Шет елдегі НАУРЫЗ

img 20220318 wa0130 Жаңалықтар

Қазақ көктем мезгілін «жазғытұрым» немесе «жер аяғы кеңігенде…» деп тұспалдаған. Демек Наурыз айы – барлық тіршілік атаулының жанданып, жер-дүниенің жаңаратын кезі. Қыстың ызғары кетіп, адам баласы жаздың шығуын қуана күтеді. ЮНЕСКО көлемінде тойланатын Наурыз мерекесі қарсаңында адамдардың да жүздері жадырап, ерекше көңіл-күйге бөленеді.

Ал, бұл мейрамды шетелде тұратын отандастарымыз қалай атап өтеді? Ө­зге елдегі мерекенің ерекшелігі мен маңызы қандай? Шет жерде жүрген отандастар осы жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

Түркия да тойлай бастады

 Жақсылық Нұртай – Қарағанды облысының Шет ауданындағы Жұмыскер ауылының тумасы. Бүгінде Ыстамбұлдағы ИЛАМ академиясының III курсында оқиды. Оның айтуынша, Түркиядағы бұқара халық Наурызды біздегідей тойламайды екен.

– Ол жақта «Невруз» деп атайды. Бірбірін құттықтағанының өзінде жай ғана алғыс айтып шектеледі. Наурыз мерекесі көп адамдар үшін қалыпты күннің біріндей өте шығады. Алғаш келген жылдары студенттерден Наурыз туралы сұрасам, себебін ешкім түсіндіре алған жоқ. Тек белгілі адамдар ғана Наурыз мерекесін атап өтеді. Орталық Азиядағы түркітілдес мемлекеттермен бірге парсы елдері тойлайтын бұл мерекені күрдтер ежелден бері тойлап жүр. Ал, күрд халқы шекарасының жартысы Сирияда, жартысы Түркияда орналасқан. Кейбір түріктердің түсінігінде бұл күрдтердің, парсылардың мейрамы саналады. Соңғы жылдары ғана түркі халықтарымен байланыстың арқасында жандана бастағанға ұқсайды. Бір жағынан бауырлас, туыс мемлекеттердің барлығы тойлайтын бұл мерекеден шет қалмаудың, оларға жақындаудан туған игі ниет болса керек, – дейді ол.

Жақсылықтың сөзінше, Наурыз мейрамы пандемия кезінде кең көлемде тойланбапты.

– Мен барғалы Ыстамбұл қаласында екі-үш жылдан бері Наурыз мейрамының атмосферасын сезініп көргенім жоқ. Біздің елдегідей бір-бірін құттықтап, көрісіп жатқан халықты көрмедік. Теледидардан ішінара құттықтаулар айтылып жатады. Бұл мейрамның кең көлемде тойланбауының бір себебін дінмен байланыстырады. Айталық, Түркиядағы күрдтердің мейрамында «оттан секіру» əдеті бар. Ал, түрік халқында шариғат бойынша оттан секіру құпталмайтын іс. Отқа табынушылықтан қалған көрініс ретінде көреді, – дейді Жақсылық Хайроллаұлы.

Оның айтуынша, жергілікті қазақтар Анкарадағы елшілік үйінде əрдайым дастархан жайып, мерекелік сый-сияпаттар ұсынып жатады. Ыстамбұлдағы «Бірлік» қазақ жастар ұйымы елдікке, татулыққа ұйыстыратын жиындарға атсалысып тұрады.

– Анадолы еліндегі қазақстандықтардың саны 4 мыңнан асады. Зəйтүнбұрны ауданының өзінде қазақтар көп, əсіресе оқуға келген жастардың басым бөлігі тұрады. Мұнда қазақ диаспорасы індетке байланысты кең ауқымды шараларын біраз уақытқа тоқтатқан болатын. Алдағы Наурызда қазақтар мен жергілікті халықтың басын қосып, атап өтуді жоспарлап отырмыз, – дейді болашақ шығыстанушы.

Наурыз көже пісіретін азамат

Ұлыбританияның астанасы – Лондон қаласында 7 жылдан бері отбасымен бірге тұрып жатқан əріптесіміз, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлының айтуынша, тұманды Альбион жерінде пандемия кезінде 6 адамнан артық жиналуға рұқсат етілмеген. Əдетте, бұл елде қаланың ортасында жиһазы мен бұйымдары көз жауын алатын киіз үйлер құрылып, Наурыз мейрамы жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болады екен. Тіпті, британдықтардың арасында қазақтың киіз үйін жалға алатындары да бар.

– Бұл сан ғасырлық мəдениетке бай елімізді таныпбілуге деген ниеттен туса керек. Тіпті, Наурыз мейрамы кезінде сəбидің тұсаукесер рəсімін жасап, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайтын кездер болады. Атыраулық мұнай компаниясында 7 жыл жұмыс істеген Джон Данхилл деген ағылшын азаматын білемін. Ол қазақтың ұлттық ас мəзірімен етене таныс, мəдени жəне ұлттық салт-дəстүрін де бойына сіңірген. Ұлыстың ұлы күніне арнап наурыз көже пісіріп, қонаққа шақырады. Тұманды Альбион елінде наурыз көже пісіру оңай шаруа емес. Жылқының еті, қазықарта, жал-жая секілді тағамдар да жоқ. Десе де мейрам қарсаңында елден қажетті тағам түрлерін алдырып, бар амалын жасап жатады, – дейді Ғалымжан.

Ол Лондонда қазақтың ұлттық асханасы болмағанымен, жандандырса зор сұранысқа ие болатынын да айтады. Бірер жыл бұрын қазақстандық шеберлер ұйымдастырған қолөнер бұйымдары мен еліміз туралы жазылған кітаптар британиялық қонақтардың көңілінен шыққан. Ал, осы саудадан түскен қаражат Орталық Азия елдеріндегі қайырымдылық жобаларына жұмсалыпты.

– Жуырда Орталық Азия жəне Əзербайжан елінің Наурыз мерекесіне арналған бір күндік фестиваль өтеді. Қатысуға ниет білдіргендерге кіру тегін. Орталық Азия жəне Əзербайжанның дəмді тағамдарынан дəм татып, көркем қойылымдар мен сазды əуендер орындалады, – дейді Глазго университетінің түлегі Ғалымжан Қараманұлы.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

img 20220318 wa0129
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз