АТЫРАУЛЫҚ СТУДЕНТТЕР – ПОЛЬШАДА

Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли Әбішев Польшаның Лешно қаласындағы Ян Амос Коменский атындағы Мемлекеттік жоғары кәсіби оқыту мектебінде бір семестр білім алған студенттермен кездесу өткізді.

Кездесу кезінде ректор «Бұл бағдарлама бойынша соңғы жылдары біздің оқу орнының шәкірттері мен ұстаздары алыс-жақын шетелдерге барып, білімдерін ұштап, тәжірибе алмасуда. Алдағы уақытта да осы бағдарламаны жалғастыру жоспарланып отыр. Біз бірнеше елдің жоғары оқу орындарына ұсыныс жолдадық. Жуырда тағы бір топ студент Италия еліндегі Турин политехникалық университетіне жіберіледі. Қойылатын талап – олар оқуда үздік болып, шет тілін меңгеріп, ғылым саласына белсенді араласуы керек. Өйткені, қазір ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес», – деді. Ол, сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын осындай бағдарламалардың маңыздылығына кеңірек тоқталып өтті. Бұдан соң, Лешно қаласында білім алып қайтқан студенттер шетелде өткізген күндері туралы әңгімеледі. Кездесуге қатысушылар аталмыш оқу орнында білім алатын студенттердің жағдайы мен олардың білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерін баяндады. Польшаның көрікті жерлері туралы да өз әсерлерімен бөлісті. Кездесу соңында студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша өзге елде тәжірибе алмасуға қолдау көрсеткен институт басшылығына зор ризашылықтарын білдірді.

Польшада бір семестр оқып келген жастардың арасында қысқа уақыт ішінде өз білімімен және белсенділігімен шетелдік оқытушылардың назарына ілінген шәкірттер де бар. Институт басшысы Әли Әбішев оларға Лешно қаласындағы Мемлекеттік жоғары кәсіби білім беру мектебі ректорының Алғыс хатын табыс етті.

 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз