Қасым хан қасқая қарсы алады

2020 01 20 tilshi kz Жаңалықтар

Өңірде Ұлттық құрылтай өтетіні белгілі. Осыған орай Сарайшық ауылы тұсынан ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қасым ханның ескерткішін қою жоспарланған болатын. Ескерткіштің үздік жобасын анықтау үшін pеспубликалық ашық конкурс жарияланды. Келіп түскен жобалар облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, үздік дегендері pеспубликалық монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияда қаралып жатқанын жазған едік.

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері XV ғасырдағы қазақтардың билеушісі Қасым хан ескерткішінің жұмыс эскизін бекітті. Бұл сүйінші жаңалықты бізге облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев жеткізді.

Енді Атырау–Орал тасжолының бойынан Сарайшық ауылына кіре берісте Қасым хан қасқая қарсы алатын болады. Қасымхан «бас қала» деп есептеген, басынан 7 ханның дәурені өткен көне Сарайшықта дүниеге келіп, қасиетті шаһардың тылсым аңызға толы ауасының жұпары сезіле қоймаған кезде балалық шағын өткізіпті.

– Ескерткіштің эскизін Бауыржан Кененбайдың басшылығымен «мен» деген астаналық мүсіншілер жасады. Оның құрамында Эрнур Әбдіқасымов, Жасұлан Қалдарбек және Тай Көрпешов бар. Алғашында билеушіні орналастыруға қатысты түрлі нұсқалар айтылды. Дегенмен, ел билейтін хан болғандықтан аттың үстіндегі нұсқадан гөрі, тақта отырған ханның келбеті қолдау тапты. Тендер мен мемлекеттік тапсырыс өткізілгеннен кейін ескерткіш Сарайшық ауылына кіре берісте, елді мекеннің атауы жазылған маңдайшаның жанына орналастырылады, – деді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.

Жалпы, «Сарайшық» дегенде елеңдемейтін жан жоқ шығар. Өйткені, сонау бағзы замандарға бастайтын тарихтың бір ұшы міндетті түрде Сарайшыққа байланады. Бабалардан қалған естеліктерде Сарайшықтай құт мекен, жерұйық тек ертегіге лайықты болса керек. Алтын мұнаралары күнмен шағылы­сып, орыс­тар Мәскеуде ғана бар деп есептейтін Кремльдің түпнұс­қа­сы – әсем қорған-қоршауымен ерек­ше­ле­­ніп, көркем сарайлары, керемет мон­шаларымен, ғажап құрылысы­мен жарқыраған Ақ Жайықтың жа­ға­сындағы алтын шаһарды ертегі демей не десін?!

Сарайшықтағы өлкетану музейіне барған кезде ондағы аңыз бен тарихқа қанығып, сол дәуірге сапарлап қайтқандай болған едік.  Толыбай Достыбаев айтып өткеніндей, жалпы жобасы бекітілген ескерткіш қасиетті жердің туристік  келбетін арттыруға да сеп болары анық.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз