«АЙРЕКС» ҚОРЫНЫҢ АТЫРАУДАҒЫ ҚАДАМЫ

Қазіргі заманның соңғы үлгідегі озық білім-білігін меңгермей, сауатты маман атану мүмкін емес. Осыны басты қағида етіп ұстанған «Айрекс» («ІREX») білім беру қорының республикадағы өкілдігі «Ақпараттық технологиялар ғасыры қоғамы» деп аталатын ең ауқымды жобасын қорытындылады. Жоба Атырау облысында 2010 жылдан бері «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асып келеді.

«Жыл басында қор облыстық және қалалық білім беру, Жылыой аудандық білім беру бөлімдерінің қолдауымен «Ақпараттық-техникалық ғасыр мұғалімі» деген атаумен жаңа бағдарламаны іске қосқан болатын. Бұл бағдарламаны «Теңізшевройл» компаниясы қаржыландырды. Жобаның негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдері мен кітапханашылар арасында ғаламтор ғажайыптарын үйрету. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл мемлекеттік тілдегі ғаламторды белсенді қолданушылардың санын арттыруға мүмкіндік береді. Сабақ мектептегі компьютерлік сыныптарда аптасына 3-4 рет өткізіледі» дейді аталған жобаның үйлестірушісі Манарбек Тасымов. «Болашақ» үкіметтік емес ұйымының директоры Жібек Бисенова, Фариза Оңғарсынова атындағы мектептің информатика пәнінің мұғалімі Айнұр Тағаева, отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушісі Рүстем Жаппаров өздерінің алған білімдерімен, сабақ нәтижелерімен бөлісіп, алғыстарын жаудырды.

– Күнделікті қызметте қолданатын «Excel», «Power Point», «Word» бағдарламаларынан бастап ғаламтордағы «Google» қызметінің барлық қыр-сырын меңгерген олар енді өздіктерінен онлайн жүйесіндегі форумдар мен блогтар құрып, жеке веб-сайт парақшаларын аша алады. Жобаның техникалық үйлестірушісі сауаттылық дәрістері өтетін компьютерлік сыныптарды қалыпқа келтіріп, модемдер орнатады, ғаламтор жүйесіне қосып, бағдарламалар қондырады. Құрылғылар істен шыққан жағдайда жобаның заманауи жабдықталған компьютерлері үйренушілер үшін әруақытта қолжетімді, – дейді «ТШО» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Гүлнар Айтжанова.

2010 жылдан бастап «Айрекс» үйретушілері компьютерлік сауаттылық бойынша түрлі тренингтер өткізіп келеді. Жобаның басты мақсаты – атыраулық және жылыойлық тұрғындардың ақпараттық-коммуникациялық білім деңгейін көтеру. 2013 жылдан бастап денсаулық сақтау мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, жылыойлық балабақшалар, «Шаңырақ» балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері және жұмыссыздар қамтылған. Жобаға осыған дейін барлығы 3500 мұғалім, 1500 оқушы қатысып үлгерген.

Жылыой ауданы бойынша жаттықтырушы Албина Қожахметова биыл ауданның 34 медицина қызметкері өз білімдерін шыңдағанын айтады. «Үйренуші топ құрамында кардиолог, дерматолог, онколог, хирург, медбике де бар. Басты талап – оқуға деген ынта және бос уақыт. Әуел баста компьютер алдына алғаш рет отырғандар кейін біраз бағдарламаларды іске қосуды үйренді. Енді жұмыс жоспары, есеп жүйесін құру, науқастарды тіркеу мен шығару, семинар жиындарының бағдарламаларын жасауда компьютер көмекке келетін болады. Әр қатысушы gmail.com жүйесі негізінде өз жеке парақтарын ашып, жұмысқа кірісіп те кетті. Алдағы уақытта тұрақты жұмысы жоқ азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар қызметкерлерін қамтитын боламыз» дейді ол.

– Қазір біздің барлық жұмысымыз электрондық сатыға көшті. Бірақ, өкінішке орай, қызметкерлеріміз компьютермен қалай жұмыс жасау керектігін онша біле бермейді. Осындай сауаттылық курстарының арқасында көзіміз ашылып, құжат-қағаздармен де, жұртшылықпен де жұмысты жеңілдетуге үлкен мүмкіндік туып отыр, – дейді құлсарылық емхананың бас дәрігері  Асылхан Кульчикова.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз