Мысырды билеген сұлтандар

ed563c83 0810 4acb 8bef 386aafcb1aa2 Жаңалықтар

Мысыр елі дегенде алдымен есімізге түсетіні – пирамидалар. Ол түсінікті, себебі пирамида – әлемнің жеті кереметінің бірі. Бірақ Мысырдың тарихы терең. Соның ішінде, оның орта ғасырдағы қоғамдық-саяси өмірінде Мәмлүк сұлтандары ерекше орын алған.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі

595d9e5b f929 4cd7 a579 70741d527eec

Орта ғасырлық Мысыр мемлекетінің құрамына қазіргі Мысыр Араб Республикасы, Сирия Араб Республикасы, Ливан Республикасы, Иордания Хашимит Корольдігі, Израиль мен Палестина жерлері түгелдей кірген. Сонымен бірге, Түркия Республикасының Сирия елімен шекаралас аймағы, Сауд Арабиясы Корольдігінің Мекке мен Медина қалалары орналасқан Хиджаз аймағы, Ирак Республикасының Евфрат өзенінен оңтүстікке қарайғы жерлері орта ғасырлық Мысыр мемлекетіне қараған.

Міне, осы Мысырды 267 жыл, дәлірек айтсақ 1250-1517 жылдар аралығында бүгінгі қазақ ұлтын құрап отырған ру-тайпалар өкілдері билеген. Бұл кезеңді екіге бөліп қарау қалыптасқан.

Бірінші кезең – 1250-1382 жылдар аралығындағы қыпшақ мәмлүктері (беріш тайпасы) билік жүргізген уақыт. Оның ең көрнекті өкілі – Сұлтан Байбарыс. Ескерер жайт, ол елде атақты сұлтан «Байбарыс» есімімен танымал, біздегідей «Бейбарыс» дегенді мүлде қолданбайды.

249dc721 870b 4983 9bab 128ab716d223

Екіншісі – 1382-1517 жылдары Шеркеш сұлтандары басқарған кезең. Оның негізін қалаушы Барқұқ сұлтан. Қыпшақ (беріш) мәмлүктерінің орнына келген Шеркеш сұлтандарының билігі 135 жылға созылған. Олар Мысыр мемлекетінің тарихында айрықша орын алады. Мемлекеттің әлеуетін көтеру, сыртқы жаулардан қорғау, қалалар мен бекіністер, жаңа құрылыс нысандарын тұрғызу ісінде үлкен табыстарға жеткен.

Аз ғана топ болмаса, қалың көпшілік бұл жайдан хабарсыз. Кеңес Одағы тұсында да, тәуелсіздік алған отыз жылда да аталған тақырып мектеп оқулықтарына енген жоқ. Тарихтың көп ақтаңдақтарының бірі болып қала берді. Осы бір олқылықтың орнын аз да болса толтырсақ деген оймен осы елге арнайы іссапарға шығып, көп жағдайға қанықтық. Шығыстанушы, арабист, дипломат Қайрат Сәки, белгілі заңгерлер, танымал адвокаттар Нұрлан Жолболов, Радик Өмірболат және осы жолдар авторы кірген топ бес күн Мысыр елінде, Каир және Александрия қалаларында болып қайттық.

3f9948ed 0ddf 4a60 969b 41f75063dd27

Байқасақ, Мысыр Араб Республикасында Шеркеш сұлтандары дәуіріне үлкен мән берілген екен. Олардың есімдері толықтай сақталған. Барқұқ, Мұнайнад Шайх, Барысбай, Шақпақ, Инал, Құшқадам, Қансұқ, Қайтпай, Қансұқ Гури, Тұманбай және басқа да Шеркеш сұлтандарының  атқарған қызметтері жан-жақты зерттелген. Олар тұрғызған кешендерінің басым көпшілігі мемлекеттің қорғауында.

Мысыр елінің астанасы Каир қаласының көне бөлігінде Шеркеш сұлтандары салдырған мешіт, медресе, сопыларға арналған үйлер, басқа да ғимараттар алғашқы қалпын бұзбастан тұр. Бұл ғимараттар Каир қаласының сән-салтанатын асыруда.

Шеркеш сұлтандары салдырған құрылыс кешендері орналасқан жерді арабтар «мәмлүктер сахарасы» деп атайды екен. Байбарыс сұлтанның заманында бұл ашық далалық жер болыпты. Оны әскерлер жаттығу өткізетін орын ретінде пайдаланған көрінеді. Қалалық кешендер Шеркеш сұлтаны Барқұқ билікке келгесін салына бастаған да, кейінгі сұлтандар құрылыс жұмыстарын жалғастырған. Бұл кешендердің аумағы өте үлкен. Оларға арнайы зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жазылған. Солардың бірі – «Шеркеш мәмлүктер дәуіріндегі мұсылман архитектурасы» атты көлемді зерттеу еңбегін арабтың тарихшы ғалымы Атия Абулхафиз сыйға тартты.

Мысыр мемлекетін ең ұзақ билеген Шеркеш сұлтаны Қайтпай 29 жыл басшылық жасаған кезде Мысыр өз дамуының ең шарықтау шегіне жеткен. Қайтпай сұлтан теңіз сауда жолдары үшін Еуропа елдері және Осман империясымен соғыс жүргізген. Оның кезінде 250-ден астам ауқымды құрылыс кешендері салынған. Соның ішіндегі ең ірісі – Александрия қаласында Жерорта теңізінің қалаға сұғына кірген жеріне тұрғызылған цитадель. Екі жылға созылған бұл құрылыс 1477 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Біздің заманымызға дейін Александр Македонский салдырған маяк орнына тұрғызылған Қайтпай сұлтан цитаделі жақсы сақталыпты, туристердің ең көп барып тамашалайтын мәдени-тарихи ескерткіші. Ол қалаға сән беруімен бірге қомақты қаржы түсіріп тұрған көненің көзі саналады.

Сапар барысында байқағанымыз, мысырлықтар Қайтпай сұлтанды ерекше құрмет тұтады. Оның есімі бірнеше мектепке беріліпті. Сәтін салып, соның бірі – Александрия қаласындағы Қайтпай сұлтан атындағы ұлдар мектебінде болудың да сәті түсті.

Каир қаласында Қайтпай сұлтан салдырған екі кешеннің біріншісі оның бек кезінде салдырған ғимараты екен. Ал екіншісі – сұлтандық құрған кезінде тұрғызылған кешен. Мешіт пен медресе, намазхана, өзі және баласы жерленген қабірстан, қызметшілер мен ат-көлікке арналған орындары бар үлкен ғимараттың сыртқы келбеті мен ішкі әрленуі де келушілерді таңқалдырады.

Қайтпай сұлтанның қабірі орналасқан жерде Пайғамбардың ізі бар қорап тұр. Оны кезінде сұлтанның Меккедегі арнайы өкілі әкеліпті. Қайтпай сұлтан оны 20 мың ділдаға сатып алған. Кейін Осман империясының сұлтаны – Селим Бірінші Пайғамбардың ізін Ыстамбұлға алып кетеді. Бірақ Қайтпай сұлтан оның түсіне кіріп, «бұл – Пайғамбардың қалауы, сондықтан оның ізін кейін орнына апарып қой» деп аян береді. Осыдан кейін Селим Бірінші зор құрметпен Пайғамбар ізін Каир қаласындағы Қайтпай сұлтанның кешеніне қайтарыпты.

7991925e 5f0c 4d22 a3ab b68c23e2f02c

Шеркеш сұлтандары дәуірінен ғажап архитектуралық кешендермен бірге олардың ерлігі мен адамға түсініксіз қасиет-сырларына байланысты сөз де қалған. Соның бірі – соңғы Шеркеш сұлтаны Тұманбайға қатысты. Осман империясымен соғыста 1517 жылы Тұманбай сұлтан сатқындықтың себебінен қолға түседі. Сонда Селим Бірінші өзінің жарлығымен оны Шеркеш сұлтаны Шейх салдырған кешеннің мешіт пен медресе арасын қосып тұрған биік жеріне дарға асады. Тұманбайдың сүйегін Осман сұлтаны сол жерде үш күн бойы асулы күйде ұстайды. Үш күннен соң Селим Біріншінің бұйрығымен дар арқанын кескенде 15-20 метр биіктікте асулы тұрған Тұманбай сұлтанның өлі денесі жерге құламай, тірі адамша екі аяғынан тік түсіпті. Содан бері жергілікті халық арасында «Тұманбайша тұру» деген сөз бар.

Каирдағы 100 мыңнан астам тарихи жәдігері бар Ислам өнері музейі көрген жанның еріксіз таңдайын қақтырады. Музейдің бірнеше залы Шеркеш сұлтандарына арналған. Қайтпай сұлтанның тамғасы, Барқұқ сұлтанның құтысы, Шақпақ сұлтан ұстаған Құран кітабы, Қансұқ Гури мен Тұманбай сұлтандардың қылыштарын осы жерден көре аласыз. Сонымен бірге, сұлтандардың кезінде шығарылған алтын, күміс ақшалар да келушілердің назарына ұсынылған.

3b950e8f afb6 4591 850a 5cebab7502f4

Мұнда Шеркеш сұлтандары салдырған кешендерден басқа Шеркеш бектерінің кешендері (мешіт, медресе, күмбез, зубия) де көп. Олардың барлығы да міні құрамастан жақсы сақталыпты. Өз заманының үздік сәулет өнері үлгісінде салынған Айтумыш, Тарабай, Ақсұңқар, Қашмас, Қорқмас, Жәнібек, басқа да бектердің кешендері әлі күнге дейін көздің жауын алып тұр.

Мысыр елінде арнайы сапармен болған бес күнде 10-ға жуық Шеркеш сұлтаны мен бірнеше бектің кешендерінде болып, жақын таныстық. Олардың көбінің жерленген жерінде болып, рухтарына дұға бағыштадық. Араб ғалымдарымен кездесіп, пікір алмасуды да ұмытқан жоқпыз.

Жат жерде, бөтен ортада, құлдыққа сатылып еріксіз күйге түссе де еңсесін тіктеп, ерік-жігерін жанып тік тұрған ата-бабалар есімі орта ғасырлық Мысыр тарихында алтын әріппен жазылып қалған. Өзге әлем зерттеп, дәріптеп жүрген Шеркеш сұлтандарының даңқты жолдары мен жеңістері, жасампаздық істері туралы өзіміздің білмеуіміз өкінішті. Дегенмен «ештен кеш жақсы» демекші, болашақта бұл бағытта жұмыс жанданып, мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қолдау болады деген үміттемін.

Суреттерді түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз