ОТТАЙ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС

Сонау 1949 жылы мен алғаш рет Гурьев педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Аталған оқу орнына әр жылдары әртүрлі атау берілді. Педтехникум, педучилище, қазір гуманитарлық колледж атанғанымен білім беру деңгейі еш төмендеген емес.

Біздің балалық шағымыз ашаршылық, кейін Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен әрбір іске ынтамен, байыпты көзқараспен қарайтын едік. Намысқа тырысып оқитынбыз. Студенттік өмір қызықты іс-шараларға толы өтті. Бүгінде сол кездегі мұғалімдерді көзімізге жас алып, ризашылық сезіммен еске аламыз. Атап айтқанда, әдістемеші Жапақ Қаражігітовтен алгебра мен геометриядан жоғары теориялық білім алсақ, ол кісі қосымша сабақтарда математикалық анализдердің негізін түсіндіретін. Өзінің математикаға деген сүйіспеншілігі сол, Жапақ Қаражігітұлы әрбір сабағында «Математика – ғылымдар патшасы» деген сөзді қайталаудан жалықпайтын еді. Еңбегі еленіп, оның есімі кейінгі жылдары қаладағы мектептің біріне берілді.  Ал, классикалық музыкаға, халықтық әнге бізді баулыған Владислав Кимнің есімін әлі күнге ұмытпаймыз. Ол әрбір сабақты қызғылықты өткізуге тырысатын. Сыныптан тыс уақытында студенттерге белгілі композиторлар Бах, Бетховен, Чайковскийдың шығармашылығы жайында әңгімелейтін. Облыстық, қалалық халықтық әндер фестивалінен училищенің педагогикалық ұжымы жүлделі бірінші орын алып жүрді. Отан тарихынан Зульфат Ысқақова мазмұнды сабақ өткізді. Оның дәрісінен көп кездесе бермейтін дидактикалық материалдарда немесе таптырмайтын кітаптарда бар танымдық қиын тақырыптармен көбірек таныстық.

 

Педагогикалық ұжымның жұмысының алға жылжуында сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі Сатымғали Қабделовтің де еңбегі зор. Ол – табиғатынан үндемейтін, айналасына мейірімді, жылы жүзді, кәсібінің білгірі. Қашанда жас мұғалімдердің жағдайына алаңдайтын. Қазіргі уақытта ол – колледждің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы. Бұл ұжымда көп жылдан бері мұғалім болған Базарбай Ищановтың да есімін ерекше атар едім. Есімі республикаға танылған білікті кадрлар қатарында тамаша психолог-педагог Ғайни Сұлтанова бар. Ол зерттеу монографиялық бірнеше еңбектердің авторы ретінде педагогтар арасында танымал.

Атырау гуманитарлық колледжі – бұл орта буын педагог-тәрбиешілерді дайындайтын шеберхана. Атырау гуманитарлық колледжінің білім беру базасын нығайтуда, оның алға жылжуына еңбек сіңірген білгір педагогтар мен оқу орнынан түлеп  ұшқан алғашқы  түлектердің  есімдері қашанда ыстық.

 

Айман ҚАЛЕНОВА,

 

Ы.Алтынсарин медалінің иегері,

 

Білім беру ісінің ардагері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз