Жастардың кәсіпке бар таласы…

79 Жаңалықтар

Жастар – ел ертеңі, болашақтың айнасы дейміз, ол рас. Соның астарында еңбек, кәсіпкерлік ұғымдарының жатқанын ұғына алып жүрміз бе?! Қай салада болмасын маңдай терін төгіп жүргендер ғана еңбектің наны тәтті екенін ұғынады. Бүгінде қоғамның қозғаушы күші болып, кәсіпкерлік бағытқа қайрат-жігерімен қадам басқан жастар аз емес. Солардың бірқатары – «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасы бойынша жеңімпаз атанғандар.

Жоба жетекшісі, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мартагүл Қанатованың айтуынша, облыста 15-35 жас аралығындағы ауыл жастары бар. Олардың әлеуметтік бастамасына қолдау көрсету және елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымды қалыптастырып, оларды кәсіпкерлікке бағыттау мақсатында өткен жобаға қатысуға өтінім берген 60 қатысушының ішінен 24-і іріктеліп, комиссияның қарауына жіберілді. Ең жоғары балл жинаған 14 қатысушы грант иегері атанып, тапсырыс берушіге қаржыландыруға ұсынылды. Яғни, жеңімпаздар 500 000 теңге шағын грант ұтып алып, бүгінде әрқайсысы әртүрлі бағытта кәсіп көзін ашуда.

Өнерде жоқ шекара…

Бүгінде Махамбет ауданындағы Ақтоғай орта мектебінде «ASPAP LIVE» жобасы іске қосылып, білім ордасындағы музыка үйірмесінің жұмысы одан әрі жанданып келеді. «Жастар үлесі» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған жас педагог Жұлдыз Сапарбаева белсенділігі төмен, тұйық мінезді, ортаға қосыла алмайтын оқушыларды мектептегі шараларға тарту мақсатында «ASPAP LIVE»-ты қолға алыпты. Ол қазір оқушылардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы іске жұмсау мақсатын көздеп, қазақ халқының музыкалық аспаптары жөнінде кеңінен білім беріп жүр.

– Аспаптардың үнін ажыратып, оны оқушыға меңгерту балалардың музыкаға деген қызушылығын арттырады. Ал, музыка адамның өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастырады. Біз үйірменің ұйымдастырушысы, тәжірибелі музыка пәнінің мұғалімі Базар Ғаббасованың жетекшілігімен жаңадан ұлттық аспаптар сатып алып, жоба жұмысын бастадық. Қазір ансамбль құрамында 23 бала бар, – дейді мектеп тәлімгері Мәдина Қайрекешова.

Шынықсаң, шымыр боласың

Мақаттық жоба жеңімпазы Махамбет Рахмет ауданда «Шынықсаң шымыр боласың» атты дзюдо клубын ашты. Ол облыста жастардың алға жылжуына осындай қолдаулар көрсетіліп жатқанда текке уақыт өткізбей барлық мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтады.

– Бұл жобаны естігенде бірден қызықтым. Сол арқылы жеңімпаз атанып, көптен ойымда жүрген істі жүзеге асырып отырмын. Біз ауданда спорт түрлерін дамыту арқылы көптеген жетістікке қол жеткізе аламыз. Спорт клубын ашқандағы мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып, зиянды әрекеттерден аулақ ұстау. Сондай-ақ жастардың спортқа деген белсенділігін арттырып, жеңіс жолындағы шыңдарды бағындыруға жол ашу. Бүгінде ауданның спорт саласы бойынша жеткен жетістігі көп. Мен де болашақта чемпиондарды тәрбиелегім келді, – дейді жас бапкер.

М.Рахметтің жетекшілігімен құрылған спорт клубында қазір жергілікті ұл-қыздар аптасына үш рет жаттығып жүр. Қазір екі топтың әрқайсысындағы 20 бала спорттық киіммен қамтамасыз етілген.

Жаңа дағды, тың бастама

Бүгінде бос уақытты тиімді өткізудің жолдары өте көп. Исатай ауданының орталығында тұратын Мөлдір Жанұзақова гипстен көрнекі туындылар жасап, үстел теннисіне балаларды ойнатып, қыздарға арт-терапия, яғни шопперге сурет салу жобасын қолға алып, біршама жасты өзінің жанына жинап үлгерді.

Бір қарағанда ұсақ тірлік болып көрінгенімен, бұл жұмыстың маңызы зор. Жобаның тапсырмалары балалар үшін өте қызық. Олардың мүмкіндіктерін кеңейтудің көп қырлы тәсілі бар.

– Семинарлар ұйымдастырып, дене шынықтыру жаттығуларын қолға алып, бірлескен күш-жігерді қосу арқылы өзімізге сенім қалыптастырып, жан-жақты дамыған орта құруды мақсат еттік. Осылайша, әртүрлі дағдыларды дамыту бастамалары арқылы алға жылжимыз, – дейді жоба жетекшісі М.Жанұзақова.

Қайта жөнделген саябақ

Елін сүйген әр адамның іс-әрекеті туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталуы тиіс. Осы мақсатта жылыойлық жастар Тұрғызба ауылындағы саябаққа жөндеу жасауды қолға алды. Сол ауылда тұратын жоба авторы Асылан Бекболатовтың айтуынша, қазір Тұрғызбада 4 мыңға тарта тұрғын болғанмен ауылдағы жалғыз саябақтың жағдайы мәз емес.

– 2021 жылы пайдалануға берілсе де, саябақ тез ескіріп қалды. Орындықтары тозған, қоршауы қираған, қоқыс салатын жәшіктері жарамсыз, жарық шамдары сынған, тіпті балаларға арналған турниктер мен орынжайлар ыңғайсыз күйде. Сол себепті тұрғындар саябақтың игілігін көре алмай отыр. Біздің мақсатымыз осы «Айжұлдыз» саябағына жөндеу жасап, тұрғындардың игілігіне ұсыну болатын, – дейді А.Бекболатов.

Бүгінде жоба аясында ауылдың ерікті жастары және жоба қатысушыларының көмегімен саябақ толық жөнделді. Жарық шамдары толығымен ауыстырылып, қоқыс жәшіктері жаңадан қойылды, орындықтар жөнделіп сырланды, сыртқы қоршаулары дәнекерленді, саябақтың атауы тақтайшаға жазылып кіреберісіне орналастырылды. Нысан ауылдың орталығындағы мектеп және автобус аялдамасына жақын орналасқандықтан үлкенге де, кішіге де кез келген уақытта демалып отыруына ыңғайлы.

Саябақ салу – сауабы мол іс. Өйткені оның саясында халық демалады, шарапатын сезінеді. «Жастар үлесі» жобасы аясында жаңартылған саябақ ауыл тұрғындары мен жастарының демалуына тамаша мүмкіндік сыйлады.

«Digital Talkairan»: цифрлық сауаттылық

Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған трансформациялық бастамада «Digital Talkairan» жобасы қоғамдастықтағы өмірді қайта құруда. Жұмыссыз жастардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған көзқараспен бұл жоба цифрлық саланы қабылдаудың катализаторына айналды. Он бес ынталы қатысушы «e-Salyq Azamat», «eGOV mobile», «eOtinish», басқа да шараларды қамтитын ағартушылық жұмысты қолға алды. Тәжірибелік семинарлар арқылы қатысушылар мемлекеттік қызметтерге онлайн режимде қол жеткізу, электронды қолтаңбаны орнату және құжаттарды қабылдауды оңтайландыру бойынша біліктіліктерін арттырды.

– Digital Talkairan жобасы аясында жоба жетекшісі Асылай Сангерейқызының дәрістеріне қатысып, өзіме қажетті біраз ақпаратты меңгердім. Электронды кілт ашып, онымен үйде отырып-ақ бірқатар жұмысты тындырып жатырмын. Қазір біраз уақытым жеңілдеді, – дейді талғайраңдық тұрғын Салтанат Темірғалиева.

Тобықтай түйін

Бойкүйездікке салынған ел алға баспайды. Сондықтан «Жастар үлесі» жобасы – қоғамға масыл болмай, тың кәсіп көздерін ашудың жолын жастарға көрсеткен басты қадамның бірі. Міне, бір ғана жоба аясында облыста қаншама жас өзінің бағыт-бағдарын айқындап, алға жылжуда. Енді жалындаған жігерлі жас өзінің соңынан ондаған, тіпті жүздеген адамды ілестіріп, бастаған кәсіптерін кеңейте түссе, істің қиюын келтіріп, шаруасын дөңгелентер нағыз «еңбекқор ұлтқа» айналудың бір амалын тапқан да болар едік.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз