Тарих ғылымындағы теңдессіз туынды

589 Әдебиет

Былтыр елдің тарих ғылымы саласында, дәлірек айтқанда баспасөзінде сүйінші сұрарлықтай жаңалық болды. Белгілі алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнестің жетекшілігімен он кітап – әйгілі «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылдарды қамтитын 7 томы, 5 томды құрайтын «Айқап» журналының 1911-1912 жылдардағы факсимилді 2 томдық нұсқасы және Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің қолда бар сандары толық жинақталған 1 томдық басылымдары қолымызға тиді.

1995 жылы академик Рымғали Нұрғалиевтың редакторлығымен ғалымдар Үшкөлтай Суханбердина мен Сәрсенбі Дәуітов құрастырған «Айқап» кітабы да жарыққа шыққан еді. Әйтсе де, бұл жолғы шығарманың жүгі ауыр. Кітаптың құндылығы сол, онда екі жылда шыққан журналдың барлық саны толығымен жарияланған.

Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін ұлттық газет-журналдар араб қарпінде жарық көрді. Бұл алфавитті білмейтін ғылымға бет бұрған мен сияқты ізденушілер осы тілдің білікті мамандарының көмегіне сүйенді. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорлар бөлімінің бас маманы болған Толқын Замзаеваның еңбегіне ризашылығымды білдіремін және осы кітаптарды құрастырушылар құрамында болғанына қатты қуандым.

Қазақ баспасөзінің шоқтығы биік журналы – «Айқап» Троицк қаласында татар ағайындардың көмегімен «Энергия» баспаханасында ақын, журналист Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен жарық көрді. Профессор Ғарифолла Әнес «Егемен Қазақстан» газетінің (16 желтоқсан 2023 ж.) тілшісі Арман Октябрьге «Арналы мұра ұлтпен бірге жасайды» атты сұхбатында: «…«Айқап» басына бақ қонған басылым десек болады. Сірескен кеңес заманында да оған тиым болмады, 88 саны көпке қолжетімді болды. Сол себепті оның материалдарын негіз етіп ондаған диссертация қорғалды, басылым мен оның шығарушысы Мұхамеджан Сералин туралы кітаптар да шықты. Бірақ ешкімнің ойына оның факсимилді нұсқасын шығарайық деген ой келмеді. Бұл – біздің өткенге, мәдени мұраға деген жадағай көзқарасымыздың көрінісі», – деп, татарлық баспахана қызметкерлері барын салып, қолдарындағы барша ою-өрнек, қаріп кассаларын тегін беріп, журналды түрлі түсті етіп шығарғанына ризашылығын білдіреді.

Журналдың 1911 жылғы 12 және 1912 жылы шыққан 14 санында ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалын, тұрмыс-тіршілігі мен рухани-мәдени деңгейі кеңінен жарияланды. Журналдың негізгі тақырыптары бұқара халықты оқу-ағарту мен отырықшылыққа үндеді. Қала болып отырса қазақ балалары үшін мектеп пен медреселер салынып, олардың сауаты ашылар деген үміт болды.

Журналдың төңірегіне ұлтымыздың зиялы азаматтары Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Бақытжан Қаратаев, Мағжан Жұмабаев және басқа жазушылар мен публицистер шоғырланды. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаевтардың шығармалары көбірек басылды. Қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші Хайыржан Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958)» атты еңбегінде «Айқап» журналының қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, өнері мен тілінің дамуына зор үлес қосқан қызметіне жоғары баға бере келіп былай дейді: «Оның бетінде халыққа білім беру, мәдени-ағарту мәселелері көтерілді. Медицина, агротехника, ғылым мен техниканың табыстарына едәуір көңіл бөлінді. Журналда, сонымен қатар, әйелдердің намысын қорлайтын (қалың мал, бірнеше әйел алу, теңсіз неке сияқты) феодалдық қалдықтарды жою туралы көптеген мақалалар жарияланды».

«Айқапты» парақтай отырып, Орал губерниясының құрамында болған Гурьев уезі туралы мол деректерге кездестім. Солардың бірқатарына тоқтала кеткенді жөн санадым. Журнал тілшілері халықты отырықшы болып, егіншілікпен айналысуға, мал шаруашылығын дамытуға назар аударды.

1912 жылы шыққан журналдың №3 санынан бастап жарияланған тілші Қозбағар Жастабановтың «Тағы да қазақ жері жайынан» атты мақаласының жалғасын тапқан №5-6-7 сандарда «Гуриев үйезі» атты мақала да бар. Оқып көрелік: «Гуриев үйезі құбыла жағынан Атырау теңізі Закаспи облысы, күн шығыс жағынан Темір үйезі, темірқазық жағынан Ілбішін үйезі, күнбатыс жағынан Бөкейлікпен шектес. Гуриев уезінің жерінің беті судың толқынындай ойлы-қырлы. Көбіне тегістік, биік тау жоқ. Жемнің төменгі жағында оң бетінде Иманқара, Қойқара һәм Сарыниаз деген төбелер бар. Сонан басқа жерлері кілең тегіс дала, өзен-сулардан Жемнің айағы, Шындәулет моласынан төмен қарай (125 шақырымдай) Қайнар (ұзындығы 45 шақырымдай), Тайсойған құмының шымын Ойылға құйатұғын Қарабау ұзындығы (80 шақырым), Сағыздың топырақ сағасының төменгі жері (ұзындығы 145 шақырым) солар бар.

Гуриев үйезінде Тайсойған деген құм бар. Ұзындығы Жанкелдінің басының тұсынан Ойылға шейін 85-90 шақырымдай, ені 50 шақырымдай, тағы Сағыздың төменгі жағында бір бөлек кішкентай құм һәм Жемнің оң жақ етінде жағалай бір азырақ құм бар…»

Автордың бұл мақаласы журналдың №6 санында да жалғасын табады. Сол кездері уезде 17 болыс болғанын көрсетеді. Атап айтқанда, Қызылқоға, Кермеқамыс (Кермеқас болуы мүмкін), Қарабау, Есбол, Сенберді (Сімбірті), Гуриев, Қаратөбе, Бұлан, Қарабайлы, Жаршық, Жем, Ақбас, Жем-Атырау, Қарашағыр, Ақжал һәм Бестөбе.

Олардағы қоныстанған халықтың ру-тайпасын да анық көрсетіпті. Мысалы, Қарашағыр болысы Шорын (Әлім), Ақжал һәм Бестөбе болыстары Кете, басқа болыстар Байұлына кіретінін көрсетіп, оның ішінде Жаршық һәм Жем-Атырау болыстары Таз, Қарабау болысы Есентемір, Тайсойған, Сенберді болыстарының көбі Беріш, Ысық, Шеркеш рулары екенін көрсеткен. Гурьев уезіндегі қазақтардың пайдасындағы жер – 5385522 десятина. Жоғарыда көрсетілген 17 болыста адам саны – 125384, ал түтін саны 25077 болған екен.

Тілші өз мақаласында үй басына қанша мал бар екенін білмегендігін алға тартып, «Гуриев үйезінің елін шетінен бай деуге болмайды, қарасы жоқ жарлысы да бар һәм шетінен жарлы деуге де болмайды, мың қарасы бар байы да бар» деп, малшы қауымның тағдырына алаңдаушылық білдіреді. Сөйтіп Гурьевтің көшпелі елі малын жайлап отырмаса қиыншылыққа тап болатынын ескертеді.

Журналдың беттерін ақтара отырып, сол кездегі ауыл тұрмысынан көп хабарлар басылғанына куә болдым. Солардың арасында оқу-білімге бас қойған азаматтар туралы да деректер берген. «Айқап» журналының 1912 жылы шыққан №12 санында тілші Жұбекен Тілеубергенов «Опат болғандар» атты мақаласын жариялапты. Онда автор:

«…Өткен сентиабыр (мизам) жұлдызының 5-нде Бейсенбай ахун Жанетұғлы дүниадан қайтты. Алла тағала топырағын да жеңіл қылып, қалғандарына көркем сабыр берсін. Марқұм Шеркеш ұрығы, Қылышкескен тайпасы, Қарақалпақ аймағының Гурьев уезі, Қызылқоға болысының 9-ншы ауылының адамы болады. Жасынан атасының ыждағатымен мұсылманша жамиғаты да «Мәулім» ишан, Алаша да, «Едіге» хазіреттен дәріс алып, солардың хатшысы. Міне, Хиуаға барып бес жыл жатып, ғылым тахсил етіп қайтқан бір задтар. Елге келген соң мектеп, медресе ашып, дәріс етіп дүнианың бір түбегіндегі жатқан халық үшін жанын, малын сарп етіп, һәм жерге зор, зор ғылымдар тартуға себеп болған. Мынау Қызылқоға болысындағы марқұм ахун Жанасев, Тұрғали ахун Сәулетпаев, Қаракөл болысында Құрманғали ахун, Тайсойған болысында Ахмет Түйеқұлақов деген ахундар, барлығы да осы кісіден ғылым ғасыл еткен. Бұлардан да байтақ моллалар дүниаға таралып, халық арасына ислам төрінің орнасуына себеп болып тұр», – деп жазып, одан әрі дүниеден баз кешкен ғұлама жанның жақсы мінезі, көркем келбеті, табиғатының кеңдігі, халық үшін еңбек еткенін мақтаныш етіп, «осындай бір ғалымның халық арасынан жоқ болуы халық үшін зор шығын» деп өкінішін жеткізген.

«Айқап» журналы қазақ даласына кеңінен таралып, қиын-қыстау заманда қыруар қиындықпен дүниеге келді. Патша цензурасының өрттей қаулап тұрған кезінде айыппұлға ілікпей, үкіметтен бір тиын да алмай, жеке адамдардың қаржысымен жарыққа шықты. Журнал қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайы, тарихы, мәдениеті мен оқу-ағарту ісі, тілі мен әдебиеті қақында келелі сөз қозғаған, шығармаларының денін ғылыми әрі көркем туынды түрінде жариялады.

Қазақ халқының ұлы ағартушысы, «Халық мұғалімі» атанған Спандияр Көбеев «Орындалған арман» атты кітабында журналдың алғашқы саны қолына тигендегі қуанышын жасыра алмай, «менен артық қуанған адам болды ма екен?» деп тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көргеніне риза болған. «Біздің тарихшыларымыздың да, әдебиет зерттеушілеріміздің де «Айқап» журналын әліде де тереңірек зерттеп, оған дұрыс баға беретіндігіне менің ешқандай күмәнім жоқ», – деген сөзі, міне шындыққа айналғанына уақыт куә.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының  кандидаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз