Қағазда бəрі қатып тұр…

rostovs region combain Жаңалықтар

«Атырау өңірінде әзірге менен басқа өсімдіктің жаңа сорттарын шығарған ғалым болған жоқ» деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, бұрынғы Гурьев мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының ғылыми қызметкері Болат Мұхамбетов (суретте) бізге өзінің жүзеге асырып жатқан ғылыми жұмыстары туралы баяндап берді. Оның айтуынша, қазір де шығарған үш сорты бар. Үшеуі де түйе жоңышқа деген шөптің жаңа түрлері екен. Олар «Аркас», «Сарайшық» және «Медовый» деп аталады. «Сарайшық» тісті жоңышқадан пайда болса, «Аркас» ақ жоңышқадан, «Медовый» дәрілік жоңышқадан шыққан.

«Бұл шөптер неге керек?»

– Бұлар қуаңшылыққа төзімді, мол өнім беретін шөп түрлері ретінде ауыл шаруашылығына пайдасы тиеді. Сонымен қатар қазір шөлді жерде өсетін бұтақты шөптердің түрлерін егіп, соны зерттеп жүрмін. «Бұл шөптер неге керек?» десеңіз, қазір жер бетінде алапат қуаңшылық белең алып келеді, – деді ол. Осыдан біраз жыл бұрын Атырау мен Сарайшықтың аралығында бірлі-жарым өсімдіктер өсіп тұратын. Алабұтаның, балықкөздің түрлері болған. Қараматауға дейін шығып тұрыпты. Ал, қазір дала қаңсып жатыр, ештеңе жоқ. «Орталықтағылар «ағаш ек» дейді, ал біздің далалық жерде ағаш шықпайды. Егер шығатын болса осы уақытта көркейіп тұрар еді ғой. Далалыққа ағаш шықпайтынын бір ғана мысалмен дəлелдей аламыз.

Сонау 1955-1960 жылдары академик Дубинин бастаған ғалымдар «Вишневский» деген жерден Атырауға дейін ағаш еккен болатын. Сол аралықта күні бүгін Ақжайық ауданына дейінгі жауын-шашын мол түсетін (мөлшері 260 мм) аумақта ғана ағаш өсіп тұр. Ал, Атырау облысының аумағына кіргенде (мұнда жауын-шашын мөлшері 175 мм ғана) бірдебір ағаш өспегенін көресіз. Ендеше, бізге ағаштан гөрі жартылай бұтақты изен, теріскен, қараматау, күйреуік секілді көпжылдық өсімдіктер егілсе дұрыс болар еді. Осыған назар аударылса екен» деді сұхбаттасушымыз.

– Болат Мұхамбетұлы, кезінде кеңшарлардың, соның ішінде сіз жұмыс жасаған Тəжірибе станциясының да ұланғайыр шабындық алқаптары лиман есебінен суарылды ғой. Қазір лиманға су айдауды қолға алсақ ше?

– Осы мəселені менің де қозғап жүргеніме біраз уақыт болды. Кеңес үкіметі кезінде лиманның арқасында шабындық та, жайылым да суарылды. Оған шыққан шөп кеңшарды былай қойып, ауыл тұрғындарына да жетіп-артылатын. Жұрт тегін шөпке қарық болатын. Бірақ сол кезде де кеңшарлардың əлауқаты жақсы бола тұрып, ол шабындықтар табиғи лимандар арқылы суарылды. Ол қалай дейсіз ғой? Өте қарапайым. Жайық тасығанда сай-салаға су толады. Одан асып, далаға жайылады. Ал, су қайтқаннан кейінгі оның орнына шыққан шөпті көрсең ғой. Мəселен, мынау тұрған Сарайшықтан үш шақырым жердегі «Ұлман» учаскесінде 1957 жылға дейін аттылы адамның бойы көрінбес бидайық өсті. Бүгінде оның елесін де көрмейсің. Бұған бір жағынан табиғи жағдай əсер етсе, екінші жағынан өзіміз қолдан бөгет жасадық. Айналғанда жер қуаңшылыққа ұшырап тынды. Енді кейбір мамандар жаңағы сіз айтқандай «насоспен лиманға су айдаса қалай болар еді» деген ұсыныстарын айтып жүр. Құп дер едік, егер сол насоспен тартатын көл-көсір суың болса. Жайықтың жайы анау. Қазір лиман түгілі, адамның ішуіне су жетпей жатыр ғой.

Кеңшарларды тарату қателік болды

– Соңғы отыз жылда ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген реформалар туралы маман ретінде не айтар едіңіз?

– Бұл сұраққа берер жауабым – мен сол өзгерістердің нəтижесіне көңілі көншімегендердің бірімін. Қателік сонау 90-шы жылдары кеңшарларды таратудан басталкеңды. Байқасаңыз, əлемнің кез-келген мемлекетінде ауыл шаруашылығы мемлекеттен қаржыландырылады. Мұны ғалымдар ертеден айтып келе жатыр. Бұрын кеңес кезінде мамандарды дайындап, қаржыландыратын. Институт бітірген əр маманға жолдама берілетін. Барған жерінде оны жұмысқа орналастырып, баспанасын беріп, үш жылға дейін сол қызметтен босатпайтын. Оның себебі – кемінде үш жыл жұмыс жасаған адам сол саланың білікті маманына айналады. Қай жерге жіберсе де жұмысты алып кете алады. Қазір ше? Оларды бір аудиторияға қамап, теория жүзінде ғана оқытады. Ал, оларды тəжірибеден өткізетін жер жоқ. Өйткені фермерлер мен шаруа қожалықтарының көпшілігі жаңа келген маманға қамқорлық жасайтындай жағдайда емес. Қауқары аз.

Осыдан біраз жыл бұрын мемлекет тарапынан «олардың бəрін біріктіріп, кооператив құрайық» деген ұсыныс айтылды. Ол үшін техника керек, бөлінген қаржы да мардымсыз. Бұл жағдайда бəрін біріктіру қиын. Өйткені əр шаруа қожалығы өзінің жағдайын ойлайды. Сондықтан Үкімет жұмысты өзі бастап көрсетуі керек еді. Ал, қазір шаруалардың көпшілігі делдалдарға жем болып жүр. Бұл өз алдына бөлек мəселе. Əрине, мұны шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес. Бірақ оның да нəтижесі көңіл қуантпайды. Мəселен, қазір коммуналды базар жұмыс жасайды. Ол бағаны тұрақтандыру мақсатында құрылған. Шындығында ол өзімен-өзі болып, өзгелердің бағасына ықпал ете алмады. Яғни бəсеке арқылы бағаны реттейтін нарық заңы жүзеге аспады. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры жөнінде де осыны айтуға болады.

Енді осындай мəселе Америкада қалай реттелгенін айтайын. Оларда саудатранспорттық корпорация деген бар екен. Мəселен, бір ауданда үлкен тоңазытқышы бар қойма жасап қояды. Соған шаруагерлердің малын əкеліп, сойып, сақтайды. Фермерге айтады: «сенен осы жылы пəлендей бағамен аламын, келесі жылы баға қымбаттап кетсе мен саған айырмасын қайтарып беремін». Осылайша, сауда корпорациясы екі ортада фермерлерді алыпсатарлардан құтқарады. Сонда малшы «малымды қайда өткіземін?» деп бас қатырмайды. Оның бар білетіні – малының басын өсіру ғана. Алпауыт елде тракторларды, үйлерді ұзақ мерзімді несиеге береді. Сол арқылы шаруаларды қажетті техникамен қамтамасыз еткен. Осының нəтижесінде Америкада қазір шаруалар техника мен 100 пайыз қамтылып отыр. Бұл жағдайлар бізге қол жетпес қиялдай болуы мүмкін. Дегенмен аталған ел оны жүзеге асырды ғой. Бүгінде оның тəжірибесін өзге мемлекеттер де қолға алған.

Мал азығы қайдан, қалай дайындалады?

– Мені бір қынжылтатыны – кейбір ауыл шаруашылығына қатысты мəліметтердің өмір шындығымен сəйкес келмейтіндігі, – дейді Болат Мұхамбетұлы. – Осыдан біраз жыл бұрын бір жиналыста «шаруашылықтар 556 мың тонна ірі сабақты мал азығымен қамтамасыз етілген» деген ақпарат айтылды. Таңғалдым. Неге десеңіз, кеңес үкіметінің тұсында Атырау облысында жылма-жылғы жоспар бойынша кеңшарлар 540 мың тонна кептірілген құрғақ шөпті қысқы мезгілге дайындайтын еді. Сол кезде осыншама көп мөлшерде шөп дайындау үшін əр совхозда бір-бірден гараж, онда кем дегенде 50-70 трактор, 40-50 машина болатын. Осыншама тракторист, шофер, слесарь, токарь, машина-трактор ауласының меңгерушісі, тағы басқа мамандар бірлесіп, сынған техниканы оңдап, шөп жинауға бір үйдің адамдарындай жұмылушы еді.

Сол кезде шөп облыста (1978 жылғы мəлімет бойынша) 2682 трактор, оның ішінде 209 дана К-700, К-701 тракторлары, 1930 дана шабу, 625 дана тайлау агрегаттары көмегімен дайындалатын. Аталған ауыл шаруашылығы техникаларының саны 1991 жылға дейін жылма-жыл еселеп өсіп отырды. Оның үстіне мұндай мөлшердегі шөп 0,5-1 миллион гектар далалық жайылым мен шабындықтардан (75 пайыз), 28,8 мың гектар суармалы жерден жəне 79,1 мың гектар лиманнан дайындалды. Суармалы жер өнімінің 25 пайызын қамтамасыз ететін еді. Одан басқа Каспий теңізіндегі «Новинск» жəне басқа аралдарда шөп шабылатын. Сол кезде қойдан басқа мүйізді ірі қара, жылқы, түйе саны қазіргімен шамалас дегеннің өзінде, əр отбасындағы жеке мал санын қоспағанда қой саны қазіргіден 3,5 есе көп екен.

Сонда деймін-ау, егер суармалы жер бұрынғыдан 19 есе, лиман үш есе азайса, аралдан шөп дайындау мүлдем тоқтатылса, жанаржағармай, тракторлардың саны жеткіліксіз болған соң далалық жерден шөп дайындау еселеп қысқарса, онда осыншама мөлшердегі (556 мың тонна) шөп қайдан, қалай дайындалады? Басқа облыстардан сатып алынатын шөп көп емес, ол жылдық мөлшердің 10-15 пайызын қамтитын болар. Шөпті санына байланысты көп жейтін қой десек, əрі бұрынғыдан қойдың саны 3,5 есе азайса, онда неге шөп бұрынғы мөлшерде дайындалуы тиіс? Қазір əрбір қой бұрынғы мөлшерде шөп жейді дегеннің өзінде де сол кездегіден 3,5 есе аз қойға 556 мың тонна шөп дайындап əуре болмай-ақ, шамамен 220-240 мың тонна дайындаса да болар еді ғой.

Әр аймақтың ерекшелігі ескерілсе…

Рас, мен біздің шаруа қожалықтарының жұмысын жоққа шығармаймын. Олар шама-шарқынша дайындап жатыр. Өндірген көкөніс-бақша өнімдерін аз болса да халық тұтынып отыр. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Президентте биылғы Жолдауында «ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен  тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн. Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жем-шөптің жетіспеуіне əкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тəсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың жəне азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мəселесін пысықтау қажет» деген болатын.

ТҮЙІНДЕП АЙТҚАНДА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР ӘР ОБЛЫСТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ҚАРАЙ ЖАСАЛУЫ ТИІС. МӘСЕЛЕН, СУ АЗ ЖЕРДЕ ШӨЛГЕ ТӨЗІМДІ МАЛ ҰСТАУ ҚАЖЕТ. ОЛ ҮШІН БҰЛ ЖҰМЫСТАРҒА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ МАЙЫН ІШКЕН МАМАНДАР ҚАТЫСУЫ КЕРЕК. СОЛАР БАЙЫПТЫ ПІКІРІН АЙТЫП, ҮКІМЕТКЕ ҰСЫНЫСТАРЫН ЕНГІЗСЕ ЖӘНЕ СОНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҮШІН ЕҢБЕКТЕНСЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН КӨТЕРУГЕ БОЛАДЫ.

Диас НАУРЫЗАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз