МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МЕРЕЙІ

Биыл  тіл  мерекесі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті. Бұл жолы Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі тұңғыш «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 25 жыл толуына орай «Тіл – татулық тірегі» атты фестиваль аясында ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және өңірдегі түрлі этностардың өз ана тілдерін дамытуына қолдау көрсету, олардың мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға, ортақ Отаны – Қазақстанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына ықпал ету мақсаты алға қойылған фестивальға облыстық және қалалық мәслихаттарының депутаттары, облыстық басқармалар басшылары, мекемелер, ірі кәсіпорындар өкілдері, ардагерлер, тіл жанашырлары қатысты.

Облыстық мәслихат депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Бекет Кенжеғұлов жиналғандарды Қазақстан халқының тілдері мерекесімен құттықтап, ел бір-лігін ту еткен елдің бірқатар нағыз патриоттарын облыс әкі-мінің, облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады.

Атап айтқанда, «Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясының Іскерлік бедел менеджері Жағыпар Егізбаев, Қызылқоға аудандық мәдениет және тіл бөлімінің меңгерушісі Жәния Ізбасқан, Атырау қаласының №3 орта мектебінің директоры Жанар Сәрсенғалиева, облыс әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының бөлім меңгерушісі Марина Мұғауина, Атырау қаласының №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлмира Тілегенова қоғамдағы тіл саясатын, соның ішінде мемлекеттік тілді насихаттаудағы еңбектері үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, Батыс өңірлік қолбасшылығы басқармасының мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің  басшысы Ақбота Капсаттароваға,  Махамбет аудандық мәдениет және тіл бөлімінің бас маманы Шынтас Жүнісовке,  Н.Жантөрин атындағы филармония басшысының орынбасары Хамил Сүйекбаевқа  облыстық мәслихат атынан Алғыс хат тапсырды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов құттықтау сөз сөйледі. 

Шара барысында Қилымғали Қайненұлы Қазақстан халқы тілдері күніне орай және мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Атырау қаласы мәдениет және тіл бөлімінің бас маманы Құралай Құмарованы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары, республикалық «Ана тілі» газетінің меншікті тілшісі Өтеген Нәукиевті, облыс әкімі аппаратының «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының» директоры Баязи Әбдешевті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Бірқатар тіл жанашырлары облыстық тіл басқармасының Алғыс хатына ие болды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, достықтың нышанына айналған аталмыш шара жергілікті өнерпаздардың ән-жырын тамашалаумен жалғасты. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы жанындағы саябақта атаулы күнге орай ұйымдастырылған ашық аспан астындағы концерттік бағдарлама да қала тұрғындарының көңілінен шықты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз