БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ – БЕРЕКЕ КӨЗІ

130129-06«Ембімұнайэнерго» басқармасы - «Ембімұнайгаз» АҚ-ына  қарасты 38 мұнай кен орны мен осы  салаға қатысты әлеуметтік нысандарды электр қуатымен үздіксіз қамтып, барлық жоғарғы кернеулі техникалық қызмет түрлерін көрсететін кәсіпорын. Құрамында 600-ге жуық адам еңбек ететін бұл еңбек ұжымын 40 жылға жуық энергетика саласында еңбек еткен кәнігі маман Ташкент Боранбайұлы Айтбаев басқарады.

Мұнайлы өлкенің  бас кеңсесі болып табылатын  аталған акционерлік қоғам өз алдына енші алып шыққалы жұмыс көлемі кеңейіп, еңбек тиімділігі арта түскен. Жаңа технология мен тың ізденістерді пайдалана отырып, энергия қуатын үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану, мұнай кен орындарының жұмысын тоқтатпау – басқарма басшылығының негізгі ұстанымы. Осы орайда Ташкент Боранбайұлының төрт ауыз толғамына назар аударалық.

Басты мақсат – Қазақстан мұнайының  қара шаңырағы атанған «Ембімұнайгаз» АҚ-ына қарасты барлық мұнай кен  орындарына, мұнайшыларға арналған әлеуметтік нысандарға үздіксіз энергия көздерін беріп, өндірісті тоқтатпау. Бұл орайда қол жеткен табысымыз да, түйінді мәселелер де бар. Әсіресе, табиғаттың тосын өзгерістері бізге үлкен қиыншылық туғызады. Мәселен, күн күрт суытқанда электр желілеріне тұрып қалған қыраудың кесірінен мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыстың тоқтап қалу фактілері кездесті. Осындай қиыншылықтың салдарынан 2011 жылы 2365 тонна мұнай жоғалтсақ, 2012 жылы бұл көрсеткіш 1362 тоннаға азайды.

Кедергілерге  ұрындыратын тағы бір себеп –  электр желілерінің ескілігі. Алды 30 жыл, соңы 80-90 жыл болған желілер күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осы желілерді күрделі жөндеуден өткізу үшін биыл 200 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Жылма-жыл мұнай өндіру көлемі өсіп келе жатыр. Бұл орайда қоғамға қарасты барлық кәсіпорындар алдында бір-ақ міндет бар. Ол – жұмыс ырғағының бәсеңсімеуі. Біз де осы мақсатта еңбек етеміз. Акционерлік қоғам болғалы жұмыс көлемі ұлғайып, жағдайымыз әжептәуір жақсара түсті. Басқарма, кеңес бұрынғыдай емес қасымызда. Бюджетке өзгеріс енгізу туралы ұсыныстарымыз болса, жақын жерден бара қоямыз. Сөйтіп, кәсіпорынның осылайша іріленуі жергілікті өндірістің өркендеуіне елеулі өзгерістер мен жеңілдіктер алып келді.

Жұмыстар негізінен  толықтай автоматтандырылған. Жиілікті өзгерту қондырғысы кен орындарының  барлығына дерлік қондырылды. Нәтижесі сол, қолмен атқарылатын жұмыстардың барлығы осы қондырғы арқылы жүргізілетін болды. Энергетика саласындағы жұмыстардың маңыздылығына Елбасының өзі назар аударып отыр. 2012 жылы Энергетиктер туралы заң қабылданды. Яғни, энергия қуатын үнемдеу – басты мақсаттардың бірі. 2014 жылға дейін бұрынғы қылды шырақты істен шығарып, ішінде сынап буы бар шырақты пайдалану жоспарланған. Бірақ, бұл адам денсаулығына зияны бар деген уәжбен тоқтатылды. Сөйтіп, оның орнына диодты шырақтарды пайдалану жөнінде кеңестер берілді. Бұл шырақтың ішінде сынап буы жоқ, экологиялық таза, әрі сапалы деген тұжырымды сертификаты бар. Біртіндеп өндіріске енгізе бастадық. Енді бірер күнде мұнай кеніштеріне қондыра бастаймыз.

Бұл шырақтың тиімділігі де дәлелденген. Мәселен, Жамбыл қаласында  көшелер осындай жарықпен ауыстырылыпты. Нәтижесінде бұрынғы төленетін 12 млн. теңгенің орнына 4 млн. теңге төлейтін болған.

Бұл үлкен үнемділікті  көрсетеді емес пе? Егер біздің қаламызға  да осындай жарық қондырылса, үнемделген қаржыны басқа қажеттіліктер  үшін пайдаланар ма еді деп ойлаймын.

Техника қауіпсіздігін  оқытып, үйрету мақсатында алты сынып  ұйымдастырылды. Аптасына бір рет  сабақ өткізіледі. Мамандар Астана, Алматы қалаларына барып оқып, білімдерін жетілдіріп келеді. Қызмет бабында  адам өміріне қауіп тудыратын  жағдайлар кездескен жоқ. Мен осыған қуанамын.

Жұмысшылар әлеуметтік жағынан толықтай қамтылған. Вахтамен жұмыс жасайтындарға үш мезгіл, бес  күндіктерге бір мезгіл тегін  тамақ беріледі. Тиісті нормаға сәйкес сүт өнімдері де беріліп келеді. Жұмысшылардың денсаулығы да бақылауға алынған. Күн сайынғы тексеріспен қоса, жылына бір рет профилактикалық тексеру жүргізіледі.

Еліміз дәстүрлі энергиялық ресурстардың мол қорына ие болса да, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі жаһандық проблемаға ерекше үн қосып отыр. Сөзіміздің дәлелі – Астана қаласында өтетін бүкіләлемдік «ЕХРО-2017» көрмесі. Тақырыбынан-ақ көрініп тұрғандай, Қазақстан ең өзекті, өмірлік маңызы зор мәселені көтеріп отыр. Ғалымдардың дерегі бойынша электр қуаты шикізатының азайып бара жатқандығы әлем халқының назарын аударуда. Сол себепті, энергияның балама түрлерін табу көзделуде.

Енді адамзат  энергия қуатын күннен, желден, судан  өндіре бастады. Бұл мәселе төңірегінде  әңгіме қозғалғалы да бірнеше жыл  болыпты. Бұл көрмеде барлық мемлекет өздерінің инновациялық, технологиялық жетістіктерін көрсетуге толық мүмкіндік алады. Астанада салынатын көрме қалашығы баламалы энергия көздері арқылы жұмыс жасайтын болады деп жатыр. Оған біздің еліміздің географиялық жағдайы толықтай сай келеді деп ойлаймын. Әрі оның тиімділігі де айқын дәлелденіп отыр. Сондықтан, өндірісті аймақ ретінде біздің мамандарымыз да жаңа бастамаға белсенді түрде атсалыспақ.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз