Ұлттық құндылықтар туралы ұсыныс айтылды

whatsapp image 2021 05 04 at 16.58.23 Жаңалықтар

Атырау облысында өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаңтар айында Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырысы бір уақытта өтіп, қоғамның бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды.

Ұлттық құрылтай мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясында қоғамдағы қордаланған бірқатар мәселеге тоқталып, ұтымды ойларын ортаға салды. Әсіресе, бүгінгі таңда біржақты «қаралау синдромына» ұшыраған дін тақырыбы мен салт-дәстүр төңірегіндегі толғақты мәселелерді бірізді етуді ұсынды.

– Халықты толғандырып жүрген мәселелер көп. Секция отырысында ел үшін аса қажетті деп санайтын бірер мәселені көтердім. Алдымен дін саласындағы терминологияны дұрыстауымыз керек. Себебі, дінді экстремизммен, терроризммен байланыстырып жатады. Шын мәнінде, діннің ол екеуіне қатысы жоқ. Дін дегеніміз ғылым мен білімге үндейді. Осы тұрғыда заңдарға өзгеріс қажет деп есептеймін. Екіншіден, салт дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Бүгінде әркім өз ойына келгенін істеп жүр. Тіпті, кейбір жерлерде анайы көріністерді көзіміз шалып қалады. Айталық, бір-біріне жаңадан құдандалы болып жатқан құда мен құдағайды бір көрпеге жатқызып домалатып жатады. Бұрын-соңды біздің әдет-ғұрпымызда жоқ осындай сорақылықтарға жол беріліп жатыр. Осыған байланысты арнайы бағдарлама қабылдауға ұсыныс бердім. Сол арқылы баланың дүниеге келуінен, қайтқан адамды арулап жерлеу рәсіміне дейін бағдарламаға енгізілуі қажет. Енді кейбір аймақтың тұрғындары ұлттық құндылықтарымызды ұмыт қалдырған. Әлбетте, оған олар кінәлі болмауы мүмкін, кезіндегі саясаттың, идеологияның әсері екендігімен түсіндіруге де болады. Сондықтан, осы ұлттық кодымыз бен асыл мұраларымызды қайта жандандыруымыз керек. Мұны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін зердесіне тоқуы керек деп есептеймін. Үшіншіден, идеологиялық, мәдени жұмыстардың кенже қалып келе жатқандығы да ойлантады. Әсіресе, өңірлердегі моноқалалар мен аудандарда, ауылдарда бұл қатты сезіледі. Белгілі өнер қайраткерлері, мәдени ұжымдар көбінесе шетелге шығып, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында төбе көрсетеді де ауылдық жерлерді ескермей жатады. Айталық, белгілі өнер иелері ауылға барып, үлкен шатыр тігіп, мыңдаған адамға концерт қойып, мықты оркестрлеріміз бен театрларымыз неге өнер көрсетпеске?! Мұндай формат шетелде кеңінен қолданылады ғой, – деді депутат.

Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, халықтың басындағы несиесі мен әлеуметтік проблемаларын ғана айта бермей, мәдени деңгейін де көтеруге атсалысу қажет. Осы мәселелерді секция отырысында жеткізген ол аталған шаруаларды жоспарлы түрде атқару керектігін жеткізді. Өнер қайраткерлері тойды сағалап, ән айтып қана қоймай, халықтың мәдени тұрғыдан да байи түсуіне ұйытқы болуы керектігін депутат баса айтты.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз