«Жаңалық» редакциясында небəрі екі адам жұмыс жасадық…

screenshot 20220301 150108 Жаңалықтар

Пандемия жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарының индустриясы ерекше айтарлықтай трансформациядан өтті. Көпшілік қашықтан жұмыс жасауға көшті. Десе де, телевидениеде қашықтан жұмыс жасау мүмкін емес.

Ел арасында түрлі дақпырт əңгімелер тарамауы үшін ақпарат алудың негізгі көзі – ресми БАҚ-тың жүйелі жұмыс жасауы маңызды. Сондықтан біз алдымызға қоғамдағы жалған хабарларға жол бермеу міндетін қойдық. Пандемия алғаш басталған сəтте көп адам коронавирустың барына сенбеді. Осы себепті адамдарды сақтық шараларын сақтауға, санитарлық талаптарды орындауға қатысты ақпараттарды жедел таратып отырдық.

Ел басына күн туғанда басымызды қатерге тігіп, қызметте жүрдік. Əріптестерімнің бəрі сырқаттанып қалғанда, «Жаңалық» редакциясында небəрі екі адам қалып, жұмыс істедік. Вирус адамның атақ-даңқына қарамайды, бай мен кедей деп бөлмейді, жолындағысын жалмай кетеді. Алты құрлыққа ауыз салған індеттің өршігеніне сенбегендердің көбі соңында сан соғып қалды. Сол себепті тапсырмаға сай, түсірілім тобымен модульдік ауруханадағы науқастардың жағдайымен танысып, репортаж əзірледік.

Түсірілім кезінде көз алдымызда өкпесі қабынған, ИВЛ аппаратына қосылған бір науқас қайтыс болды. Екпе алуға қарсы көрсетілімі бар тұрғындар мен жүктілік кезеңіндегі аналардың қиналғанын да көрдік. Қазір елдегі эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен, дертті түбегейлі жеңген жоқпыз. Сол себепті екпе алу өте маңызды дер едім.

Қымбат ДАЙЫРҚЫЗЫ,

«Қазақстан-Атырау» телеарнасы редакторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз