Атырауда I республикалық театрлар фестивалі басталды

festivalьььььь Жаңалықтар

Атырауда 13-18 қараша аралығында дауылпаз ақын, жалынды жыршы, күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған I республикалық театрлар фестивалі өтеді. Ауқымды іс-шара аясында алғашқы күні баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

festivalь

Фестивальге алдын-ала іріктеуден өткен жеті театр ұжымы қатысады. Олар – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облыстық Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры, Батыс Қазақстан облысы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрлары.

k3tap

 Баспасөз мәслихатында облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі, «Құрмет» орденінің иегері Темірбек Мұхтаровтың «Суретші көзімен» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ауқымды, мән-маңызы зор фестиваль аясында мұнайлы өлкеге еліміздің танымал театр тарландары келіп өнер көрсетеді. Қазақстанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов және қазылар алқасының мүшесі – көрнекті жазушы, драматург, режиссер Асылбек Ихсанов баспасөз мәслихатына арнайы қатысты.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Мұқанғали Томанов іс-шараның мақсатын кеңінен түсіндірді.

k rermen

«Атырау жері – сонау ғасырлардан бері толағай тұлғаларымен, кесек таланттарымен алты алашқа әйгілі. Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жалынды жыршысы, халқымыздың азаттығын көксеген күрескер, қазақтың өр рухты ақыны Махамбет мұралары – халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы . Бұл фестиваль – ақынның асыл мұраларын дәріптеу, атын мәңгілікке қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр» деді Мұқанғали Томанов.

Өнер мерекелері мен фестивальдер көрерменге рухани ләззат сыйлап қана қоймайды, сондай-ақ саланың маңдайалды тұлғаларының бір-бірімен сағына қауышатын күні болып саналады. Фестивальге театр ұжымдары үлкен дайындықпен келетіні анық. Бір-біріне үлкен мектеп, тәжірибе болары сөзсіз.

5555festv

Фестивальдің алғашқы күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының сахналауында Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемімен басталды.

Нұргүл Насыр

Суреттерді түсірген Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз