Шалшық судан шаршаған жұрт мәселенің шешілуін күтеді

7777777 Жаңалықтар

Аптаның алғашқы күндері толассыз жауған жауын-шашынның салдарынан Атыраудың көшелері шылқыған суға толды. Әлсін-әлсін жарық сөніп, көптеген үй сусыз, жылусыз қалды, бағдаршамдар істен шықты. Бәрінен бұрын табиғаттың тосын мінезі жеке үйлерде тұратындарға қиын тиді. Ал қалалық әкімдік өкілдері жаңбыр суынан тазарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын айтып отыр.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз-ау? Бірақ, сол есті сынды естір құлақ болса ғой! Әйтпесе, жаңбыр жауса, суға кететін Атыраудың басынан бағы тайғалы қашан? Онсыз да күні кеше септикпен «алысып», жерасты суы жер бетінен шыққан тұрғындар «жауын-шашын» болса қайтеміз?» деп уайымдаған еді. Өкінішке қарай, өткен қыста орын алған көрініс бүгін де қайталанып отыр.

– Екі-үш күн үздіксіз жауған қар еріп, ауламыз суға кеткен болатын. Онда шарбақтан 40 вакуум су сорғызып, әзер құрғатқан едік. Су соратын арнайы көлік таба алмай, бір күнде бірнеше жекеменшік вакуум иелеріне хабарласқаным қорқынышты түстей әлі есімнен кете қойған жоқ. Сол кезде үйімізге кіріп-шығудың өзі мұңға айналған. Енді сол жағдай тағы қайталанайын деп тұрған сияқты. Амалымыз таусылғандықтан, баспанамызды саттыққа шығарып қойдық. Бірақ, ол да өтпей тұр. Жарнама пабликтерін ашып қарасаңыз жеке тұрғын үйлер көп. Айдың-күннің аманында осындай халге душар болған жұртшылық  енді не істерін білмей дел-сал күй кешуде. Ащы да болса шындығы сол, бүгінде септиктің суы дәретхананың бетіне шығып, киім-кешегімізді жуа алмай отырған жайымыз бар,-дейді Балауса шағынауданының тұрғыны Гүлнар Иманәлиева.

Әлеуметтік желілер мен телеграм-каналдарда «суды қашан сорады?», «ассенизатор жібере ме?», «үйім суға кетті» деген халықтың жанайқайынан көз сүрінеді. Мәселен, кеше Махамбет көшесі мен Бейбарыс даңғылының қиылысындағы бағдаршам істен шығып, таңертеңгілік уақытта кептеліс болған. Әрине, бағдаршам санаулы сағаттардан кейін қайта қосылғанымен, жұмысқа барар кезде тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Жаяу жүргіншілер жолы ми батпаққа айналса, көшелермен жүріп өтудің өзі оңайға соқпай барады. Себебі, айнала толған су! Тағы бір атыраулық тұрғын вакуумдар суды Құттығай батыр көшесі бойына төгіп жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Қалай болғанда да, қазіргі Атыраудың күйі мәз емес.

Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңбырдың салдарынан қаланың түрлі бөлігінде электр жарығы ажыратылған. Өтінімдер бойынша қалыпқа келтіру үшін 3 ұйымдастырылған жедел бригадасы, 5 жедел көшпелі бригадасы, арнайы техникалар жұмылдырылған. «Бүгінде олар үздіксіз қызмет көрсетіп жатыр» дейді мамандар. Ал, тазарту жұмыстарына жұмылдырылған 46 арнайы техника бірінші кезекте қаладағы әлеуметтік нысандар мен ірі көлемде су жиналған көше бойларын судан тазартуда. Соңғы мәлімет бойынша облыс орталығынан 9 мың текше метр су сорылған. Өткен екі күнде 109 Бірыңғай байланыс орталығына судан тазалау бойынша 932 қоңырау түскен. «Тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Мәселеге қатысты өтінімдер әлеуметтік желі парақшаларымыз бен 109 Бірыңғай байланыс нөмірі арқылы қабылданады» делінген баспасөз хабарламасында.

Қалаға қалың қар жауған кезде «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуов ең алдымен қаланың негізгі көшелері, кейін оң-сол жақ бөліктері тазартылатынын айтқан. Содан кейін ғана арнайы техникалар қосалқы көшелерге жіберілетінін жеткізген еді. Ал, қалада су соратын техниканы мүлдем кездестірмегенімізді айтқан кезде олардың су төгу орындарына кеткенін тілге тиек еткен. Оның үстіне, облыс орталығында жаңбыр жауып, қар еріген кезде тазартатын арнайы техникалар жеткілікті екенін түсіндіріп, сендірген. Алайда, шынайы картинаның ақиқаттан ауылы алыс болып шықты.

Ал, Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшаларында жергілікті мәслихат депутаттары атыраулықтарды осындай сын шақта бірге болуға шақырды. Алайда, шалшық судан шаршаған жұрт осы проблеманың шешілуін, яғни, көше бойларына арықтар салынып, кәріздік, дренаждық желілердің салынуын сарылып күтіп отыр…

Р.S: Жергілікті жерде табиғаттың тосын мінезіне қатысты шұғыл шаралар алынуда. Бірақ, жаңбыр жауса, айдын-көлге айналатын шаһардан жыл сайын сән кетіп бара жатқандай. Сән дейміз-ау, қарапайым суға толы көшелердің шұрқ-тесік жолдарынан өткен сайын сарт-сұрт етіп көлігіңнің астын соққан сәтте оны ойлайтын жағдай болмайды. «Қашан менің қалама жаз келеді? Жазбен бірге жайнайтын шақ келеді?» деп күрсінесің! Иә, дәл солай.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз