Баламалы ауыз су көзі: Көкжиде ме, әлде Жаңасу ма?

70229517 Жаңалықтар

Аtr.kz/23 сәуір, 2019 жыл. Облыс тұрғындары ауыз су үшін екі су қоймасын – Қиғаш және Жайық өзендерін пайдаланады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар ауыз судың баламалы көздерін іздестіру жұмыстарына басымдық беріп отыр.

Осы мақсатта облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жылыой ауданындағы Бали және Жаңасу су қоймаларының жағдайымен танысты. Аудандағы аталған екі кен орны болашақта ауыз су көзі ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, Атырау облысындағы барлық тұщы су қоймаларының тек екеуі ғана ішуге жарамды екен. Себебі, Жылыой ауданында орналасқан Бали және Жаңасу орындары аздап минералданған. Оңтүстік Ембі аймағында екі жер асты су көзі өңірді сумен қамтамасыз ету үшін «стратегиялық қор» ретінде қарастырылды. Мәселен, Жаңасудағы мақұлданған су қорының көлемі – тәулігіне 119 мың текше метр, ал, Балиде шамамен 8 мың текше метр.

Дегенмен, өткен ғасырдың 80-жылдарында бұл кен орындары соңғы рет зерттеліп, ғалымдардың бағалауы бойынша су қоймаларын белсенді қолданса, 20 жыл су тапшылығы болмайтыны анықталған. Қазір облыстың ауыз суға күнделікті қажеттілігі 140 мың текше метрді құрайды. Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті және «Sanai-Eurasia Petro Mashinery» компаниясы 2016 жылы осы екі кен орнының суын өндірістік қажеттіліктерге пайдалану туралы келісім жасасты.

Алайда, жұмыс орындалған жоқ. Аймақ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жер асты суларының кен орындарын пайдалану қомақты қаржы ресурстарын қажет етеді. Сонымен бірге, құбыр, электр желілерінің құрылысы салынуы керек. Бали және Жаңасу кен орындарындағы судың кішігірім қорын ескере отырып, сарапшылар олардың дамуын экономикалық жағынан қолайсыз деп санайды. Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Жаз мезгілінде бірқатар елді мекендерде ауыз судың жеткіліксіздігі байқалады.

Алайда, күн сайын даладағы ашық су ұңғымаларынан 60 мың тоннаға жуық су ағып шығады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Атырау облысында өздігінен төгілетін 180 ұңғыма бар. Олардың 53-іне халықтың өтініші бойынша жапқы салынған. Бірақ, бүгінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы ұңғымалардағы судың көлемі тұрғындар қажеттілігі үшін жеткіліксіз. Облыс басшысы тұщы су қоймалары бар аумақты тікұшақпен аралады. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға ұңғымалардың кімнің балансында екенін анықтап, жұмысын бақылауды тапсырды.

Кейіннен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін тұщы су көздері пайдаланылуы мүмкін. Жақында Ақтөбе облысында Көкжиде жер асты кенішін пайдалану үшін су құбыры құрылысының жобасы белсенді талқыланды. Бұл кен орнының бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, өткен ғасырдың 80-жылдарында кен орнын зерттеген сарапшылардың айтуынша, Көкжиде тәулігіне 800 мың текше метр таза су өндіре алады. Екіншіден, мұндағы су қосымша тазартылмайды. Үшіншіден, су қоры үнемі жер асты көздері арқылы толығады.

– Соңғы гидрогеологиялық зерттеулер Кеңес Одағы кезінде орындалған. Кейін Бали, Жаңасу және Көкжиде кен орындары пайдаланылмады. Сарапшылар бұл мәселені мұқият зерттеп, жағдайды бағалауы тиіс. Белгілі бір кен орнының суларын пайдалану қаншалықты орынды? Қазір су тапшы дей алмаймыз. Бірақ, бүгін бұл мәселені шешпесек, ертең біздің балаларымыз оған тап болуы әбден мүмкін, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Облыс орталығында жер асты суларының қоры жоқ. Сол себептен, Атырау – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жайықтың табиғи резервуарын пайдаланатын Қазақстандағы жалғыз қала. Аймақта Қиғаш өзенінің суы да қолданылады. Оның суы екі аймаққа – Атырау және Маңғыстауға құбыр арқылы жеткізіледі. Негізгі мәселе – жыл сайын Жайық және Қиғаш су қоймаларының азаюы. Болашақта Көкжиде кен орнының тұщы суын пайдалану ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуі мүмкін. Сондай-ақ, Жайық пен Қиғаш өзендерінің жоғары жағында орналасқан көрші елді мекендерге тәуелділікті азайтуы ықтимал.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз