Өзгеріс өңірлерден басталғаны жөн

ma11 Жаңалықтар

Өткен аптада сенаторлардың өңірлерге іссапары барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау облысына арнайы келді. Алдымен, Салтанат сарайында облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері және ақсақалдармен кездесіп, елде мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.

Тұрақты өсім – тың серпіннің бастауы

Әлемде қалыптасқан қиын ахуалға қарамастан, былтыр еліміз үшін нәтижелі жыл болды. Ел экономикасы 5 пайызға өсіп, дамудың шешуші секторларында тұрақты өсім болғаны байқалды. Сенат төрағасы осыған мән бере сөйлеп, елдің экономикасына тартылған инвестиция көлемінің де айтарлықтай жоғары болғанына тоқталды. Қазақстан экономикасына былтыр құйылған инвестиция көлемі – 27 миллиард АҚШ долларына жуық. Спикердің айтуынша, өнеркәсіптің өңдеу саласы да жаңа қарқынмен дами бастаса керек.

ma5 1

Қазақстанның саяси кеңістігінде де маңызды реформалар қолға алынып, олар сәтті жүзеге асқан.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты. Жалпы, былтыр  азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуына кепіл болатын жоғары орган – Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әділ әрі ашық бәсекені нығайта түсетін жаңа ережелердің аясында өтті. Алғаш рет халық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлады, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Дамуға бөлінген  7 триллион теңге

Былтырғы жетістіктер мен бастамалар биыл да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуімізге берік негіз болуы тиістігін атап көрсеткен Сенат төрағасы палатада ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын айтты.

– Өткен жылы біз барлығы 92 заң қабылдадық. Оның 28-іне депутаттардың өзі бастамашы болды. Қабылданған заңдардың ішінде Әлеуметтік кодекстің қолданысқа енгенін айрықша атап өтуіміз керек. Бұл құқықтық құжат бізге әлеуметтік саясатты жүйелеуге, көмекке мұқтаж жандарды қолдау шараларын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік берді. Президенттің бастамасымен қолға алынған Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін арнайы заң да әзірленіп, қабылданды. Сонымен бірге, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы маңызды заң қолданысқа енді. Осы бағытта жүргізілген табанды жұмыстардың нәтижесінде 1 триллион теңгеге жуық қаражат елге қайтарылды. Былтыр депутаттар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті бекіткен еді. Соған сәйкес тек биылдың өзіне өңірлердің дамуы үшін 7 триллион теңге қаралып отыр. Бұл бюджет шығындарының 30 пайызға жуығы аймақтарды өркендетуге жұмсалады деген сөз, – деді М.Әшімбаев.

Айта кету керек, былтыр әкімшілік реформаны жүзеге асыруға бағытталған заң күшіне енді. Оған сәйкес Үкіметтің 500-ге тарта функциясы орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге берілді, ол әлі де жалғасып жатыр. Сенат ел дамуындағы басым бағыттарға назар аударып келеді. Былтыр маңызды мәселелер бойынша сенаторлар тарапынан Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданған.

ma12

Биыл еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді. Бұл – Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы жауапты және сенімді серіктес ретінде мойындалуының жарқын көрінісі. Еліміз шетелдік инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптастырады, өзінің барлық халықаралық міндеттемелерін орындап, жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге ықпал етеді. Шетелдік серіктестер Қазақстандағы тұрақтылықты, сындарлы диалог пен жасампаз ынтымақтастықты көздейтін бағдарды жоғары бағалайды.

Атырау – ел экономикасының басты локомотиві. Облыстың ел дамуына серпіліс әкелудегі мән-маңызы талас туғызбайды. Өңір шетел инвестициясын тартудан өзге өңірлермен салыстырғанда көш бастап тұр.

Жоғары палата спикерінің айтуынша, былтыр өңірге құйылған инвестиция көлемі 2,4 триллион теңгені құрапты. Бұл – тартылған инвестицияның 18 пайызы осы облысқа тиесілі деген сөз. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де дәйекті түрде ұлғайып келеді. Соңғы жылдары Атырау өңірінде кіші және орта бизнестің дамуы қарқын алып, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңа құрылыс нысандарының бой көтеруі де өркендеу бағытында жасалып жатқан біршама жұмыстың аз еместігін айғақтайды. Бір жылда пайдалануға берілген 4200-ден астам пәтер, 9 жаңа мектеп пен осынша балабақша, медицина саласындағы 11 нысан – қай салада болмасын жүзеге асқан жұмыстың жақсы екенінің дәлелі.

– Тұрғындарды экология, оның ішінде ауаның ластануы және су мәселесі алаңдатады. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту проблемасы да өзекті. Бұл туралы Атыраудан сайланған халық қалаулылары жоғары мінберлерде мәселені төтесінен қойып жүр. Біз өз тарапымыздан аталған жағдайларды шешуге барынша қолдау жасап отырмыз. Арамызда осы өңірден сайланған сенаторлар Сағындық Лұқпанов, Әлібек Нәутиев, басқа да әріптестерімізбен бірге аймақтың өзекті мәселелерінің шешілуіне тиісті көмек көрсетеміз,  – деп, Мәулен Сағатханұлы облыстың шешімін күткен проблемаларынан да хабардар екенін аңғартты.

Басқосуға қатысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірге арнайы келгені үшін Сенат төрағасына жұртшылық атынан ризашылығын білдіріп, мұнайлы өлкенің ең өзекті мәселелерін Сенатпен бірлесе шешудегі қызметтердің оңынан үйлесім табуына сенім білдірді.

– Өңірде Каспий теңізі мен Жайық өзенінің жағдайы аса мәз емес. Бұл мәселелер бұған дейін талай мінберлерде көтеріліп те келеді. Алдағы уақытта да Сенатпен бірлескен жан-жақты жұмыстар жүргізілуі қажет. Сонымен қатар бүгінге дейін әлеуметтік сала Сенаттың басты назарынан тыс қалып көрген жоқ. Оны өзім тиісті министрлікте қызмет еткенде анық көз жеткіздім, – деді Серік Жамбылұлы.

Салық – халық игілігіне

Жиында жергілікті депутаттар облыстағы бірқатар мәселені көтеріп, көкейдегі сұрақтарын жолдады. Облыстық мәслихаттың депутаты Арман Хайруллин елде өндірілетін көмірсутегі шикізатының 65 пайызы шоғырланған Атырау облысының ел экономикасына қосатын үлесіне айрықша мән беріп, өңірлік қолдаудың да соған сәйкес болуы қажеттігін ұсынды.

– Интенсивті бағытта дамып келе жатқан мұнай өнеркәсібінің өңір экологиясы мен қоршаған ортаға кері әсері де орасан. Мұнай компанияларының қоршаған ортаны ластағаны үшін төлейтін экологиялық эмиссиялары республикалық бюджетке түсіп жатыр. 2021 жылы Экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін Бюджет және Салық кодекстеріне өзгеріс енгізілді. Енді үздік қолжетімді технологияларды енгізген мекемелерге Үкімет 2025-2035 жылдарға дейін эмиссиялар үшін төлемдерден босатады. Атырауда ол шамамен 150 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл жердегі өзекті мәселе – жергілікті жерге түскен салық түрлеріне орталықтың ортақтасуына қатысты. Мәселен, Атырау облысынан 2022 жылы 280 миллиард, ал 2023-2024 жылға 460 млрд. теңгенің көлеміндегі қаржы республикалық бюджетке кеткелі тұр. Ал, бізге экологиялық, соның ішінде инфрақұрылымдық проблемаларды шешіп алу үшін 330 млрд. теңге қажет. Егер қазіргі бюджеттік заңдылықтарға өзгеріс енгізіліп, бізден қаражатты алып қоюларды түпкілікті азайтса, онда өз қаражатымызбен қордаланған бірқатар мәселенің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік туар еді, – деді А.Хайруллин.

ma4

Жергілікті мәслихат депутаттарының ұсынысын тыңдаған Сенат төрағасы еліміздің саяси-экономикалық даму стратегиясы туралы түсінік берді. Облыстағы ең өзекті мәселелердің назардан тыс қалмай, республикалық бюджет тарапынан шешімін табуына оң ықпал ететінін атап айтты.

Айта кеткен жөн, биыл мәслихаттардың жергілікті өкілді орган ретінде жұмыс істей бастағанына – тура 30 жыл. Соған байланысты наурыз айында Астанада ауқымды конференция өткізу жоспарланған. Жалпы, Сенат қазір мәслихаттармен жұмысты жандандырып жатыр.

– Біз мәслихат депутаттарын заңнамалық жұмысқа тарту ісіне баса мән беріп отырмыз. Ел үшін маңызды құқықтық құжаттарды сапалы әзірлеу – Парламенттің басты міндеті. Алдағы уақытта салық, бюджет, қала құрылысы, су кодекстері секілді маңызды құжаттар қабылдануы тиіс. Олардың жобаларын қарау кезінде жергілікті мәслихат депутаттарының пікірлерін де ескеруге дайынбыз. Мұның барлығы елдің бүгінін берекелі, болашағын баянды етуге мүмкіндік береді. Ендеше, ел игілігі жолында бірлесіп, нәтижелі еңбек етейік, – деді Мәулен Әшімбаев жиынды түйіндеген сөзінде.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

Сенаторлар өңірдің белсенді, дарынды жастарымен де кездесіп, аймақты одан әрі дамыту, заң шығаруды жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі идеяларды талқылады. Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен жиында Мәулен Сағатханұлы Қазақстанда жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екеніне айрықша тоқталды.

– Қазір елде белсенді, әрі білікті жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалған. Менің білуімше, мұнайлы өңірде «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы қолға алынғалы 100-ге тарта жас баспаналы болды. Сонымен қатар елде Президенттік жастар кадрлық резервін айрықша атап өткен жөн. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарында жастардың болуын қамтамасыз ететін заңнамалық нормалар да қабылданды. Сенат тарапынан да белсенді жастарды қолдауға арналған жобалар іске асып келеді. Өскелең ұрпаққа зор сенім мен жауапкершілік жүктелетінін баса айтқым келеді. Жастардың бойындағы сондай дұрыс ұстанымдар мемлекеттің дамуына тың серпін берері анық,  – деп атап өтті М.Әшімбаев.

Атырау облысының ел дамуындағы орны ерекше. Қай кезеңде де осы аймақтағы тарихи тұлғалардың есімі айрықша аталады. Бұл өлке Исатай мен Махамбет батырлардың ерлігіне де куә. Бұл – белгілі қоғам қайраткерлері мен зерделі жазушыларды да дүние келтірген қасиетті өңір. Олардың қатарында Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов, Әбу Сәрсенбаев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов пен Хиуаз Доспановалар бар.

– Осындай өңірде туып-өскен ұланның осал болмайтыны анық. Бүгінде елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсат-міндеттерінің нәтижесінде бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр. Жастарды мемлекеттік шешімдер қабылдау жұмыстарына тарту – басты назарда. Былтыр жастар кадрлық резервіндегі 264 жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналасты. 31 жас саяси лауазымдарға қызметке тұрды. Мәселен, жастар резервінен алынған Максим Споткай бүгінде Сенат аппаратының басшысы қызметінде белсенді еңбек етуде. Жастар кадр резервінде Атырау өңірінен де осындай білікті, белсенді азаматтар ойып тұрып орын алуы тиіс, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Басты қағида – өмір бойы үйрену

Басқосуда жаңа Қазақстан құруда жастардың сапалы білім алуға басымдық беруінің маңызы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір жастар озық ойлы болуы тиіс, тар көзқарас заманға қайшы. Жастар қашан да кең ойлап, жаңа идеяларды қабылдауға дайын тұруы қажеттігін алған тартқан Сенат төрағасы бүгінгі қоғамда «өмір бойы үйрену» деген қағидамен жүрудің мән-маңызы туралы айтты.

– Жастар оқу орнын бітіріп, қызметке орналасумен ғана шектелмеуі керек. Кәсіби біліктілікті арттырып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Әр адам өзін-өзі дамытып, жан-жақты болуға ден қойғаны жөн. Сонымен қатар, жастарға белсенділік те аса қажет. Өйткені адам қашан да қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адамдарға, мұқтаж жандарға қол ұшын соза отырып, қоршаған ортаны қорғау қағидасы да әр жастың негізгі ұстанымына айналуы тиіс, – деді спикер.

М.Әшімбаев тарихқа көз жүгіртіп, небәрі 30 жыл ғұмырында жұлдыздай жарқырап көрінген Шоқан Уәлиханов, жастайынан-ақ озық, терең ойлы болған Алаш арыстарының еңбегін де көпке үлгі етті.

Сондай-ақ Сенат жанындағы талдау мектебі мен Жас сарапшылар клубының жұмысы туралы сөз қозғалып, бұл жобалар жастардың әлеуетін ашуға және оларды палатаның заң шығару жұмысына тартуға бағыттаудағы тиімділігі туралы да айтылды.

Кездесуге қатысқан жастар бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін алға тартып, олардың шешімін табуына ықпал етуді сұрады. Мәселен, қыздар арасындағы ерте жүктіліктің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, синтетикалық есірткіге заң шеңберінде қатаң тосқауыл қою мәселелері көтерілді.

– Жастар білім алмай, кәсіп жасамай, алға талпынбай теріс әрекеттерге бой алдыра берсе, мұндай елдің болашағы бұлыңғыр болуы заңды. Сіздер көтеріп отырған мәселелердің шеңберінен шыға алмай, әлеуметтік желілерде «жұлдыздардың» өмірін тамашалап уақытты текке өткізу ешкімді де алға бастырмайды. Сондықтан өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуы үшін оларға мемлекет тарапынан, аға буын өкілдері тарапынан жан-жақты бағыт-бағдар берілуі тиіс. Синтетикалық есірткіні таратуға тосқауыл қойылуы қажет. Бұл үшін құзырлы органдардың жауапкершілігін арттыру әлі де пысықталады, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Сенат төрағасы жастар арасында орын алып отырған мәселелерді саралай келіп, оның алдын алудың бірден-бір жолы – ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілетудің, үздіксіз білім алудың және кәсіби өрлеу үшін заманға сай жаңа дағдыларды игере білудің маңызын бірнеше мәрте атап көрсетті.

Ал, жастардың тарапынан «Атырау–Құлсары» бағытындағы тасжолды кеңейтуге байланысты қойылған сауалға орай облыс әкімі Серік Шәпкенов жауап берді.

– Республикалық маңызы бар Атыраудан Доссорға дейінгі жолды төрт жолақты ету жұмыстары әзірге қарастырылып жатыр. Бұл мәселе тиісті министрлікке де етене таныс. Алдағы уақытта шешімін табады деп сенемін, – деді Серік Жамбылұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз