«БІЛІМДІ ШӘКІРТ – ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІ»

Бір қолымен бесік тербетіп, отбасының ұйытқысы болған әйелдер өзге кәсіпті де дөңгелентіп, зор жетістіктерге жете алады. Ару көктемнің алғашқы мерекесі басталар тұста біз де мамандығына қалтқысыз қызмет етіп, үлкен ұйымға жетекші болып отырған ұлағатты ұстазбен тілдесуді жөн көрдік. Кейіпкеріміз – Маржан Ғалымжанова. Ол – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің  Құрметті қызметкері.

 Маржан Әнесқызы, сіз –  әйел, ана, ұстазсыз. Сонымен қатар, облыс көлеміндегі мұғалімдер біліктілігін арттыру орталығы сынды үлкен мекеме басшысысыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Орталықтың ұйытқы болуымен бұл күнде көптеген жаңашыл бастамалар жүзеге асуда. Осы жөнінде толықтырып өтсеңіз…

– Күннен-күнге қарыштап дамыған жаңару, жаһандану заманының сұранысы жоғары. Бұл бәсекеге қабілетті білім жүйесін құрудың басы болып саналады. Қазір елімізде сапалы білім беруге және оған қол жеткізуге барлық алғышарттар бар. Қазақстан Республикасында білім беру жүйесі жаңғыртылып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы осынау уақыт талабымен құрылды. Орталық жұмысының ғылыми және инновациялық бағыттылығының нәтижесінде атқарылып жатқан игі істер мол. Ұжым оқытушылары күш-жігерін  жастар тәрбиесі мен біліміне арнап, әр шәкірт бойына ғылым мен білімнің негізін қалап, бәсекелестік пен өркениет жолына бағыттайтын облыс ұстаздарымен бірлесе еңбек етуде.

Біздің алдымызда өз мамандығына қажетті кәсіптік дағдыны, педагогикалық қабілетті жетік меңгерген, үнемі жаңаға ұмтылатын, рухани дамыған, шығармашыл тұлға, яғни, жаңа формация мұғалімін дайындау міндеті тұр. «Назарбаев зияткерлік мектебінің» тәжірибесін тарату мақсатында орталық жанынан сертификатталған мұғалімдердің қауымдастығы құрылды. «Білім беру ұйымдарында электрондық оқыту жүйесінде оқытуды басқару» тақырыбындағы «е-learning» жобасына енгізілген облысымыздың 30 білім беру ұйымдарының педагогтары да курстан өтті. 

– Аталған орталықтың қолдауымен шет елдерде біліктілігін арттыру курстары өткізіліп келе жатқанынан да хабардармыз… 

– Иә, институт жақын шет елдермен халықаралық байланыста. Шетелдік тәжірибені үйреніп, білім саласына енгізу мақсатымен біздің қызметкерлеріміз өткен жылы Англия, Франция, Австралия, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясында болып, тағылымдамадан өтіп келді.  Ұлттық идеясын қалыптастырған елдердің қайсысының тәжірибесі бізге бәрінен сай келеді десек, бұл өте күрделі мәселе, себебі, әр мемлекеттің әр адамның тағдыры сияқты, өзінің жеке, қайталанбас даму жолы бар. Біз оларды сараптай отырып, өзімізге үйлесімдісін үйренуге тиіспіз. Сонымен қатар, институт өзара тәжірибе алмасу мақсатында ТМД елдерінің, оның ішінде Ресейдің сегіз жоғары оқу орнымен, Қырғызстанның бір жоғары оқу орындарымен халықаралық байланысты нығайтып отыр.

– Қалыптасқан түсінік бойынша, «мұғалімдік – әйел адамның мамандығы» деген стереотип бар екені жасырын емес. Сала басшысы ретінде осыған қалай қарайсыз? Жалпы, ер адамның бұл салаға сирек келуінің сыры неде деп ойлайсыз?

– Негізінен, тәрбие тұтқасы әйел адамдар қолында екені шындық. Еліміз бойынша мектептерде 81 пайыз әйелдер адамдар еңбек етуде. Мектептегі барлық жұмыс, негізінен, әйел мұғалімдердің мойнында. Мектеп ұжымында ер азаматтардың үлесі мол болса, оқушылар да соны тыңдайтыны, үлгі тұтатыны сөзсіз. Ер мұғалімдердің үлесі әйелдерге қарағанда басым немесе тең болғаны оқу-тәрбиеге жағымды ықпал етпек. Мектептерде ер мұғалімдердің директор, директордың орынбасары болуына барынша мән берген жөн. Дене шынықтыру, әскери білім, шеберхана оқытушылары ер мұғалімдерден болса, бұның өзі әсіресе ұл балаларға оң ықпал етеді. Өкінішке орай, мектепке келетін ер мұғалімдер саны аз. Ол енді мұғалімдер жұмысының күрделілігінен, тынымсыздығынан, жалақысының аздығынан, жауапкершілік жүгінің ауырлығынан болар деп ойлаймын.

– Өзіңіз де ғылыммен айналысасыз, педагогика ғылымдарының кандидатысыз. Жалпы отбасы, ошақ қасының күйбең тірлігімен қоса, ғылымның ауыр жүгін арқалау әйел заты үшін қаншалықты қиын?

– Қазіргі заманымызда біздің қазақтың қыздары, әйелдері билікке де, бизнеске де, ғылымға да баруға шамалары толық жетеді, мүмкіншіліктері бар. Алайда, сол билікте, ғылымда әйелдердің саны неге аз десек, ол жалпы, әйел қауымына табиғаттың берген алғашқы міндеті – ана болу, отбасы берекесін келтіру. Сондықтан, көп жағдайда әйелдеріміз ерлеріне жол ашуға тырысады, табыстарына көместесіп, көлеңкесінде жүреді. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбие беріп, үлкен өмірге саналы азамат ретінде қосуға үлкен мән береді. Жалпы, қоғамда әйелдерге ешқандай шектеу қойылмайды. Тәуелсіз еліміздің әйелдері мемлекеттің даму үрдісіне ер-азаматтармен қатар көп үлесін қосып келе жатыр. Қазақ әйелдерінің намысшылдығы, ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ерекше. Мен оны әрдайым мақтанышпен айта аламын. Негізі қазіргі заман әйелдері бәріне үлгеру керек деп ойлаймын. 

– Таяуда ұлыңыз физика саласы бойынша халықаралық олимпиадаға қатынасты. Жалпы, бала білімді болуы үшін отбасындағы тәрбиенің қаншалықты маңызы бар?

– Әрине, бала тәрбиесінде отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Отбасында адамның жеке басының адами қасиеттері қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, отбасы жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді. Ертеңгі еліне қызмет ететін азамат, бүгінгі баланың сапалы да, тәртіпті қоғам мүшесі болып шығуы –  әрбір отбасының өз қолында. Сондықтан да, бала тәрбиесінде отбасы тәрбиесінің  ықпалы зор деп айта аламын. «Балапан баулымаса қыран болмас» деген емес пе?

– Креативтілік заман талабы дейміз. Білім беру саласындағы реформалардың тағы бірі – дуальды оқыту. Осы шаралардың нәтижесі туралы нақты мысалдармен атап көрсетсеңіз екен. 

– Дуальды оқыту жүйесі бүгінгі өмір талабынан туындап отыр. Бұл оқыту технологиясы белгілі бір жолға қойылды деп айта алмаймын. Қазір техникалық және кәсіптік білім беру орындарында бұл жүйенің элементтері ғана енгізілуде. Дуальды оқыту жүйесі оқытудың барлық кезеңінде компанияда өндірістік оқыту мен оқу орнында теориялық оқытуды біріктіреді. Бұл жүйе Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швейцария сияқты көптеген еуропалық елдерде және соңғы жылдары Қытайда және Азияның басқа да елдерінде кең тараған.  

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау білім мен ғылымның және өндірістің тығыз байланысымен негізделеді. Осы үштік одақтың бірлігі ғана нарық талабына жауап беретін маман дайындау механизмдерін жүзеге асыра алады. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында дуальдық оқыту жүйесі бойынша еңбек нарығының сұранысына сай мамандыққа тапсырыстар алынуда. Кәсіптік маман дайындауда саннан сапаға көшіп, оқу орындары атына заты сай, бүгінгі сұранысқа ие, еңбек нарығына қажетті мамандар дайындауды қолға алуы керек. Бәрі заңды басшылық құжаттарымен жүзеге асса жөн болар еді. Бұл жүйемен жұмыс жасауға ірілі-ұсақты өндіріс және кәсіпорындарды тартып, ынтымақтаса жұмыс жүргізген жағдайда жастарды жұмыспен қамту оң нәтиже бермек.  Оқу үрдісіне дуальды білім беру жүйесін сәтті енгізу көптеген  мәселелерді шешуге мүмкіндік жасайды.

– Мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында Елбасы тарапынан да үлкен шаралар алынуда. Мемлекеттік қызметшілер ретінде, жалақысын көтеру, тұрғын үймен қамту деңгейі де қарқын алуда. Десек те, ұстаздық тапшы мамандықтың бірі болып келеді…

Жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады, қоғамдағы жаңа өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Ұстаз негізі болмысынан жаңалыққа жаны құштар, жаршысы болуға тиісті жан. Кейбір мамандықтар болмаса мұғалім тапшы мамандық деп айта алмаймын. Облыс ұстаздары қашан  да бірліктің, ұйымшылдықтың, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз еңбек етудің, мемлекет ұстанымын қолдаудың үлгісін танытып, инновациялы еңбектерімен таныла береді деп есептеймін.

– Қағазбастылықтан арылу қажет деп қанша жерден айтқанымызбен, мұғалімдік – көп қағаз жазатын мамандықтың бірі. Осы орайда не айтар едіңіз?

– Бұл мәселе – мемлекет назарында. Мұғалім жұмысы негізінен үздіксіз ізденіспен, тынымсыз еңбекпен жасалатын қызмет. Өзгермелі өмір талабына сай жұмыс ауқымы кеңіген сайын, талап та күшеюде. Электронды оқыту жүйесіне, ақпараттық технологияның неғұрлым жетілген түріне қол жеткізген уақытта қағазбастылық мәселесі шешімін табатын шығар деп ойлаймын.

Сөз соңында мерекелік бір ауыз тілегіңізді білсек деп едік…

– Ұстаз-аналарды, қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтай отырып, олардың білімді, өз маманының асқан шебері атанып, шығармашылықпен еңбек еткендерін қалаймын. Ұрпақ тәрбиесі қашан да жауапты. Ұстаздарға төзімділік пен саламатты денсаулық тілеп, ғылым мен технологияны игеруде алдыңғы қатарда болыңыздар демекпін.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз