БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ЗЕРДЕШІСІ

Жалынды патриот, әрі ғалым, әрі киелі өнер иесі және өз мамандықтарының білгірі ретінде Атырау  өңірінде кейінгі толқын жастарға үлгі өнеге  болып  жүрген  тұлғалардың бірі, әрі бірегейі, тарихшы-ғалым Шахман   Нағымұлы  Нағымов  десек,  қателеспеспіз. Шахман Нағымұлының өмір  белестеріне  көз  салсақ, абыройлы  азамат  тұлғасының  әсем  айшықтарына  куә  боламыз.

 

Елімізге  жеңіс  лебін  ала  келген  1945 жылы Атырау облысының Зеленый  селосында  колхозшы  отбасында  дүниеге  келген   Шахман   Нағымұлы  орта  мектепті  бітіргесін Гурьев  педагогика  институтына  оқуға  түсіп,  тарих  пәнінің  мұғалімі мамандығын  алып  шықты. 1971 жылдан Атырау  қаласының №6 және №19 орта  мектептерінде  қарапайым  ұстаздықтан оқу  ісінің  меңгерушісі,  мектеп  директоры  қызметтерін  абыроймен  атқарды.  1977-85  жылдар  аралығында  облыстық  білім  бөлімі  инспекторы,  облыстық  мұғалімдер  білімін  жетілдіру  институтының  кабинет  меңгерушісі,  кейін  директоры  қызметтерінде  оқу  ісіндегі  жаңа  бағыттарды  енгізумен  және  алдыңғы  қатарлы  озық  тәжірибелерді  таратумен  айналысты.

2002  жылдан  бері  Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау  мемлекеттік  университетінде  «Қазақстан  тарихы»  кафедрасында болашақ  ұстаздарға  дәріс  оқиды. Қай  салада  жүрсе  де  ғылыми  ізденісін  жалғастырды. Студенттік  кезеңде басталған  ғылымға  деген  бет  алыс,  кәсіби  тарихшы-ұстаз  қызметінде де жаңаша тың  серпінмен  жалғасты. 2000  жылы  Ыбырай  Алтынсарин  атындағы  Қазақ  білім  академиясында   «Батыс  Қазақстанда  ХІХ ғасырдың   ІІ  жартысындағы және  ХХ  ғасырдың  І  жартысындағы  білім  беру  ісінің  дамуы»  деген  тақырыпта  педагогика  ғылымдарының  кандидаты  дәрежесін  алу  үшін  диссертациясын сәтті қорғады.

Аймақтағы  халық  ағарту  ісінің  қалыптасу  және  даму  тарихын  зерделейтін  тың  материалдар  негізінде  1999  жылы  «Атырау –  білім  өлкесі»  атты  зерттеу  еңбегі,  2003- 2008  жылдары үш томдық  «Атырау  мұғалімдерінің  энциклопедиясы»  сынды  еңбектері  жарық  көрді. Қазақстан  жоғары  мектебінің  ұстазы  ретінде,  болашақ  мамандарға  сапалы  білім  нәрін  беруде  көп  ізденіп,  оқитын  дәрістерін  шығармашылықпен  дамытты.   2010-2012  жылдары  Білім  министрлігі  мақұлдап  «Мәдениеттану»  және  «Қазақ  халқының  рухани  мәдениетінің  тарихы»  атты  оқулықтары  республикалық  баспадан  шығып,  студенттер  қауымының  көзайымына  айналды.

Шахман  Нағымұлы  1930-1950  жылдары  «қызыл  империяның»  мұғалім  мамандарына,  көзі  ашық  зиялы  қауым  өкілдеріне  қарсы  жасаған  «жазалау»  науқанын  зерттеп,  тиісті  әділ  бағасын  алуына жұмыстанды.  Сол  бір  «зұлмат»  жылдар  тарихына  қатысты  деректерді  тірнектеп  жинап,  талай  рет  Ұлттық  қауіпсіздік  комитеті  мұрағатын  ақтарды, «нәубет»  құрбандарының  көзі  тірі  ұрпақтарын  іздестірді. Әріптес  ғалымдармен  байланыс  және  тынымсыз  ізденіс  нәтижесінде жуырда  Астанадағы  «Фолиант»  баспасынан  «Азалы  ақ  кітап»  атты еңбегі басылып  шығып,  оқырманға  жол  тартты.

Кітапта «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген мұғалімдер Иманғали Адаев, Мергенғали Дүйсенғалиев, Адлер Франц Петрович, Қазмұқаш Ибрашев, Өмірзақ Исмурзин, Ким Чан Се, Сан Хи, Сухарев Сергей Иванович, Әбілғали Таңқыбаев, Рахманберді Тыншимов  есімдерімен  қатар репрессияға тартылған атыраулық 48 зиялы азаматтардың  өмір-деректері  берілген. Бүгінгі  күндері  қазақ  тарихын  жаңаша  көзқараспен  зерделеу  бағытында  да  тынбай  еңбектеніп,  атыраулық  ақын-жыраулар  Мұрат  Мөңкеұлы, Ығылман Шөрекұлы  және басқалардың  шығармаларының  тарихи  дерек  ретіндегі  қырларын  зерттеу  үстінде.

Әркез  қарбалас  іс  басында  жүрген  ғалым-ұстаздың  биік  болмысы  оның  азаматтық  қырларын  айшықтайды. Себебі, бұл қатарларынан  әрдайым  алда  жүріп, күнделікті  өмірдің  терең  ағысына  қарсы  жүзіп  шыныққан  абзал азамат  үшін  табылған  нақыл  іспетті.  

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,

тарих ғылымдарының докторы,

Қылышбай

СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының  кандидаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз