Жарсуат, Құрылыс елді мекендері қауіпті аумақта

bez imeni8323230 Жаңалықтар

Бүгінде облыста Жайық бойында орналасқан Индер ауданындағы Жарсуат, Құрылыс елді мекендері көктемгі су тасқынына байланысты қауіпті аумақта тұр. Бұл жерлердегі қазіргі ахуал туралы Индер ауданының әкімдігінен сұрап білдік.

–Аудан бойынша барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 18 950 м қорғаныс бөгеттері бар, олардың барлық құжаты заңдастырылып, теңгерімге алынған. Негізінен қауіпті аумаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бөгеттердің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Бұл жерлердегі қорғаныс бөгеттерін жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттары жасалып, қажетті қаржыға сұраныс берілді. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 42 млн. теңгені құрайды, – дейді аудан әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Әли Жайшылықұлы.

Оның айтуынша, аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша 11200 литр дизельдік отын алынып, барлық ауылдық округке таратылып берілді. Бүгінде қолданыста 33 арнайы техника, 34 мотопомпа бар. Аудан бойынша 11 жиналу-көшіру пункті  құрылған. Сонымен қатар 11 дана төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру құрылғысы орнатылып, дайындық режиміне келтірілді.

Айта кету керек, аудан аумағында көктемгі су тасқынының алдын алу, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір күн тәртібіндегі мәселе бойынша жағдай тұрақты және ахуал жауапты мемлекеттік мекемелердің тәулік бойы бақылауында. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз