Облыс аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі талқыланды

imgl8786 scaled Жаңалықтар

Бүгін, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев облыс аумағындағы тас жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.

– 2023 жылдың үш айында жол-көлік оқиғаларының саны 15,2%-ға азайды. Яғни, қаза болғандар саны 80,0%-ға, жарақат алғандар саны 7,1%-ға төмендеді. Жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының 579 шақырымында, «Атырау – Орал» тас жолының 6,9,11 шақырымында және облыстық маңызы бар «Атырау – Индер» тас жолының 17 шақырымында «Кордон» жылдамдықты өлшеу құралдары орнатылды. Сондай-ақ, республикалық және облыстық маңызы бар қала сыртындағы трассалардың 275 нүктесінде көлік құралының жүру жылдамдығын есептеуге қабілетті «Сергек» жылдамдық-өлшеу құралын орнату үшін ұсыныс жіберілді, қазіргі уақытта аталған құрылғыларды орнату үшін жауапты «Көркем- Жайық Телеком» мекемесімен қызметтер атқарылуда, -деді Н. Оразбаев.

Облыс әкімі жол-көлік оқиғасы азайғанымен зардап шеккендердің саны артқанын атап өтті. Соған сәйкес жауапты басшыларға көлік жүргізушілерін жан-жақты тексеріп, такси қызметіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, баласын рөлге отырғызған ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізуді, жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды.

– Тас жолда көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Соның салдарынан қайғылы оқиға көп тіркеледі. Такси қызметіне бақылауды күшейту керек. Көлік жүргізушілермен сөйлескенімде, олар халық жылдамдықты көтеруді сұрайтынын айтты. Ал олар адам өміріне жауапты. Сол үшін оларға талапты күшейту керек. Қойылған талап бойынша тексеру қажет. Егер оған сай келмесе жүруге тыйым салыңыздар. Екіншіден, қазір баласын рөлге отырғызатын ата-аналар бар. Балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасын тіркелуде. Мәселен, Құрманғазы ауданында сондай оқиға болып, қайғылы жағдаймен аяқталды. Бала қайтыс болды, ата-анасы қайғыда. Бірінші кезекте заң үстемдігін ұмытпсу керек. Заң аясында шара қолданбасақ мұндай оқиғалар қайталана береді. Ата-анаға жауапкершілікті күшейту керек,-деді С.Шәпкенов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз