ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ҰЛ

Азаматтың қоғам өміріндегі орнын анықтайтын лауазымы, байлығы, ғылыми атағы, жасының ұзақтығы емес, оның адамдар, жұртшылық арасында жинаған бедел-абыройын және ар-ұятты берік ұстанып, айналасына жақсылық шапағатын шашып жүруінде жатса керек. Осындай биік межеден көріне білген азаматтың бірі – Әлім Үсен. 

 

Әлім Сауғабайұлы мұнайлы өлкеміздегі халқымыздың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Қызылқоға ауданының Миялы селосында дүниеге келді. Балалығын, жастығын күні бүгінге дейін саналы ғұмырын өткізіп, білім алып, Сәуле атты адал жарымен отау құрып, ұл-қыз, немере сүйген бақытты жанның бірі.

«Ер қазынасы – жүрген ізі» демекші, ол 1977 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітіріп, қазақ мектептеріндегі орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып, әкесі тамаша ұстаз Сауғабайдың жолын жалғастырды. 1983 жылға дейін Миялы селосындағы Крупская атындағы мектепте, ал 1983-2015 жылдар аралығында Сағыз селосындағы Қызылқоға аграрлық-техникалық колледжінде мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген кәсіби педагогтардың бірі.

Елбасы «Мен ХХІ ғасыр – Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл – бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», – деп келешектің кемелдігіне нық сенімін білдірді. Осы талапқа іспен жауап беру мақсатында Әлім Сауғабайұлы колледж студенттеріне тек білім беруші ғана емес, олардың бойына отансүйгіштік, елжандылық, ұлтжандылық, адамгершілік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді сіңірумен келеді.

Елбасы қарапайым еңбек адамдарын әр уақытта құрметтеуге шақырды. Өйткені, еңбек – өмір негізі.

«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Әлім Сауғабайұлынан тәлім алған шәкірттер білікті, кәсіби маман ретінде өндірістің барлық саласында табанды еңбек етуде. Қоғамдық өмірге белсене араласып, қазіргі заман тынысын түсіндіру, насихаттауда белсенділік танытып жүрген оның еңбегі еленіп, аудан, облыс, Білім министрлігінің және Елбасының Алғыс хаттары, мақтау қағаздарымен марапатталды.

Ұлын ұяға қондырған, қыздарын қияға ұшырған, сөйтіп, Алланың алғысына, ортасының үлгісіне, ауылының ұйытқысына айналған өнегелі отбасының басшысы болып отырған Әлім Сауғабайұлына жолдастары, туған-туыстары дән риза.

Үлкен қызы Лида – ағылшын тілі маманы. Риммасы – білікті теміржолшы, Дарханы – дәнекерші, келіні Айгүл – ағылшын тілі мұғалімі, Райханы – логопед. Олардан өрбіген немере-жиендері көз қуанышы болып жүр.

Құдалары да Қазақстанның әр өңірінен. Сыйластықтары жарасқан, барыс-келісі үзілмеген, өркендері өсіп, өрістері кеңіп, бақытты шақта күн кешіп, ұл-қызына шуақ шашқан, ұрпақ ұйытқысы бола білген отбасылар.

Үнемі жақсылық ойлап, санасы сәулеленіп, келешек жолын айқындап, жақсымен қанаттас қонған, өрелімен сабақтас болған Әлім Сауғабайұлы – бақытты жан. Өйткені, еңбекпен келген бағы және текпен келген танымы, ел-жұртына қадірі, бауырынан өрбіген ұрпағы бар…

Гарибжан ӘБІШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз