Азаттықты жырлаған…

42238048 112785036352790 6710736299482939392 n Әдебиет

Таңатар Дәрелұлын танығаныма 40 жылға жақындап қалыпты. Сонау Кеңестік кезеңде еліміздің түкпір-түкпіріндегі аудандық, облыстық газетте жұмыс істейтін сақа журналистер КазГУ-дің журналистика факультетіне келіп, сырттай оқитын. 80-ші жылдары мен өзімнен 10-20 жас үлкен ағаларыма дәріс берген кездерім болды. Олар жасы үлкен болса да, әлі күнге мені ұстаз санайды.

Таңатар аға-досым биыл 70 жасқа толып отыр екен. «Арыс» баспасынан белгілі баспагер, профессор Ғарифолла Әнес хабарласып, Таңатардың «Аспан керген азаттық» атты өлеңдер кітабына алғысөз жазып беруімді сұрады.

Кітап қолжазбасын қолға алып, оқып шықтым. Жыр жинағы «Ой жүздірген отыз жыл», «Өмір сабағы. Сезім шуағы», «Өткен күннің белгісі», «Тәжтажал күнделігі», «Балалар – бағымыз», «Тағдырластар жайлы толғаныс» атты алты бөлімнен тұрады.

Таңатар Атыраудың Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ол жерден атақты ақын Жұмекен Нәжімеденов, қайталанбас сыншы Зейнолла Серікқалиев, талантты жазушы, драматург Рақымжан Отарбаев шыққан. Таңатар да Жұмекен ағамыз туған Қошалақ құмында дүниеге келіп, Жұмекен оқыған Нұржау ауылындағы мектепте оқыған. Алматыға бір келгенінде, Жұмекен қабір басында былайша толғанады:

Армысыз аға, елден келдім,

Басыңа жеткізді ақыр сергелдең күн.

Көзжасым бар, Сезіммен босап аққан,

Өйткені, арғы тегім Қошалақтан.

img 20240309 wa0031

Ал Рақымжан Отарбаевпен құшағы айқасқан дос болған. Рақымжан елге барғанда, осы Таңатардың үйіне түседі екен. Мына бір шумақ соның дәлеліндей:

Қошалақ бұл, ата-баба мекен ғой,

Еске түссең толқып-толқып кетем ғой.

Араладың бірге келіп ұлыңмен,

Сол келісің қоштасқаның екен ғой, – деп тебіренеді.

Алматыға келгенде, өзінің студенттік жастық шағын еске алып, төгілтіп өлең жазыпты. Оның кейбір шумақтары былайша төгіледі:

Жастығымды сәбидей құндақтаған,

Біз үшін таң атқанмен, күн батпаған.

Алматы студенттік жылдарым ол,

Мен үшін жер әлемде қымбат қалам.

Шырқалды жылдарым мен жарасты әнім,

Нұр жауды төндірген жоқ қара аспаным.

Таба алмай шығып кеткен пәтерімді,

Есімде түніменен адасқаным.

Жаныма үйірген-ді шуақ қосып,

Тапқанмын бақытымды ұзақ тосып.

Жәнібек, Сансызбайлар қандай еді,

Қалды тек оны білер Қуат досым.

Сынығы сол күндердің бүгін шүкір,

Сеземіз таянарын бір күн тықыр.

Қуат-ау, денсаулыққа не өкпе бар,

Таубайдың сөмкесіндей сықыр-сықыр…

Алматы, айналайын, әппақ қала,

Емемін сағынышымды қақтап қана.

Ассалаумағалейкум, кәрі Алатау,

Ақ тонын сыпырмайтын аптапта да.

Осындағы аты аталған Қуат Мыңтұрғанов досы Доссорда тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын Қуат Алматыға мені іздеп келіпті. Сол сапарында ұстазы, профессор Абдул-Хамит Мархабаевтың үйіне барып, сәлем берді. Бұл енді адамгершілік. Тағы бір аты аталған сол курстың ең жасы үлкені шиелілік Таубай Ортаев бұл курстан қалып қойып, кейінірек бітірді. Белгілі жазушы Серік Байхонов менімен көрші тұрды. Таубай ағамыз сессия кезінде сол Серіктің үйіне келетін.

Таңатар ақкөңіл, адал азамат екенін дәлелдеп келеді. Еліне сыйлы, жұртының алақанында 70 жылдығын тойлағалы отыр. Сол той қарсаңында шығарып отырған «Аспан керген азаттық» атты жыр кітабында ақын тәуелсіздікті жеріне жеткізе жырлайды, туған жерінің әр төбесі, әр ауылын өлеңге қосады, сол жерде туып-өскен тұлғалы азаматтарды өз жырына арқау етеді, тіпті өз кіндігінен өрбіген балалары мен немерелеріне де жыр шумақтарын арнайды.

Бәрі де табиғи, бір тыныспен төгіліп түскен ойлар. Өз басыма Таңатардың өлеңдері шынайылығымен ұнайды. Жаңа кітабың, 70 жылдық мерейлі тойың құтты болсын дейміз, дос-аға Таңатар Дәрелұлына!

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, филология ғылымдарының докторы,

профессор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Алматы қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз