ДАРЫНДЫЛАР СЫНАЛАТЫН КЕЗЕҢ

Өткен бейсенбі күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада салтанатты жағдайда ашылды.

Олимпиаданың ашылуында облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев жиналған барша ұстаздар мен оқушыларды Жаңа 2015 қой жылымен құттықтап, бар жақсылықты тіледі. 

– Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз қай кезде де білім саласына үлкен мән берді. Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында біздің алдымызға нақты тапсырмалар көрсетілді. Білім неғұрлым сапалы берілсе, оқушының ой-өрісі кең, өзіне деген сенімі де зор болады. Біздің елімізде білсем, үйренсем деген жастарға, әсіресе, дарынды ұл-қызға барлық жағдай жасалған.

– Білім беру саласы біздің облыста да барынша өркендеп, даму үстінде. Өткен жылдың өзінде төрт мектеп, 17 балабақша пайдалануға берілсе, 30 мектеп пен төрт балабақша күрделі жөндеуден өтті. Барған сайын білімді шәкірттер қатары өсуде. Мәселен, бұрынғы олимпиадаларға облыстан 405 оқушы қатысқан болса, биылғыға 673 шәкірт қатыспақ. Осылайша біз сапалы біліммен қаруланған оқушылардың жағдайын жасап, оқу-білімге, ілім-ғылымға деген талпынысы мен талантын ұштай беретін боламыз. Алда дарынды оқушылардың екінші форумы өтеді деп жоспарлап отырмыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, олимпиадада жақсы білімді шәкірт қана шыңға шығады! – деді Берікқали Жоланұлы.

Мұнан кейін облыстық олимпиадаға қатысушылар атынан қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушысы, Бразилияда өткен халықаралық ғылыми жобалардың математика пәні бойынша күміс жүлдегері Талғат Егізбаев, қазылар алқасы атынан «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кеңесшісі, доцент Нұрзила Сәрсенова сөз алды. Олар «білекті – бірді, білімді мыңды жығады» дей келіп, бақ пен баптың қатар шабар тұсында оқушыларға сәттілік тіледі.

Облыстық олимпиаданың ашылу салтанатында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының «Айжанқыз» би ансамблі, жас әншілері – А.Шынғазиев, М.Айтасов, М.Жантемірова, А.Айнабекова, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің домбырашылар ансамблі, әншілер – Б.Баубек, Б.Ізбасарова тамаша өнер көрсетті.

Лиза СЕЙТІМОВА.       

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз