ГҮЛЗАДА – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПСИХОЛОГЫ

Жуырда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты қаладағы №2 орта мектеп базасында «Жылдың үздік психологы» облыстық байқауын өткізді. Байқауға облысымыздың аудандары мен Атырау қаласынан барлығы 13 психолог қатысты. Олардың бірі балабақшаларда жұмыс істесе, ендігілері орта мектепте қызмет  жасайды.

Кезінде дарынды педагог Константин Ушинский «Адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін оны жан-жақты зерттеу қажет» деген. Шынымен де, бала нені жақсы көреді, нені жек көреді, қандай түсті ұнатады, қайсысына қырын қарайды –  осындай  зерттеулерді жүргізіп, оны тереңнен танып-білгеннен кейін ғана тәрбиелеу педагог үшін оңайға түседі екен. Ал, байқаудың басты мақсаты шығармашыл, талантты және кәсіби құзыреттілік деңгейі жоғары педагог-психологтарды айқындау, оларға қолдау көрсетіп, барынша ынталандыру болды.

Өзара сынға түсуші психологтар өздерін таныстыру, зерттеу жобасын немесе өздері таңдап алған тақырыптағы авторлық бағдарламасын ұсыну, түрлі психотехникаларды пайдалана отырып, психологиялық-педагогикалық жағдаяттарды шешуден сайысты. Бір күнге созылған байқау барысында психолог мамандар барынша ашылып, өз жұмыстарын көрсетуге ұмтылды. Ақтық мәреде ең мықты, ең таңдаулылар жүлделерге ие болды. Сонымен, облыстық «Жылдың үздік психологы» байқауының бас жүлдесіне Гүлзада Мағазова (Исатай ауданы Х.Нәубетов атындағы орта мектеп) ие болды.

Бірінші орын құрманғазылық Ирина Саутинаға (М.Әуезов атындағы орта мектеп) бұйырды. Атап өтерлігі, Ирина өзін таныстыруда қазақша сөйлеп, көрермен қошеметіне бөленді. Екінші екі орынды – Аңсағаным Құспанова (Қызылқоғадағы №1 мектеп-гимназия) мен Нұргүл Құттығұлова (Атырау қаласындағы №36 орта мектеп), үшінші үш орынды – Бақытгүл Нұрмағанбетова (Махамбет ауданы Чкалов орта мектебі), Жанар Ғалиева (Мақат ауданы Х.Санбаев атындағы орта мектеп), Айымгүл Таңбайқызы (Жылыой ауданы №7 жалпы орта білім беретін мектеп) бөлісті.

Бұлардан басқа Әйгерім Баданова (Жылыой ауданы) – «Зерттеуші психолог», Нұржауған Бекенова (Мақат ауданы) – «Менеджер психолог», Эльмира Шаймарданова (Исатай ауданы) – «Шебер психолог», Айжан Сәбенова (Атырау қаласы) «Креативті психолог» атанды. Ал, бас жүлдегер Гүлзада Мағазова  республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады. 

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз