатысты азды-көпті пікіріміз осындай…
Аққали АХМЕТ, Халел ДОСМҰХАМЕДОВ атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.
Нақты дерек:
…1938 жылы құрылған облыс орталығы Гурьев қаласында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының бекіткен мамандығы бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысын басшылыққа алған Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылдың 1 қыркүйегінде екі жылдық мұғалімдер институтын ашу туралы шешім шығарған. Шешімге Еңбекшілер кеңесі облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Тастайбеков пен хатшының уақытша міндетін атқарушы Нестрев қол қойған.